---
title: "«Мал» деген — жаман теңеу, бірақ «мал болмайды» деген де дәреже бар"
description: "Нұрлан Сәдірді көпшілік санэпидқадағалау саласының маманы, блогер ретінде жақсы біледі. Қазіргі уақы..."
author: "sana_kz"
published: "2016-03-03T05:34:01+00:00"
modified: "2016-03-03T05:43:12+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/mal-degen-zhaman-te-eu-bira-mal-bolmaydy-degen-de-d-rezhe-bar-681074"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/mal-degen-zhaman-te-eu-bira-mal-bolmaydy-degen-de-d-rezhe-bar-681074/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Мал» деген — жаман теңеу, бірақ «мал болмайды» деген де дәреже бар

> Нұрлан Сәдірді көпшілік санэпидқадағалау саласының маманы, блогер ретінде жақсы біледі. Қазіргі уақы...

**Нұрлан Сәдірді көпшілік санэпидқадағалау саласының маманы, блогер ретінде жақсы біледі. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Фейсбук желісінде қоғамның кері кеткен тұстарын уытты тілмен сойып салып отырады. Сынаған нысанын сілейте соғады. Қара сөздің мән-мағынасына терең бойлайтын ойы жүйрік азаматтың тіркестерін газет бетіне жариялап отыруға рұқсатын алдық.**

***

«Мақтамен бауыздау» «мақтаумен бауыздау»-дың қасында түк емес-ау

***

Арыңмен дос болу үшін артың бос болмау керек

***

Жүректі жігіттер азайған сайын өңешті, азқазанды, өкпелі жігіттер көбейе түседі

***

Тауарлардың қақы бар, адамдардың құқы бар. Қақ құқты тапамаса, қақ-соқпен ісіміз болар ма еді

***

Адамдар ақшаны айналдырады, ақша адамды айналдырады. Уақыт екеуін де топыраққа айналдырады. Топырақтан шыққан нәрсенің бәрін адам ақшаға айналдырады. Адам ақшаға айналады. Айналайындар-ау, айналмасаңдаршы!..

***

«Бақыттың ішіне бәрі сияды» дейді. Рас. Біреулердің бақытының ішіне өзгелердің бақытсыздығы да сиып кетеді.

***

Баласын лақтырып кеткенді айыптап, елді лақтырғандар жайлы үндемейтін қоғамды өркениет көп ұзамай үлкен жолдың бойына лақтырып кетеді.

***

- Осы қазекем неге «бес күндік жалған» деп сөйлейді, қалған екі күн ше?

- Өй, ол екі күн демалыс қой. Бес күн жалғанға екі күн жалғанған, жалғанғанның саған да жағатыны жалған емес қой - Иә, бәпше-ты. Тек мараль қандай? - «Жеті күннің бәрін жалған қылма, демалысыңды дұрыс өткіз!» деген сөз

***

Осы минздрав темекінің зиян екені жайлы қоймастан ескертеді де, араққа келгенде неге үндемей қалады. Темекінің қорабына жазылатын жанашыр сөздер мен жаман суреттерді арақтың этикеткасына да түсіруге неге батылдары бармайтынын түсіне алмай-ақ қойдым.

***

Биыл қыс басталар алдында батысқазақстандықтар арғы және бергі жоғарыға қымбаттап кеткен тарифті уайымдап дұға және арыз қылыпты-мыс. Бір қызығы, арғы жоғарыға жасалған дұға бергіге жолданған арызға қарағанда тезірек жетіп, тариф қаншалықты қымбаттаса, ауа райын соншалықты жылытылды (сыртта телегей-теңіз болып еріп жатқанына қарағанда тариф соншалықты қымбаттаған болып тұр ғой, масқара-ай). Ал бергі жоғарыдан әлі хабар жоқ. Арғы жоғарыдағы мерзімінен бұрын көктем әкелуімен айналысқан кезде, бергі жоғарыдағы мерзімінен бұрын сайлау өткізумен айналысуда. Бәлки, бірінші тірлікке қарағанда екіншісінің әбігері көптеу шығар. Былш-былш еткен жерде былшылдаудан басқа ештеңе бітірмейтін біз қайдан білейік

***

Патшалық ресей кезінде де, сәбет үкіметі кезінде де ұлтаралық қарым-қатынас емес, ұлтарақаралық қарым-қатынас болды. Қос қанды империя да қарамағындағы ұлттарды ұлтсыздықтың не өзге бір ұлттың ұлтарағы қылуға тырысып бақты. Сол саясаттың сызы әлі де сезіледі, оны сездірмеуге ұлтарақ ұстанымдардың қауқары жетер емес

***

- Жаңалықтарды неге бет-аузыңызды тыжырайтып қарайсыз, шеше?

- Қайтейін енді, түсініксіз сөйлейді, нақты айтпайды - Мысалмен сөйлеңіз, мысалмен - Мысалы, «әділетсіздік орын алды» дейді де нешінші орын алғанын айтпайды

***

Жасанды жеміс, жасанды сүт, жасанды ет, жасанды киім, жасанды күлкі, жасанды ... Жасасын біздің жасанды өмір!

***

«Мал» деген - жаман теңеу, бірақ «мал болмайды» деген де дәреже бар.

***

- Ау, кімсің, қайда барасың?

- Бірыңғай зейнетақы қорымын ғой, экономиканы несиелеуге кетіп барамын - Несін илеуге кетіп барамын, - дейсің?

- Несиелеуге, - деймін - Оны несіне илейсің, несиелейсің дегенім?

- Мұнайдың құны құлап бара жатыр - Соны сенімен тірегісі келеді, иә? Жарайды, қор құлап кетпесе болды - Иә, қор болып кетпесем, болды ...

***

Тәрбие ісі осы қалпында қала беретін болса, болашақта бала болып көрмеген ересектер мен есея алмайтын балалар пайда болуы әбден мүмкін.

***

Бүгін үшінші сыныпта оқитын ұлым дастархан басында Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері жайлы әңгіме айтып отыр. Оу, бұл бала Балқадиша, Гәккулерді қайдан біледі?!-деп сұрастыра кетсем, «міне» деп үшінші сыныптың музыка оқулығын көрсетіп жатыр. Сөйтсем, бастауыш мектептің оқу бағдарламасының өзінде біраз дүние бар екен ғой. Апырау, қанша жерден көңіліміз толмай жүрсе де егемендіктің аты егеменділік екен ғой! Әйтпесе, бұл баламның жасында мен топпен бірге «По долинам и по взгорьям», «С чего начинается Родина»-ны шырқап жүр едім ғой.

***

Болашақта бәзбіреулердің моласында «бәленше түгенше кезде өмір сүрген» деген жазудың орнына «... өмір сүргізбеген» деген жазба тұруы әбден мүмкін.

***

«Бізде де бағаны көтерді» деп балаларым «алты» алып келе ме деп қорқып жүрмін...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/mal-degen-zhaman-te-eu-bira-mal-bolmaydy-degen-de-d-rezhe-bar-681074](https://yvision.kz/kk/post/mal-degen-zhaman-te-eu-bira-mal-bolmaydy-degen-de-d-rezhe-bar-681074)