---
title: "Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек..."
description: "Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы», https://yvision.kz/post/85..."
author: "Masa77"
published: "2020-07-27T09:18:32+00:00"
modified: "2021-03-19T11:45:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-sylman-k-pirde-zho-zh-rek-862239"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-sylman-k-pirde-zho-zh-rek-862239/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек...

> Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы», https://yvision.kz/post/85...

Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы», https://yvision.kz/post/858731; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы», https://yvision.kz/post/859230; «Салуалы ордам қонған жұрт», https://yvision.kz/post/859340; Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! https://yvision.kz/post/860976

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында орыс бодандығындағы үлкен қазақ елінде ақтар жеңіліп, қызылдар толығымен орнады. Олар билікке келісімен аштықтың бірінші кезеңі басталды, 1916 жылғы Үркіншіліктен де үрейлі заман туды. Артынан ұласқан зұлмат қазақтардың бұрын басынан кешірген қияметтің бәрінен асып түсті. Лениннің «жаңа экономиқалық саясаты» аяқталмай жатып Сталиннің ұжымдастыру-коллективизациясы басталып, қатын есімді Шая Ицикович-Голощекин "қазақтар социализмнің иісін де сезбейді" деп «Кіші Октябрь» ұйымдастырып, бейбіт көшпенді халықтың малын тонап, тартып алып, соңы адамзат тарихында болмаған аштыққа әкеліп соқты. Орман елінің бәлшебектері қазақтың үштен екісін жойды, жүз елу жыл бойы ақ патшалардың істей алмағаның бір-екі жылда орындады. Қазақ мұлдем құрудың алдына келді.

Шамасы келген, кеудесінде жаны бар шекараларға жақын отырғандар меже асты - Батыстағылар Ауғанға ауды, Иранға көшті, Ресейге безді, солтүстік-шығыстағылар Сібірге, Итжжекенге дейін бытырады, оңтүстік-шығыстан Алатау, Алтай, Тарбағатай аса көшті. Ғасырдың басынан 1936 жылға дейін - Шың Дубан деген қытай диктаторы Күнгей елінің билігіне келіп, Сталинмен достасып, шекараны бекіткенше – қанша қазақ Шығыс Түркістанға келді – санаған ешкім жоқ. Қазақ кәзитінің 1913 жылдың 2 ақпанында шыққан бірінші нөмірінде сол кезде орыс мұжықтарының зомбылығынан безген «үш мың үйден артық» қашқындар Құлжа мен Шәуешек өңірін паналағаны туралы айтылады. Күнгей қазақтары оларға шамасы келгенше қол үшін берді, сырылып орын босатты.

Менің атам Мәсәлім Би босқындарды Манас пен Еренқабырғаға орналастырам деп әрекеттенгені үшін қытай ұлықтары оны қамаққа отырғаны осы кез болатын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/c18efd8ac3c422cb164c9742e25dd0.jpg)

Мәсәлім Би 1914-жылға, Іле-Тарбағатай Әскери Губерниясы тіке Бейжіңге емес Шыңжаң өлкелік үкіметіне қарағанға дейін, одан кейін де біршама уақыт шекара биі міндетін атқарған. Қытайлар жүктеген қосалқы міндет. Негізгісі - Күнгейдегі Алты Жұмық-Бес Сатының төбе билігі. "Төре - тумысынан, Би болмысынан" дейді. Төрелер Еженханның бұйрығымен Алтай керейлерін басқарды, ал Тарбағатай наймандарының үстінен үкірдайлар қарады. Би атамның кезінде Жұмық тайпасын қытай ұлықтары отырғызған әкімі Еңсеұлы Таңғыт үкірдай болды.

Дуалдық ел билеу тәсілі - арғы заманнан келе жатқан көшпенділердің екі баспен елге иелік етудің көрінісі, тек ертеректе Адат биліктің алдында Әскери билік тұрған, көсемді рубасылары сайлаған. Колониал билеушілері тайпалық әскери билікті жойып, орнына әкімшілік билікті орнатты. Теріскейде орыстар "аға сұлтанды" басында тек төрелерден, "старшын-болыстарды" өздеріне жаққан "жақсылардан" сайлап отырды, би билігін мүлдем жойды. Күнгейде Мәнжу билеушілер қазақтың өзің-өзі басқару жүйесіне көп қол сұқпады, билер билігі (功率) Шың Сы Сай диктаторға дейін (ХХ ғасырдың отызыншы жылдары) сақталып келді. Қалай дегенде осы мезгілге дейін бодандық қамыты арғы жақта Ресейден гөрі жұмсақтау болды. Қазақтар өзімен-өздері күндерін көріп жатты, салық дейтін салық та жоқ - қытай ұлығына жылына жүз қарадан біреуін беріп қойып ата жолымен тыныш өмір сүріп жатты. Түрлі дүмпу мен бүліктер - дүнген көтерілісі сияқты - болып тұрды, дегенмен, Ресейдегідей қиямет Шың Сы Сайға дейін болған жоқ. Мәнжу шенеуіктері қазақ арасында "сайлау" өткізіп те бастарын қатырған жоқ, кім "амбы-даутайға" көбірек пара берсе, соны үкірдайлыққа отырғызып отырды. Сөйтіп, Тарбағатайдың Теріскейінен барған Күшікбайдың ұлы Еңсе губернаторға 300 ат, 200 өгіз беріп, үкірдайлықпен бірге ішкері көшкен қалмақтардың жерін де сұрап алыпты.

Күнгей қазақтарының өзің-өзі билеуінің айшығы - Билер болды. Осы күнгі тілмен айтқанда, «әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі» - сот, төреші, батагөй, шешен, бітістіруші дипломат. Онсыз қалай - жер дауы, жесір дауы болып тұрады. Үкірдайдың төрелігі ондайда жүрмейді -Би керек. "Бір үкірдай" елде - бір Төбе би, әрбір руда - одан төменіректері. Төбе биді солар сайлайды.

Үкірдай бергі жақтын аға сұлтанымен теңдес. Үкірдайлары туралы бір шайыр былай депті: Құймалаған кіселі белбеуі бар, Көпшілігі келеді дөң жауырын.

"Дөң жауырындылар" шамасы келгенше билерді көлеңкесінде ұстап, өз айтқанындарын істетуге тырысқан. Тек Жұмық-Сатыда олай болмаған көрінеді. Кайта, көптеген мәсәлелерде қытай ұлықтары Машын (атамды солай атаған көрінеді) бимен көбірек санасқан көрінеді. Таңғытқа билік әкесі Еңседен қалған. Еңсе үкірдай шекараның ары жақ бері жағын билеген, жұрт жасқанған Алты Жұмықтың мықтысы болған. Бес мың жылқысы, он мыңнан астам қойы, мыңнан асқан түйесі бар жуан. Соншама малға жайылым керек болғанда, көрегендік танытып, қанатын Теріскей емес Күнгейге жайған. Тарбағатайды Шын императорлары кезінде мәнжүрлендіреміз деп әкелген халдайлардың біразы жерсінбей ішкі Моңғолияға көшкенін естіп, Еңсе Шәуешектің жамбылында отырған Амбыға билігіне сыйлық деп үш жүз ат, екі жүз өгіз беріп, халдайлардың жерін басып қалыпты. Тіпті өзіңе қараған Теріскейдегі Ақжар, Зайсан жақтағы Жұмықтың біразын Құлыстайға көшірген дейді. Қытай ұлықтарына жағып, Амбы (губернатор) оны үкірдайлыққа отырғызған. Кейіннен, қажылыққа барып келген соң, Амбымен келісе отырып, үкірдайлықты бес ұлының ортаншысы Таңғытқа өткізген. Еңсе туралы Әрімжан Жанұзақұлы «Қонжа, Еңсеге жан жетпес / Жүрегінің ағына. / Екеуі қатар шығыпты / Жақсылықтың бағына» дей келе, баласы Таңғытқа мынадай баға беріпті: «Тәкеңді Шын сайлаған басшылыққа, / Ереді Алты Жұмық атшылыққа. / Он мың қой, екі мың жылқы кемел дәулет, / Бірақ та ақыл-ойы тапшылықта».

Еңсе үкірдайлықты Таңғытқа бергенде былай деп өсиеттеген екен: «Ел басқаруға бір ғана байлық жетпейді. Жұмықты қолымда ұстаймын десең, Қошқарбайдың ұрлығын тыямын деп әуре болма. Сары Айшуақтан қол үзбе. Мәметектің екі жақсысының басын бір жерге қоспа. Шотай, Әлмәмбет, Қазақбайдан ас-суыңды аяма. Саты мен Қараша жер жағдайына орай өзі келеді». Таратқанда: ұрлықты тыйма, мықтымен араздаспа, тәуірден қол үзбе, керегіне ас-суыңды аяма, қайсы біреуін жер жағдайымен уысыңда ұста, ал қол астындағы жақсыларды бір-біріне қарсы қойып ұста - дегені ғой.

Мен Қытайға барғанда орайы келіп Мәметектердің кішігірім сиязының үстінен түстім. Мәметек руының шежіресін шығарған зиялылар жинала қалыпты. Сол жерде талай дүниеге қанық болдым. Еділ ағам отырыстың көбін таспаға түсіріп алған. Қазір қарап отырып, естігендерімді жадымда жаңғырттым. Шежірешілер көп нәрсені айтты, мен шамам келгенше түйсігіме түйдім. Біз отырғандықтан ба, әңгімелері алысқа бармай Мәсәлім мен Таңғыт заманы туралы болды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/af8cd1e4885299c0ce025d3b713d34.png)

Былай айтылды: Таңғыт әкесі Еңседен билікті ала сала байлығын құрай бастапты. Әкесінде бес мың жылқы, он мыңнан астам қойы, мыңнан асқан түйелері болса, Таңғыттың, Әрімжан ақын көрсеткендей, «кемел дәулеті оң мың қой, екі мың жылқысы болыпты». Аз байлық болмас. Бірақ Таңғыт онымен қанағаттанбапты. Теріскейдегі құдасы Әлімғазымен бірігіп ұры ұстап, екі жақтың малын бір-біріне сапырылыстырып, барымта жасап, ұсталып, ел бірлігін бұзған үшін істі бола жаздап, әрең құтылған екен. Құтқарған Мәсәлім би, - десті бәрі. Тағы бір оқиғаның желісі мынадай: Қазақтар «Қызыл» деп атап кеткен қытайдың саудагерінің төл баласын Таңғыт ұл-қыздарына мұғалім етіп үйінде ұстапты. Ұятты әңгімені өткізіп жіберейін, ұятсыз қытайдың шәңсінің Таңғыттың шатақ мінезді ұлы Қозықан екі бұттың арасынан теуіп ұрып өлтіріп, халыққа өз өлімінен, аурудан өлді деп жариялапты. Қаны қызарған Қызыл бүкіл ағайын-жұрағатымен өздерінің аза тұту рәсімі бойынша «мұрын боқтарын аяғының басына түсіріп, беліне ақ байлап түгелі мүлгіп Таңғыттың есігінің алдына келіп тұрып алыпты». Басында үлкен құн аламыз деп, артынан делебелері қозып, «қанға қан, кегімізді қайтарамыз» десіпті. Қалың қазақ пен саны аз болса да мәртебелі ханзуларды арасында үлкен жанжал туа жаздапты. Мәнжу билігі араласып, сақшылар келіп Таңғытты ұлымен апарып абақтыға қамаймыз дегенде, Мәсәлім би бар беделін салып, екі жақты мәмлеге келтіріп, жанайын деп тұрған өртті сөндіріп, үкірдайды баласымен алып қалыпты. Таңғытты ғана емес мұқым Жұмықты лаудан (құнға ақша жинаудан) құтқарыпты. Солай болды,- десті ақсақалдар.

Атамыз туралы көп әңгіме естідік. Бітімгерлігі мен бейбіттілігі туралы. Сәбит деген бір қарақшы өзіне пышақ салғанда да кешіріпті. Сол уақиғаның куәгері Сатықарашы Жәбен деген аңшы «Биімізге қастандық жасадың, қанға қан», - деп Сәбитті атпақ болғанда, атам мылтықтың аузын қолымен жауып, «қанды қанмен жууға болмайды, ұрпағымыз Яхудидің ұлдары сияқты құл болып тентіреп кетеді. Керегі жоқ, мен бұдан өлмеймін, жаным қалады, кешірім еттім», - депті.

«Құдай сақтасын, кезінде Тарбағатайда Демежан деген үкірдай шыққан», - деп бастады бір ақсақал. Демежан туралы оқығанбыз. Қабдеш аға Жұмаділовтың «Тағдыр» романынан. Мені өмірімде жылатқан үш кітап бар. Бірі - өрім он тоғыз жасымда орысша оқыған Буниннің «Қараңғы аллеясындағы» Парижде жалғыздықтан бақилық болған генерал туралы ғажайып әңгіме, екіншісі - ес жиған жиырма төрт жасымда санамды есеңгіреткен Мағауиннің «Аласапыраны», үшіншісі - орда бұзар отызыма келгенде таң қалдырған Жұмаділовтың «Тағдыры». Соңғы екеуінің финалдарын оқығанда жылағам. Кәдімгідей, дауыстап, жақынымды жоғалтқандай. Ораз Мұхамедті қырық жерден кесілеп өлтіргеннен кейінгі сөздер «Менің Ораз-Мұхамедім жарық дүниеден осылай көшті. Қаһарманның ажалы кәззаптан келді. Ердің түбіне ез жететін көрінді. Әлмисақтан солай екен» деген сөздер жадыма жазылып қалды. Демежанның өтер шағындағы жарық дүниені ұзарту үшін Амбыдан сұранып бір сәт бұлақтын жағасында тұрып арғы жақта ойнап жүрген балаларға, еңкейіп бара жатқан күнге қарап тұрғаны да көкейімнен өшпейді. Лже Дмитрий мен Матен Амбы содан бері менің жеке жауымдай.

Ақсақалдың әңгімесін бұзбай бергенде былай: «Демежанды ұстардың алдында Тарбағатайдың уәлиі Матен амбы төрт үкірдайдың игі-жақсыларын өзіне шақырады. Таңғыт бастатқан төрт үкірдай, зәңгі, би-болыстардың бәрі келеді. Түгелдей амбының жамбылының сыртынан аттан түсіп, қақпаның алдына аттарын түйіп байлап, қамшысына дейін тастап, қақпадан бастап тізерлеп отырып, тоңқаңдап кірмей ме. Ал Мәсәлім болса, Қарабозат деген аты бар екен астында, қақпаның ішіне бұзып кіреді. Атынан түспей қақпадан кіріп, атып шыққан шерікке аттың тізгінін ұстатып, есікке қарай бұрылады. Матен амбы терезеден: бұл қалай екен, - деп қарап тұрады. Еңгезердей Мәсәлім қамшысын сүйретіп, тізерлеген де, түк те істеген жоқ, есіктен кіреді де, Матен Амбыға бүткіл денесімен бұрылып: Малыңыз аман ба? – дей салады. Тоңқаңдап кіргендер орнынан тұрып, кәукілдесіп, бірдемелерін іше бастайды, алын, алын, - деп. Мәте амбы: е, бұның жүрегі не деген жүрек, үкірдай-зәңгінің бәрі маған тоңқаңдап кіргенде, бұнысы қалай? Жарайды, сынап көрейін,- дейді. Кешкі қонақ асқа қойлар сойылады. Оларға қоса амбы бір шошқаны сойғызады. Оның да бас-сирағын үйіткізеді. Бәріне табақ тартпай ма. Бір табаққа шошқаның басын салып, етін салып, айырым жасап, Мәсәлім бидің алдына қояды. Басқалардың алдында қойдың бас-сирағы, жамбасы тартылған. Шошқаның басын көргенде, сонда керейлер де бар, Мамырбек төре бар, табақтарына қарамай, бәрі Мәсәлім бидің алдына тосқан шошқаны басы бар табаққа қарайды. Не істер екен деп тосып отыр. Мәсәлім би болса орнынан тұрып, кіседегі пышағын суырып, тізерлей отырып, табақтағы шошқаның басын жұлып алып бір езуін кесіп, табаққа тастайды, екіншісін кесіп алып, ауызына апармақ қылады. Салмайды ғой бәрібір аузына. Аузына апара жатқанда, Матен Амбы: Тоқтат, қойыңыз,- депті. Мәсәлім: мақұл, - деп, басын табаққа қойып, кесіп алған езуін ұстап отыра беріпті. Жүректі көрмейсің бе? Қолыңыздағыны да тастаңыз, - депті сосын Матен амбы. Матен Амбы тегі жергілікті солан, дағұр дейміз, қазақшаға судай. Депті де, орнынан тұрып: ей, қазақтардың игі-жақсылары, көрдіңдер ме, мына Мәсәлімнің қылығын депті. Иә, көріп отырмыз. Сендердің қандай бағаларың? Бәрі отырады, ештеңе дей алмайды. Сосын Мәтен амбы тұрып айтыпты: Әй, мына Мәсәлімге берілген жүрек, кәпір-мұсылманға берілмеген жүрек екен. Бәрің мәнжүр дәстүрімен қақпадан тізерлеп кіргенде, бұл атпен кіреді. Бұл бір. Түрегеп тұрып амандасады. Бұл екі. Үшіншіден, мен бұның жүрегін байқайын деп, шошқаны бөлек сойғызып, етін әкеліп тартып ем, одан да тайсалмады. Шошқаның басын жұлып алып, езуін езіп, мылжалап отыр. Соңғысының мәнін сендер түсінесіңдер ме? Үкірдай, зәңгілерде үн жоқ. Сендер айтпасаңдар, мен айтайын депті, Мәтен. Мұның айтқысы келгені: кәпір-мұсылман, маған қастық істеймін десеңдер, етіңді жеп, сүйегіңді бүркем деп отыр мына Мәсәлім. Егер мен оны тоқпатпасам, ол шошқаның басын жейді де, менің де ұрқымды құртады мынау. Бұнда бар жүрек – ешқайсыларыңда жоқ. Осыдан бастап мен Мәсәлімге қол берем, қолдаймын, бұдан кейін, Таңғыт, сенікі дұрыс емес, Мәсәлімдікі дұрыс болады. Мәтен Амбы осылай депті. Мәсәлім бидің абыройы осыдан бастап өскен дейді. Таңғыттың Мәсәлім барда билікке қатыса алмайтыны, алдына шығып сөйлей алмайтыны, игі жақсылардың бәрі қолдап кеткені - осыдан екен».

Тағы бір ақсақал қостай кетті: Қай жерде болса да Таңғыт, ол үкірдай, мансабы жоғары, бірақ Мәсәлім отырған жерде сөйлемейді екен. Тарбағатайда би төртеу. Өзі жеті аудан емес пе. Жер дауы, жесір дауы, өлім дауы, осының барлығына Мәсәлім билік айтқан. Таңғыттың билігін қайырып тастап отырған. Содан Таңғыт өштесіп алған.

Айтылған әңгімелерден керемет әсер алдым. Бір сәт Мәсәлім мен Таңғыт өз заманының Абайы мен Оразбайы болып көрінді. Қиялдана келе атамның бұрын мен білмеген қырын көрдім. Бейбіткер Би ғана емес, жауынгер, жұрек жұтқан ессіз қиянқы батыр екен. Арқасында жойқын қалмақты қарумен ғана емес мысымен жекпе-жектерде жеңген бабалары Мәметек пен Буратай тұрса керек...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/791803eb3b655041cc3ebd5fe6890a.png)

Кейін оқыдым: Алтай мен Тарбағатайда бұрын-сонды көшпенділерді қытай ұлықтарының алдына төртаяқтап кіргізуге ешкім бата алмаған. Амбыларды шоны Ши-амбының тұсында да бұндай ғадет болмаған. Бастап берген халдайлар екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/e573f0df78b35001127c2e686eccc9.png)

Халдай дегеніміз Мессопатамияның байырғы көшпенділері емес, Ефраттың бойындағы халиб-халдайлар емес, Мәнжу императорының ішкі өлкелерден "Шыңжанды игеру", шекара күзетуге әкелінген сібе-соландар, орыс казактары іспетті субэтнос. Демежан үкірдай осылармен күресем деп, мұрттарын шауып, тұлымдарын кескен үшін шәйіт болған. Орыс суретшісі Верещагин салған халдайдың портреті.

Қабдеш аға "Тағдыр" романында былай жазады: Ши-амбыдан кейін тағайындалған Матенды күндік жерден Майлы жонында қарсы алады, ол күймеден түсе сала «төрт жақта қатар тізіліп тұрған халдайлар әулеті намазға жығылғандай, ұлықтың аяғын құша төрт тағандап жата-жата кетісті». Мәнжу императорларына арналған рәсім Матенге ұнады, өзің шынашақтай болса да Еженхан сезінді, содан Тарбағатайда осы тұрпайы әдетті енгізе бастайды. Тіпті, төрт аяқтап жорғалаған өз алдына, кейіннен Матен орталықтан келген мәнжу шенеуіктерін де қазақтың «жақсыларына» «бесіктегі баладай зузаға салып», жаяу көтертіп үйреткен –себебі «асыл текті бекзада жұрт көзінше көлікке мінбеу керек». Зәңгі мен үккірдайлар соған көнген. «Біреуді көтермек түгіл қарыс жерге жаяу жүруге ерінетін қыр қазағы үшін бәрінен де осынысы қиын болды», - деп жазады Қабаң (Қабдеш Жұмаділов). Ерінген өз алдына, намыс қайда? Қабдеш аға былай суреттейді: «Көксеген мен Таңғыт балдахананың ұзын жақтау ағаштарын иықтарына салып, ең алда келе жатқан. Балдаханасы құрғыр зілдей ауыр екен. Май басқан семіз денелерінен тарам-тарам тер кетіп, аз уақыттың ішінде көресіні әбден көрді. Бір кезде Таңғыт танауының астынан мырс етіп: Құдауанда, «бас ақымақ болса, аяқ босқа шаршайды» дегені рас қой. Осыншама азапқа түсетіндей не басымызға күн туды екен? – деп қалды қасындағы серігіне. Көксеген де терісіне сыймай, мына қорлыққа зорға шыдап келе жатса керек, іле жауап қатты: Айтпа. Ит өлген жерден осы азапты өзіміз іздеп келген жоқпыз ба. «Төреге ерген ер-тоқымын арқалайды» деп, ұлыққа ілескенде ұшпаққа шыққанымыз осы ғой... Өзімізге де сол керек! – деп күңк етті». Көксеген – Демежаннан кейін Матенге «еңбегі» сіңгені үшін үкірдай болған «жақсы». Таңғыт, Көксеген, Тұрысбек, Мамырбек үккірдайлар Демежанды жазықсыз атқанда, оның үкіміне қол койып мөрімен растаған адамдар. Қабдеш аға «Тағдыр» романында Мамырбек, Таңғыттарды "Демежанға қырық рудан тас атқандай, үкіміне мөр басып, ұлыққа құлдық қылғандар", - дейді. Өгіздің басына келген бұзаудың да басына келмек дегендей, кейін Таңғыттың өзің де басқа түсті – қызыл, бірақ сол қытайлар – Дүрбілжіннің алаңында атқанда, кеудесін оққа тосқанда, Демежан түсті ме екен есіне...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/f94fe1f89caccfef9c0803dbcd8c02.png)

Балдахана деп Қабдеш аға суреттеген қытай паланкины.

Мәметек зиялыларының отырысында Таңғыттың жақсы істері туралы тыңдау ләзім болмады бізге, бұйырмады. Бірақ артынан баспасөз беттерінен біраз нәрсені оқыдық. «Таңғыттың тағдыры» атты мақалада Кеңес үкіметі билікке келгенде Тарбағатай болысы Нұрекенің мал-мүлкін тәркілеуге салып, өзі ұрпағымен қуғынға ұшырағанда Таңғыт бір жағынан алыс рулас, бір жағынан құдандалы болғандықтан Нұрекені айдаудан құтқарып қалған екен. «Болыстың отбасын түн жамылып жасырын алдырып, басына үй, бауырына мал салады». Мақаланың «Алаш әскеріне бес жүз ат берген» деген тағы бір айдары бар. 1918 жылы Шәуешекке келгенде Ақаңа (Ахмет Байтұрсыновқа) Таңғыт Алаш әскеріне 500 жылқы берем дейді, бірақ мақаланың авторының өзі жазғандай «қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң уақыт (уәдені) орындауға мұрша бермеген». Тағы бір жерде «Таңғыттың жылқы малының төрттен бірін Алашқа қиып берем деген ауызша уәдесінің орындалғаны, жылқының Алаш қолына тигені жайлы деректер жоқ», - делінеді. Орындалмаған нәрсені айдар қылып не керек.

Расында да, аласапыран, дүние айналып жатқан 1918 жылдың көктемінде Шығыс Қазақияны үлкен елден ешқашан бөлмеген алаш қайраткерлері Шәуешекке келеді...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/030f5933eccbbd0d7a121faa1bf3fb.png)

Бұл әңгімені келесі жолға қалдырайық...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-sylman-k-pirde-zho-zh-rek-862239](https://yvision.kz/kk/post/m-sylman-k-pirde-zho-zh-rek-862239)