---
title: "Мамандық таңдауда нені ескеру керек?"
description: "Мамандық таңдау - өз өміріңнің іргетасын қалау. Өзіңнің жүрегіңнің қалауын таба ғана қоймай, аралас..."
author: "Зере Сейсенқызы"
published: "2023-06-22T06:28:25+00:00"
modified: "2023-06-22T06:28:25+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/mamandy-ta-dauda-neni-eskeru-kerek-990583"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/mamandy-ta-dauda-neni-eskeru-kerek-990583/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мамандық таңдауда нені ескеру керек?

> Мамандық таңдау - өз өміріңнің іргетасын қалау. Өзіңнің жүрегіңнің қалауын таба ғана қоймай, аралас...

Мамандық таңдау - өз өміріңнің іргетасын қалау. Өзіңнің жүрегіңнің қалауын таба ғана қоймай, араласатын, бой түзейтін ортаны да табасыз. Дана халқымыз айтпақшы "Дүниеде екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі-жар таңдау, екіншісі-мамандық таңдау." Себебі, болашақ мамандығыңыз өзіңіздің айнаңыз, жейтін қара наныңыз, өмір сүруге ынталандыратын күш. Бірақ, өзімізге керек нәрді қажет жерден сіңіре аламыз ба? Қалай мамандықты таңдаймыз және мықты маман иесі боламыз? Бүгін осы сауалдың жауабын табуға мен, Жас тілші ретінде,оқушы ретінде көмектесетін боламын. Әлемде 40 мыңға жуық әртүрлі мамандықтар бар. Менің таңдаған мамандығым -журналистика. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбесем де, шешімді кеш уақытта қабылдағаныма өкінемін. Мен сауалыма жауап таппай жүрген уағымда уақытымның құрдымға кетіп жатқанын аңғармаппын. Сол себептен, құрметті оқырман! Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, уақытты тиімді пайдаланып шешім қабылдаңыздар. Келесі кезең өзіңізбен тәжірибе алмасу кезеңі. Бұл сатыда сіз түбегейлі таңдаған мамандықты тереңінен зерттеп, танысыңыз. Қанша грант бөлінген, жалақысы қандай, сұранысы көп пе. Осы сұрақтарға назар аударыңыз. Тұлғалармен сұхбаттасып, интернет желісінен көп ақпарат алыңыз. Өзіңізге керегін түйе жүріп, университеттерді қарай жүріңіз. Абай атамыз өзі жазған өлеңдеріне сыни тұрғыдан қарап, сынай білген. Сіз де сол соқпақ жолмен жүріп, өз-өзіңізді қамшылай түсіңіз. Ниет білдіріңіз. Әр нәрсе оңай жолмен келмейді. Оқушы ретінде берер кеңесім Ерте мен кеш пе бейіндік пәндер бойынша ҰБТ-ға дайындықты бастайсыздар. Осы тұста дайындық курстар туралы айтқым келеді. Жарнамаға сенбей, көзбен көріп, қолмен ұстап, жіті ойланып, жеті рет өлшеп бір рет кесіңіздер. Келесі және соңғы саты "Менің қабілетім жете ме?"- деп, өз-өзіңізге сауал қойыңыз. Белгілі бір маман иесі болу үшін бойыңызда қабілет болуы хақ. Мысал ретінде мұғалім мамандығын алайық. Мұғалім-ұлы мамандық иесі. Қоғамдағы рөлі жоғары. Мемлекеттік қызметкер иесі болу үшін баламен қарым-қатынас дұрыс болуы қажет. Баланы жақсы көре білуіңіз тиіс. Ұжымда алғыр, татулықты сүйетін жан болуыңыз шарт. Егер осындай қабілеті жоғары жан болсаңыз, бұл мамандыққа сіз лайықсыз деген сөз. Барлық мамандықтар өте маңызды, кейбіреулері математикалық қабілеттілікті, басқалары шығармашылықты, ал үшіншілері физикалық дайындықты қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандықтар жоқ, тек сіздің көңіліңізге майдай жағатыны да,жақпайтыны да бар. Мамандық таңдауда менің берген кеңестерім керегіңізге жарайды деген үміттемін!

Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №202 мектеп-гимназиясының түлегі.

" Farabi shakirti" Республикалық журналының жас тілшісі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/mamandy-ta-dauda-neni-eskeru-kerek-990583](https://yvision.kz/kk/post/mamandy-ta-dauda-neni-eskeru-kerek-990583)