---
title: "Мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына енгізу — А. Калинин"
description: "Біздің мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына..."
author: "kazsportagent"
published: "2014-09-08T02:31:24+00:00"
modified: "2014-09-08T02:31:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ma-satymyz-rt-s-ndiru-t-aru-sportyn-olimpiadany-k-rneki-sport-t-rleri-ba-darlamasyna-engizu-a-kalini-428566"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ma-satymyz-rt-s-ndiru-t-aru-sportyn-olimpiadany-k-rneki-sport-t-rleri-ba-darlamasyna-engizu-a-kalini-428566/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына енгізу — А. Калинин

> Біздің мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына...

[!\[Мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына енгізу — А. Калинин\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/09/20140907172323-300x184.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/09/20140907172323.jpg)

Біздің мақсатымыз — Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына ендіру.

Бұл туралы Алматыда Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өтіп жатқан мерейтойлық X әлем чемпионаты барысында Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясы атқарушы комитетінің директоры Андрей Калинин мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір федерация Халықаралық Олимпиада комитетінің барлық талаптарын орындап жатыр. «Біздің федерация жаңа ұйым. Біз 2002 жылы құрылғанбыз. Қазір Алматыда тұңғыш рет 10-шы әлем біріншілігін өткізіп жатырмыз. Әрине, 2002 жылға дейін де халықаралық жарыстар болып тұрған. Бірақ олар мұндай әлемдік деңгейде емес еді. Бізде де қазір өзге федерациядағылар тәрізді допингтік бақылау комитеті бар. Спорттық-техникалық комиссия жұмыс істейді. Атқарушы комитет шешімдер шығарады. Қазіргі таңда федерацияға 22 мемлекет тіркелген. Біз әлі де көптеген елдермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Неге? Өйткені барлық елде өрт сөндіру-құтқару қызметтері жұмыс істейді емес пе. Сондықтан қатарымыз толығады деген үміттемін. Және ең бастысы, бұл тек қызықты ғана ойын емес, бұл өзіне тән салмағы бар спорт түрі. Ол жанып жатқан ыстық сұйықтықты дұрыс өшіру және биіктікке шығу секілді элементтерден тұрады. Бір сөзбен айтқанда бұл — бірегей спорт түрі. Мұнда спортшылар тек көлденең ғана емес, биіктікке де жүгіреді. Бұл жерде жеңіл атлеттің жылдамдығы, ауыр атлеттің күші және гимнасшының ептілігі қажет. Сол үшін де ол танымал бола түсуде. Сол үшін де біз Халықаралық Олимпиада комитетінің Лозанна қаласындағы штаб-пәтерінде Өрт сөндіру-құтқару спортын Олимпиаданың көрнекі спорт түрлері бағдарламасына енгізу мәселесін көтермекпіз. Бұл біздің арманымыз», — деді өз сөзінде А. Калинин. Дәл қазір Алматының Орталық стадионында Әлем чемпионатының үшінші кезеңі басталды. Түске дейін әйелдер мен ерлер командалары арасында кедергілер арқылы 100 метрлік қашықтықты жүгіріп өту бойынша жарыстар өткен болатын. Бұл жерде украиналық спортшы Сергей Присяженконың мерейі үстем болды. Ол 100 метрді кедергілер арқылы 15,10 секундта жүгіріп өтіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орында белоруссиялық Максим Шапорев, ал қол жүлде чехиялық Павел Крпецтің қанжығасында кетті. Ал әйелдер арасында барлық жүлделі үш орынды ресейлік қыздар жеңіп алды. Бірінші орында Людмила Кирдяшова. Оның көрсеткіші — 17,18 секунд. Екінші және үшінші орындарға Людмила Чикаева мен Кристина Груздева жайғасты. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшылар бұл жолы да жүлделі орындардан көріне алмады. Дәл қазір 4×100 метрлік өрт сөндіру эстафетасы болып жатыр. Кім біледі, мүмкін осы жолы жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантып қалар.

Автор: [Жаппарберген Айбота](http://www.inform.kz/kaz/searchauthor/989)

Басты сөздер: [Алматы](http://www.inform.kz/kaz/searchtag/253) , [Спорт](http://www.inform.kz/kaz/searchtag/290)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ma-satymyz-rt-s-ndiru-t-aru-sportyn-olimpiadany-k-rneki-sport-t-rleri-ba-darlamasyna-engizu-a-kalini-428566](https://yvision.kz/kk/post/ma-satymyz-rt-s-ndiru-t-aru-sportyn-olimpiadany-k-rneki-sport-t-rleri-ba-darlamasyna-engizu-a-kalini-428566)