---
title: "Маңғыстау облыстық стоматология орталығы өткен жылғы жұмысын қорытындылап, биылғы жоспарымен бөлісті"
description: "Стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов өз сөзінде мекеме қызметінің негізгі бағыттарыны..."
author: "News-Aktau"
published: "2023-01-20T09:22:16+00:00"
modified: "2023-01-20T12:55:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ma-ystau-oblysty-stomatologiya-ortaly-y-tken-zhyl-y-zh-mysyn-orytyndylap-biyl-y-zhosparymen-b-listi-982720"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ma-ystau-oblysty-stomatologiya-ortaly-y-tken-zhyl-y-zh-mysyn-orytyndylap-biyl-y-zhosparymen-b-listi-982720/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Маңғыстау облыстық стоматология орталығы өткен жылғы жұмысын қорытындылап, биылғы жоспарымен бөлісті

> Стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов өз сөзінде мекеме қызметінің негізгі бағыттарыны...

Стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов өз сөзінде мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сапалы стоматологиялық көмек көрсету екенін атап өтті. Оның айтуынша, кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту, әсіресе дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша маңызды шаралар қолға алынған.

"Біз тіс ауруларын анықтау және алдын-алу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дәрігерлер үнемі өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа әдістерді енгізуде, протездеудің бірнеше түрі кеңінен қолданылуда. Өткен жылы 10 жас маман жұмысқа қабылданды. Атқарылып жатқан барлық іс-шаралар облыс тұрғындарына көрсетілетін стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және сапаны жақсартуға бағытталған», - деді ол.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/430096/28fcabb574102cfa121e1eaa8622be.jpg)

Егер 2021 жылы дәрігерлердің қабылдауына 74 847 адам жазылса, өткен 2022 жылы бұл сан 74 545 адамды құрады. 2021 жылы 112 адамға уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілсе, өткен жылы 133 адам осындай анықтама алған. Сондай-ақ 2021 жылы 2 291 адам жұмысқа кіріскен кезде алдын-ала медициналық тексеруден өтсе, 2022 жылы 3 223 адам осы қызмет түрін алған. Өңірдегі цифрландыру бойынша ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультативтік көмек көрсету мақсатында облыстың 8 медициналық ұйымына бару ұйымдастырылды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/430096/77113625723b4b8bd065488477eb45.jpg)

Тіс дәрігерлерімен қамтамасыз ету Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 100%, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында 50%, Бейнеу және Мұнайлы аудандарында 40%, Қарақия ауданында 38% құрайды. Баяндамада ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балалардың туу көрсеткіші де атап өтілді. Бүгінгі таңда осындай диагнозбен 297 бала диспансерлік есепте тұр. 2022 жылы 49 нәресте туа біткен кемістікпен дүниеге келген.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/430096/5681c6c3c3d10b9cc73501b23271fb.jpg)

Стоматологтар салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларына белсенді қатысып келеді. Олардың ішінде «Өмір бойына жарқыраған күлкі» республикалық ұлттық бағдарламасын атап өтуге болады. Кішкентай емделушілермен кариестің алдын алу, ауыз қуысының шырышты қабығының аурулары, зиянды әдеттер, ақаулар, кронштейндер жүйесі сияқты тақырыптарда әңгімелер жүргізіледі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/430096/0dfc1500c8a3e018c9d53aff1066ba.jpg)

Балаларға арналған шаралар жиі ұйымдастырылады, онда дәрігерлер өз ұсыныстарын береді, ауыз қуысының гигиенасы ережелері туралы әңгімелейді, қандай тіс щеткалары мен пасталар қолданған дұрыс екендігі жөнінде ақпарат береді.

Биылғы жоспарда сапалы стоматологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларға оқыту және оларды енгізу, мекеменің медициналық менеджментін дамыту, медициналық қызметтерді жоғары стандарттарға сәйкес көрсету, ішкі сапа мен қауіпсіздікті тұрақты бақылау жалғасады.

Айта кету керек, есеп беру жиналысына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева қатысты.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ma-ystau-oblysty-stomatologiya-ortaly-y-tken-zhyl-y-zh-mysyn-orytyndylap-biyl-y-zhosparymen-b-listi-982720](https://yvision.kz/kk/post/ma-ystau-oblysty-stomatologiya-ortaly-y-tken-zhyl-y-zh-mysyn-orytyndylap-biyl-y-zhosparymen-b-listi-982720)