---
title: "Махаббатты жырлаған суреттер"
description: "Ғашықтар күні қарсанында әлемнің талантты суретшілерінің махаббат тақырыбындағы туындыларымен бөліск..."
author: "Arsik"
published: "2012-04-13T03:14:11+00:00"
modified: "2012-04-19T04:38:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/mahabbatty-zhyrla-an-suretter-247789"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/mahabbatty-zhyrla-an-suretter-247789/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Махаббатты жырлаған суреттер

> Ғашықтар күні қарсанында әлемнің талантты суретшілерінің махаббат тақырыбындағы туындыларымен бөліск...

*Ғашықтар күні қарсанында әлемнің талантты суретшілерінің махаббат тақырыбындағы туындыларымен бөліскіміз келеді.*

*

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/BrZP3eT7IftJPrddDYeDnIoqefi725.jpg)

*

**«Көктем» (итал. Primavera). Боттичелли. (1477-1478 жж).**

Бұл шығарманың басты кейіпкері – масаты кілемдей құлпырған, жұпар иісі аңқыған тамаша табиғат, көңілге түрлі ой салатын, адам сезіміне ғаламат әсер ететін мұңды көріністер. Дәл ортада махаббат құдайы – Венера, маңында қошамет еткен нөкерлері: Меркурий, Хлорис, Зефир, Флора. «Табиғаттан тыс болмыс жоқ. Адам және табиғат біртұтас» деген бұл теңдесі жоқ шығарма философиялық ой туғызады.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/wNl0N8ZqbswaRrkQ8QooxeXk22yIA6.jpg)

**«Венераның туылуы» (итал. Nascita di Venere). Боттичелли. (1482-1486 жж). **

«Венераның туылуы» атты туындыға дүниежүзілік көркемөнерде идеялық, көркемдік мәні жағынан пара-пар келетін дүниелер санаулы ғана. Грек мифологиясында Венера – сұлулық, махаббат, молшылық құдайы. Ғасырлар бойы халық құлағына сіңген аңыз бойынша, көкжал толқындары көбік шашқан теңіз түбінен шыққан Венера сымбатты да сүйкімді, алтын түсті шаштары желге желбіреп, сұлулық аруы кенеттен көз алдына пайда болған шексіз-шетсіз тамаша табиғат көріністеріне таңырқай да, мұңдана қарайды. Венераның ойлана қалған сабырлы да жарқын жүзінен, мұңға толы көздерінен адамзаттың басынан кешіп жатқан қайғы-қасіреттің іздері байқалатын сияқты. Демек, бұл шығарма тек әсемдікті баяндайтын дастан ғана емес, сонымен қатар ол суретшінің өмір, қоғам, табиғат туралы көзқарастарын айқын көрсететін Шекспир драмалары сияқты, көп ойланып, көп толғанудан туған кесек туынды.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/PCSMVX47cm830L82v2VCf1Pqf60C48.jpg)

**«Сүйіс». Густав Климт. (1907-1908 жж).**

Жаны сұлулық пен құштарлыққа толы Климт өз туындыларын жылтыраған алтын түстес бояулармен салғанды ұнататын. Оның әр еңбегінде үйлесімділік пен әсемдік бірінші орын алып отыратын. «Сүйіс» композициясынан көріп отырғанымыздай, оның туындысы махаббат пен көздің жауын алатын керемет еліктіру күшіне ие.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/3RHS9Iu4bbd7J27CaPixDcUdgsncG2.jpg)

**«Сикстин мадоннасы». Рафаэль Санти. (1503 ж).**

Рафаэль Сантидің бұл туындысындағы Мадонна бейнесі ертеректегі туындылардағы жарқын көңіл-күйдегі, лирикалық мадонналарға қарағанда, айбынды да, ерекше образ болып табылады. Композицияның жоғарғы бөлігіндегі екі жаққа ашылған перде, аспан, сәбиді ұстап тұрған Мария бейнесі құдды бір жаңа дүниеге жол ашатындай. Образдың ішкі жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік береді. Баласының трагедиялық тағдырын сезген ана жүрегінің көріпкелділігінен хабар беріп отырады.

Мадоннаның сол жағында ғажайып сәтке таң қалып тұрған Сикст папасының тұлғасы бейнеленген. Оң жақта ілтипат көрсеткен қасиетті Варвара бейнесі сомдалған. Ал композицияның төменгі бөлігінде жоғарыға қарап отырған екі періште бейнесі көрерменді негізгі образдарға қайта оралтады. Композициядағы мінсіз үйлесімділік пен динамикалық тепе-теңдік, нәзік ырғақ пен қимыл-қозғалыстағы табиғилық, еркіндік осынау әсем образдың біртұтастығын, қайталанбас күш-қуатын құрайды. Ананың сәбиге деген шексіз махаббаты, оны жамандықтан қорғап қалуға барынша тырысқандығы Сикстин мадоннасының күрделі трагедиялық сипатымен, оның жан тазалығымен үйлесімділік табады.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/Nzi7rvioJ7d3auFsT9taQk2wt3ln3F.jpg)

**«Серуендеу». Марк Шагал. (1917-1918 жж).**

Өз сүйіктісі Белла Розенфельдті кездестірген кезден бастап суретшінің өмірі мен өнері өзге арнаға бұрылды. Оның туындылары шексіз-шетсіз, таусылмас мәңгі әңгіме – махаббатқа қарай бағыттала бастады. Әйелі екеуі отау құрып, шаңырақ көтерген сәттен бастап, Шагалдың еңбектеріндегі бейнелер өзінің сүйікті жарына арналып салынған екен.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/WPsA46R5WRUoqF41r1v6pzlbA71nx1.jpg)

**«Көгершін ұстаған қыз». Пабло Пикассо. (1901 ж).**

Пикассо бір кездері әлсіз, қорғансыз бейнелердің өзара жақындығын бейнелейтін суреттерді өмірге әкелді. Суреткер тіршілік иелерінің бір-біріне қорған бола алуы, аялап, әлпештеп, жылулық сезімін бере алуы – тәңірдің адамзатқа берген сыйы деп білген. Дәл осы қасиет адамдардың жауыздыққа толы әлеміне жақсылық нұрын сеуіп, өмірдің қиын сәттеріне төзе білуге жетелейтін асыл қасиет деп сенді.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/YBBAg518lutj6CLLu2Q515j287JCZm.jpg)

**«Қолшатыр». Франсиско Гойя. (1777 ж).**

Франсиско Хосе де Гойя-и-Лусьентес туындылары көркемсурет әлемінде өзінің ерекше орнын тапқан керемет дүниелер. «Қолшатыр» композициясы жастық кезеңнің әсем бір сәтін бейнелеп тұр. Бойларын ынтыққа бөлеген алғашқы сезімдер, жүздерінде жастықтың еш уайымсыз шат күлкісі.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/ID4G8uVG23M292NSZxsc2nS4bavrH2.jpg)

**«Мадонна Литта». Леонардо да Винчи. (1490-1491 жж).**

Суретте екі кейіпкер – Ана мен бала. Күн сәулесі түскен қос терезеден тау жоталары мен аспан әлемін торлаған бұлттар көрінеді. Мадонна Литта – жас ана. Оның албырт жүзі сабырлы, екі көзін баладан алмай, бізге белгісіз ой дариясына шомылғандай. Оймақ ауыз, қыр мұрынды әйел жүзінде сәл ғана күлкі ізі бар. Бірақ өзін-өзі тоқтатып, ұстамдылық пен сабырлылық көрсетіп отырған ананың ішкі дүние сыры бізге жұмбақ сияқты.

![Махаббатты жырлаған суреттер](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/TnGoXcwL2W55jzk5f8vKjLk84z6Mlf.jpg)

**«Екеу». «Күн шығады» сериясы. Қисамединов Мақым. (1968 ж).**

Қисамединов Мақым өз туындыларында шындықты көлегейлемей, күнделікті өмір шындығын беруге ұмтылған. Оның жұмыстарында ән салған бақташы, ғашықтар, көкжиекке көз салып, немересімен қырда отырған әже, киіз үй жанындағы сүт құйып тұрған әйел сынды шынайы өмірді бейнелейтін әсем дүниелер орын алған.

Суреткердің туындылары өз кезінде әділетсіз билік тарапынан қудалауға ұшыраған болатын. Себебі, суретші бейнелерінің формалды шешімі: мерекелерік суреттердегідей жарқырап-жалтырап тұрған жоқ, керісінше, өткір де ширығысты. Қара мен ақ түстер күрт үйлестіріліп, үшкір бұрыштармен, шартты ғана сызылған сұлбалар мен бет-бейнелер боямасыз, сонысымен де күш беретін шындықты танытады делініп, оны «іріп-шіріген Батысқа», нақты айтқанда, Пикассоға еліктеген деп кінәлады.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/mahabbatty-zhyrla-an-suretter-247789](https://yvision.kz/kk/post/mahabbatty-zhyrla-an-suretter-247789)