---
title: "Мәскеу Кремлі мен Қызыл алаң жобасы Сарайшықтан көшіріліп алғынғанын білесіз бе?!"
description: "Иә, таң қалмаңыз, кешегі күнге дейін біз тек далалықтармыз, қазақтарда қала мәдениеті болған жоқ дег..."
author: "Fvfylsr"
published: "2018-03-30T18:03:40+00:00"
modified: "2018-03-30T18:03:40+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-skeu-kremli-men-yzyl-ala-zhobasy-sarayshy-tan-k-shirilip-al-yn-anyn-bilesiz-be-800813"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-skeu-kremli-men-yzyl-ala-zhobasy-sarayshy-tan-k-shirilip-al-yn-anyn-bilesiz-be-800813/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мәскеу Кремлі мен Қызыл алаң жобасы Сарайшықтан көшіріліп алғынғанын білесіз бе?!

> Иә, таң қалмаңыз, кешегі күнге дейін біз тек далалықтармыз, қазақтарда қала мәдениеті болған жоқ дег...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/cdbc07c3f279097981ceedeaad7e34.jpg)

Иә, таң қалмаңыз, кешегі күнге дейін біз тек далалықтармыз, қазақтарда қала мәдениеті болған жоқ деген жалған түсінік болып еді. Әрине, олай еместігіне өз басым жақында тағы да көз жеткізген едім. Қала мәдениетіне тән заттарды әдетте Қазақстанның оңтүстігінен көреміз ғой, ал атын бұрыннан естіп жүрген Атыраудағы Сарайшықты көру ерекше әсер қалдырды. Расында, бұл бір керемет тарихи құнды жәдігерлерге толы мекен екен. Атам қазақ айтпақшы, «көп естігеннен бір көрген артық» демекші, өткен аптадағы қоғам және мемлекет қайраткері Рашила Мұрсалиеваның мерейтойы кезінде қаладан 50 шақырымдай қашықтықтағы Сарайшық қаласына да жол түсіп еді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e0a71bf89516007d8a11d8a0c564c0.jpg)

Жалпы, Астананы бас қаламыз, Алматыны тәуелсіздігімізді таныған астанамыз десек, Атырауды мұнайлы астанамыз деп нақтыласақ қате болмас, ал Сарайшықтың мұнайлы астанамыздан қашық емес орналасуының өзінің ерекше бір себебі бар деп ойлаймын. Бастысы Қазақстанның қай түпкірінен болсын Атырауға жетсеңіз, Сарайшыққа бару қиын шаруа емес, ежелгі Сарайшық қаласының іргесіндегі Сарайшық ауылы мен Атырау қаласының арасы Оралға баратын жол бойында орналасқандықтан жолаушылар үшін ыңғайлы. Сонымен, 7 ханға, қаншама жұртқа, Алтын Орда, Ноғайлы, Қазақ хандығына астана болған Сарайшыққа да келіп кірдік. Жалпы Сарайшық қаласының этимологиясына қатысты да айтып кету ләзім болар. Бір деректерде қала аты оның монғол тіліндегі Сарай-джук атымен байланысты делінеді, дұрысы Сары Айшық немесе Кіші Сарай деген атаумен байланысты болар, кіші дегені Сарайлардың кішісі болғанымен мықтысы екені даусыз. Жалпы Сарай атымен байланысты Сарай Берке мен Сарай Бату атты дүниеге мәшһүр қалаларды айтса та жеткілікті. Заманында Бағдатпен тайталас, халқы 100 000 жеткен бұл қалалар тарих қойнауына кетті, алайда бәз біреулер оларды санамыздан өшіргенімен, қиратып-бүлдіргенімен аталған қалалардың сызбалары мен сәулет ерекшеліктерін өздерінің басты алаңы (Қызыл Алаң) мен орталығына (Кремль) көшіріп алды, оны айтасыз-ау, тіпті жаңағы құрылыстарға кірпіштерін Московияға жеткізген деген аңыз бар, ал аңыз түбі шындық емес пе?!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/861ea9754710c514991605c58d14b2.jpg)

Араб саяхатшысы Ибн Батутта Сарайшықты өз көзімен көріп, оның асқақтығына таң қалып, Бағдаттан кейінгі Әлемдегі ғажайып қала деп суреттейді, өзі араб болған соң Бағдатын артық көріп отыр ма екен? Қалай десек те Сарайшықты тек қазақ, түркі әлемінің қаласы ғана емес, дүниежүзінің мұрасы екені даусыз. Қаланың пайда болуы екінші жағынан Ұлы Жібек жолының бір тармағы осы өңір арқылы өтуіне байланысты еді, бір жағы Кавказ, екінші жағы Орта Азия, арғы жағы Еділ бойы, былай қарасаң батысы мен шығысы Ұлы Қыпшақ даласы. Жайық (Ұлысу) бойымен одан әрі Еділ арқылы да өзге өңірлерге тез жетуге болады. Қаланың пайда болуын ғалымдар 12 ғасырға жатқызып жүр, бәлкім одан да ерте болар. Қала орнында жыл сайын жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары түптің түбінде бұған да жауап берер. Өкініштісі жыл сайын Жайықтың суы қала орнын шайып кетіп жатыр, біз дәл қазба жүрізіліп жатқан орнына бара алмадық, есесіне «Хан ордалы - Сарайшық» атты мемориалды кешенге соқтық. Сонымен, әуелі Сарайшықтағы кешен қызметкері – жергілікті өлкетанушы ағамыз сырттағы ескерткіштерді таныстырудан бастады. Жалпы, «Хан ордалы - Сарайшық» атты мемориалды кешен 6552 шаршы метр жерді алып жатыр, ал кешенде биіктігі 14,5 метрлік «Хандар пантеоны» да орналасқан. Мұнда Сартақ, Берке, Тоқтақия, әз Жәнібек, Қасым хандар және ноғай хандары Ысмайыл мен Ораз жерленген деседі. Әр ханның аты жазылып, қысқаша мағұлмат берілген, қашан туды, кім болды деген сияқты. Кейін музейге өтіп оның жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік туды (төменде музейдегі кейбір заттардың фотоларын қосып беріп отырмын). Жалпы, музей ішінде маған ерекше әсер қалдырған бірнеше заттарды айта кетсем, бірінші – ол Сарайшық қаласының жылу жүйесінде пайдаланылған қыш құбырлар, тіпті қыш құбырлардың ішкі жағының материалы ерекше екені көрініп тұр, мүмкін бұл ылғалға, сұйықтыққа төзімді өзге материал ма екен, сан жүздеген жылдар бойы сақталып келуі керемет құбылыс емес пе? Тағы бір есте қалған дүние – ол түсін өзгертетін кесе, бұл кезіндегі қазақ даласынан шыққан Бейбарыстың (Байбарыстың) ас кесесі сияқты. Егер, ыдыстағы сұйықтыққа у қосылған болса, ол өзінің түсін өзгертеді екен, әрине мұндай кесінің бірі Мысырда болса, екіншісі біздің қазақ жерінде сақтаулы тұр. Бұл әрине хандардың пайдаланған ыдысы екені даусыз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/bc8f7b3647050421f5bf01708c7c8b.jpg)

Тағы бір таң қалдырғаны – ол Сарайшықтан алыс емес жерден Алтын адамның табылуы. Үшінші кереметі – мұнда хан қызының алтын қайығы болған деседі. Осы ретте, Тәттікөл туралы да айта кетсем. Аңыздарға қарағанда, әз Жәнібек ханның айдай сұлу қызы жалғыз болыпты. Жанындай жақсы көретін қызы үшін хан сарай маңына жасанды көл жасатып, онда аққулар жүзіп жүріпті, аққулардың ұшып кетпеуі үшін тіпті көлге 40 атанмен қант төгіп отырыпты. Алтын қайығымен жүзіп жүретін хан қызы кенеттен қайтыс болыпты, кейін хан қызын алтын табытқа салып алтын қайығымен жерлеген екен. Аңыз әрине! Ал біздің мақсатымыз аңыз бен шындықтың арасын ажыратып, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың бай мұрасы туралы баяндау ғой. Сонымен, кешенге кіретін мешітке барып құран оқытып, Атырауға кері жолға шықтық!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-skeu-kremli-men-yzyl-ala-zhobasy-sarayshy-tan-k-shirilip-al-yn-anyn-bilesiz-be-800813](https://yvision.kz/kk/post/m-skeu-kremli-men-yzyl-ala-zhobasy-sarayshy-tan-k-shirilip-al-yn-anyn-bilesiz-be-800813)