---
title: "Мәжіліс депутаты туған жерінде"
description: "Бүгін ауданға Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келіп, Жәнібек ауылында бой түзеп жатқан б..."
author: "zko.nurotan.kz"
published: "2021-08-21T11:41:21+00:00"
modified: "2021-08-21T11:41:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-zhilis-deputaty-tu-an-zherinde-945676"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-zhilis-deputaty-tu-an-zherinde-945676/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мәжіліс депутаты туған жерінде

> Бүгін ауданға Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келіп, Жәнібек ауылында бой түзеп жатқан б...

Бүгін ауданға Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келіп, Жәнібек ауылында бой түзеп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Мәжіліс депутаты алдымен 160 көрерменге арналған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/ea031486460a8d18c399f79d02b376.jpg)

Кешеннің құрылысы 2019 жылы басталды. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысан биыл тамыз айының аяғында қолданысқа берілмек. Құрылыс жұмыстарын «Наурыз СКФ» ЖШС жүргізуде.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/4494d9a604427e513c9d8f1bc1bc4c.jpg)

Келесі кезекте Мәлік Иманқұлұлы аудан орталығында салынып жатқан екі қабатты 12 пәтерлік екі тұрғын үйге ат басын тіреді.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/c1ea7f32989358b42ce74d7a45c1c8.jpg)

Нысан ішін аралап, ондағы жұмысшылармен тілдесіп қайтты. Құрылыс 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша басталған. Мердігер болып «ЭнергоРемСервис» ЖШС танылды. Құрылыстың құны 281 млн теңгені құрайды. Нысан тамыз айының аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/2e43b9fe6f26bd86024ec8e1cc719a.jpg)

Құрылыс жұмыстарымен танысып шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар аудан әкімдігінде ауданның ардагерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев халық қалаулысына қош келдің айтып, ауыл ақсақалдарымен жүздесіп жатқанына алғысын білдірді.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/6b209af9ba86f9c6969eb6047fef52.jpg)

Бұдан кейін Тау ауылдық округіне келген Мәлік Иманқұлұлы Қайрат ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған, 1972-1982 жылдары ауылдағы саябақтың негізін қалаған Ару Смайыловаға арналған тақтайшаның ашылу салтанатына қатысты.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/59af8756bedfd058f6accf6a259214.jpg)

Сонымен қатар саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің тізімі жазылған тақтайша, жазғы сахна жаңғыртылуда, субұрқақ жөнделіп, аллея салынып жатыр. Осынау салтанатты шараның құрметті қонағы болған Мәлік Құлшар барша ауыл тұрғындарына жылы лебізін жеткізді.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/7d63a64267d9b9b9b64df4ef334fef.jpg)

-Тұңғыш Елбасымыз айтқандай, осындай бейбіт күнге жетуіміз аға буынның еңбегі, маңдай тері, қасық қанының арқасы. Ендігі үміт жастарда. Аталарымыз салып кеткен сара жолмен жүретін де, елдің болашағын қалыптастыратын да келешек ұрпақ,-деп мәжіліс депутаты өзінің жастардан зор үміт күтетінін айтты.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/67ea4a4fcb07d4766c3ed8b0c46310.jpg)

Шара соңында Тау ауылының тұрғыны Төлепқали Азберген ақсақал келген қонақтарға ақ батасын беріп, сапарларына сәттілік тіледі.

![Мәжіліс депутаты туған жерінде](https://storage.yvision.kz/images/user/440493/eaf38510164fba3b4c66b2d139471a.jpg)

Бақытжан СЕРІКОВ,

«Шұғыла»

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-zhilis-deputaty-tu-an-zherinde-945676](https://yvision.kz/kk/post/m-zhilis-deputaty-tu-an-zherinde-945676)