---
title: "Мәсіх және Мәһди (әс) Аллаһтың Елшісі Мұхаммедтің (сәс) көзімен. Хадис 31-40 (40тан)."
description: "(Жалғасы. Басы: Хадис 1-10 http://yvision.kz/post/365420 Хадис 11-20 көру үшін: http://yvision.kz/po..."
author: "Nurym"
published: "2015-10-18T15:30:27+00:00"
modified: "2015-10-18T15:30:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-sih-zh-ne-m-di-s-alla-ty-elshisi-m-hammedti-s-s-k-zimen-hadis-31-40-40tan-589496"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-sih-zh-ne-m-di-s-alla-ty-elshisi-m-hammedti-s-s-k-zimen-hadis-31-40-40tan-589496/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мәсіх және Мәһди (әс) Аллаһтың Елшісі Мұхаммедтің (сәс) көзімен. Хадис 31-40 (40тан).

> (Жалғасы. Басы: Хадис 1-10 http://yvision.kz/post/365420 Хадис 11-20 көру үшін: http://yvision.kz/po...

(Жалғасы. Басы: Хадис 1-10 [http://yvision.kz/post/365420](http://yvision.kz/post/365420)

Хадис 11-20 көру үшін: [http://yvision.kz/post/365429](http://yvision.kz/post/365429)

Хадис 21-30 көру үшін: [http://yvision.kz/post/396408](http://yvision.kz/post/396408))

## №31. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (са) Мәсіх-Маһдиге жолдаған сәлемі

*Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты деп, Хазірет Анас (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды: «Кім де кім «Мәриямның ұлы Исаны» көрсе, оған менің сәлемімді жеткізсін».*

*(Мұстадрик Хаким. Китабу-л-фитан. Бабу зикри нафхи-с-сури)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұхари мен Мүслим орнатқан шарттарды басшылыққа алған Имам Хаким, бұл хадисті сенімді деп тапқан. [1] Бұл хадисті шииттік дін мектептері де қабылдайды. [2]

Келтірілген хадисте, келешекте, ақыр заманда келетін, Исаға ұқсайтын адамның дәрежесі жайында айтылады, және оған иман келтіру керектігі сөз етіледі. Өйткені оған оның әміршісі, қожайыны Хазірет Мұхаммедтің (са) өзі дұғай мейірімге толы бейбіт сәлемін жолдап отыр. Басқаша сөзбен айтқанда, ол (са) Мәсіх-Маһдиді жақсы көретінін, сондықтан оны бағалап, қадірлеу керектігін үмметіне жеткізді. Шын Маһдидің шынайылығын дәлелдеу үшін (көріпкелдік бойынша) рамазан айында ай мен күн тұтылады. Пайғамбарымыз (са) оны «біздің Маһди» деген сөздермен ескеріп, оған деген сүйіспеншілігін білдірген. Сондай-ақ, Уәделенген Мәсіх (ас) жайында ардақты Пайғамбарымыз (са) былай деген: “*ала иннаху халифати фи уммати”* - яки, «Сендерге мәлім болсын! Ақиқатында, ол менің үмметімнен шыққан халифам (яғни, «наменгерім», «рухани мирасқорым») болады». Сондықтан ол (са): *«**кім де кім «Мәриямның ұлы Исаны» көретін болса, оған менің сәлемімді жеткізсін*» -деді. [3]

Осы бір бейбітшілік жолдауында жасырын ишара бар, яки әлем жұртшылығы, баяғы әдетіне басып, Аллаһ тарапанан келген заман наменгеріне қарсы шығады, және оған қарғыстарын жаудыра тілдейді. Алайда, өзінің адал ізбасарларына үміт артқан Қасиетті Пайғамбарымыз (са) Уәделенген Мәсіхке (ас) бейбітшілік сәлемін жолдады, және оған иман келтіріп, оны қабылдауларын тапсырғанды. Өйткені, жәй ғана сәлем жолдау, әлбетте, абыройлы іс, бірақ құтылудың кілті емес. Сондықтан болса керек, Қасиетті Пайғамбарымыз (са) айтқан еді:

«Қашан Маһдиді көрген болсаңдар, оған адал болуға ант беріңдер, тіпті егер қарлы тауларды тізерлеп жорғаласаңдар да оған барыңдар, өйткені ол Маһди әрі Алланың халифасы («наменгері» - А.Р.) болады». (Ибн Мәжәһ, Китабу-л-фитан. Бабу хуруджи-л-маһди). Ибн Мәжәһ келтірген тағы бір баяндамада Қасиетті Пайғамбар (са) сол Имамға барынша көмек көрсетуді бұйырған. Тағы кейбір баяндамаларда, көктен шыққан дауыс Маһдидің шыншылдығын растайтынын айтады, және «Маһди – Алланың халифасы» деген сөздер көктен белгі көрсетілетінін білдіреді, осыдан кейін Маһдиге деген сенім күллі әлемге тарайды. Мәсіх-Маһдиді қабылдау, оған адал болуға ант беру және оған барынша көмектесу қаншалықты қажет әрі маңызды екенін келтірілген хадистерден ұғуға болады.

Бұдан бөлек, өз заманының имамын қабылдамаған адам, жәһилдік (яғни, надани) өліммен өледі делінген сөзбен сүнниттер де, шииттер де бірауыздан келіседі. [4] – Ал Уәделенген Мәсіх-Маһди (ас) сол келуі тиіс ұлы имамның дәп өзі. Ол жайында хадистерде былай делінген, яки бұл үмметке сондай бір халиф келеді, ол тіпті Әбу Бәкр (ра) мен Умардан да (ра) асып түседі [5]; және Имам Мұхаммад бин Сирин Таби’и: келетін Маһдидің дәрежесін Әбу Бәкр мен Умардан үлкен болады, әрі оның дәрежесі пайғамбарлық дәреже, -деген. Сонда, кей адамдар таңғалып: «қалайша ол Әбу Бәкр мен Умардан асып түседі?» дегенге, келесі жауап қайырылған: «Бәлкім, оның дәрежесі тіпті кей пайғамбарлардан да үлкен болмақ». [6]

Міне, сол себепті Маһдиге сәлем жеткізу әмір етілгенді, сондай-ақ сүнниттік және шииттік әдебиеттерде, оны қабылдаудан бас тартып, оған тіл тигізгендерді имансыздардың қатарына қосқан-ды. [7]

Сондықтан, Аллаһ таңдаған Мәсіх-Маһдиіне сәлем жеткізу мүмкіндігі берілген адамдар бақытты жандар, өйткені оның келуін әлем жұртшылығы ғасырлар бойы күткен. Осы жайында әйгілі ақын Му’мин келесі сөздерді айтқан:

 

*Әй Мүмін, егер уәде етілген Маһдидің заманына тап болсаң,*

*Ең алдымен Хазіретіміздің (са) пәк сәлемін жеткіз.*

 

Бірақ, өкінішке орай, сол Маһди келгенде, адамдардың көбі оны тани алмады.

 

*«Достар! – заман Мәсіхі келіп кетті,*

*оның келуін миллиондар күтіп о дүниелік болса да.*

*Оның мүбәрәк ғұмыры артта қалды, өкінішті-ақ».*

 

(Уәделенген Мәсіхтің (ас) Екінші Халифасы Мирза Башируддин Махмұд Ахмад, Аллаһ оған разы болғай!)

 

**Дереккөздер:**

 

[1]. Имам Хаким. Мустадрак. 4 т., 503 бет. Ан-насру-л-хадисиййа. Рийад.

2. ‘Әлләмә Абу-л-Хасан ‘Али бин ‘Иса әл-Арбали. Кашфу-л-гумма фи ма‘рифати-л-аимма. 3 т., 272 бет. Дару-л-адва. Бейрут.

3. ‘Әлләмә Табарани. (360 ж. х.) Әл-му’джаму-с-сагыйр. 1 бөлім, 257 бет. Дару-л-фикр. Бейрут.

4. а) Муслим. Китабу-л-амарати. Бабу-л-амри би-лузуми-л-джама‘ати.

б) Бихару-л-әнуар. 51 т., 160 бет. Дару ихйаи-т-турас әл-‘арабий. Бейрут. Ливан.

5. Ибн Аби Шаиба. 15 т., 198 бет. Идарату-л-Кур’ан дар әл-’улүм әл-исләмиййа. Карачи.

6. Хафиз Абу ‘Абдуллаһ На‘им бин Джаммад. Китабу-л-фитан фи сирати-л-мәһди. 98 бет. Мына сілтеме б/ша: ‘Әлләмә Йусуф бин Йахйа. ‘Ақду-д-дурар фи ахбари-л-мунтазир. 149 бет.

7. а) ‘Әлләмә Йусуф бин Йахйа. ‘Ақду-д-дурар фи ахбари-л-мунтазир. 157 бет. Бірінші басылым. 1979 ж. Мәктәбә ‘Алиму-л-фикр. Қаир.

ә) ‘Әлләмә Ибн Хаджар Хайсми. Әл-қаулү-л-мухтасар фи ‘әләмәти-л-мәһдийи-л-мунтазир. 56 бет. Мәктәбәту-л-Кур’ан. Қаир, әл-Кумаш к-сі, 3 үй.

 
 

## №32. Ізгілікті халифат жайындағы пайғамбарлық

*Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айты деп, Әбу Һурайра (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды:*

*«Исраил ұрпақтарына пайғамбарлар билік еткен, және қашан бір пайғамбар қайтыс болса, оның орнын басқа пайғамбар басқан, міне олардың жағдайлары осындай болған. Бірақ менің соңымнан ешқандай пайғамбар жоқ, тек халифалар (наменгерлер) болады. Кейде наменгерлікке талап білдіргендердің саны біреуден көп болады». Сахабалар сұрады: «Мұндай жағдайда бізге не істеу керек?». Ол айтты: «Кімге адал болуға ант берсендер, берген анттарыңа берік болыңдар, және оған (әміршілеріне) қатысты өз міндеттеріңді орындаңдар. Ал, ол өз міндетін қалай орындағаны жайында Аллаһу Тағала одан Өзі сұрайды».*

*(Бұхари, Китабу-л-анбийа. Бабу ма зукира ан Бани Исраила уә Мүслим)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұл хадисті Бұхари мен Мүслим бірауыздан сенімді деп қабылдаған. Оны Ибн Мәжәһ та келтіреді. Исраилдіктер мен Мұхаммед (са) үмметінің наменгерлік тізбегі арасындағы ұқсастықтарға қарамастан, Қасиетті Пайғамбарымыз (са) бұл баяндамада айырмашылықтарды да сөз етті, яки исраилдіктерде пайғамбарлардың наменгерлері болып пайғамбарлар келіп отырған, алайда Мұхаммедтің (са) үмметінде халифат жүйесі орнағандықтан, халифалар (наменгерлер) шариғатты сақтау үшін пайғамбар болмайды. Сондықтан болса керек, Қасиетті Пайғамбарымыз (са), егер онан кейін іле-шала біреуге пайғамбарлық дәреже дарыған болса, онда ол Умарға (ра) дарыр еді, өйткені оның бойында лайық сипаттар бар -дегенді. Осылайша, Хазірет Умар (ра) халифалардың бірі болғанымен, пайғамбар болмады. Дегенмен, Қасиетті Пайғамбарымыз (са) ұзақ уақыттан кейін оның үмметіне (шариғатты) орындаушы пайғамбар келетінін жария еткен, және келетін Уәделенген Мәсіх (ас) Алланың пайғамбары болады деп төрт рет куәландырған. [1]

Тағы бір жерде Қасиетті Пайғамбарымыз (са): *«менімен және оның (Мәриямның ұлы Исаның) арасында ешқандай пайғамбар болмайды»* -деп, мәселені шешіп анықтама берген. [2]

Сонымен, *«менен кейін пайғамбар жоқ»* деген сөздердің бір мағынасы, (исраилдіктердегі секілді) «менен кейін іле-шала пайғамбар болмайды», өйткені «менен кейін» делінген дәуірді, Қасиетті Пайғамбарымыз (са), Уәделенген Мәсіхтің (ас) келгеніне дейінгі уақыт аралығын меңзеген-ді. Сондықтан да, ардақты Пайғамбарымыз (са) айтқан, егер қандайда бір пайғамбар келмесе, онда бәрінен ең жақсысы, ең абзалы Әбу Бәкр (ра) болып қала бермек. [3] Басқаша сөзбен айтқанда, Қасиетті Пайғамбарымыз (са) үмметтің ішінен шығатын орындаушы пайғамбардың келу мүмкіндігін ашық қалдырған. Тіпті Хазірет Мұса (ас) Құдай Тағалаға дұға етіп, Мұхаммедтің (са) үмметінен пайғамбарлық дәреже беруін сұрағанда, ол келесідей жауапты алған екен: «үммет пайғамбары сол үмметтің ішінен шығады». [4]

*«Менен кейін пайғамбар жоқ»* деген сөздердің екінші мағынасы келесідей болуы мүмкін, яки менен кейін ұлылық пен кемелдіктің шынына жеткен мен секілді пайғамбар болмайды, өйткені жоққа шығаратын «лә» сөзі араб тілінде кемелдікті де жоққа шығаруға қолданылады. Осылайшы, бірде Қасиетті Пайғамбарымыз (са) былай деді: мына Кесарь (Рим патшасы) мен Хосров (Парсы патшасы) өлген соң, олардан кейін кесарь мен хосров болмайды –деп. Алайда, әлгі кесарь мен хосровтан кейін бірнеше кесарьлар мен хосровтар дүниеге келіп жатты, бірақ олардың ешқайсысы Қасиетті Пайғамбардың (са) заманындағы кесарь мен хосровтың ұлықтығына жеткен емес. Демек, бұл хадистегі жоққа шығарушы «лә» сөзі, кемелдік пен ұлықтықты жоққа шығаруға қолданылған, өйткені Құран Кәрім мен хадистер «лә» сөзін тұлғаның келуін жоққа шығаруға рұқсат бермейді. Сондықтан бұл хадисті, «менен кейін ешқандай пайғамбар болмайды» - деген мағынада талқылауға болмайды. Оны былай түсіну керек:

«Менен кейін, мен секілді заң әкелуші пайғамбар болмайды; ал келуге тиіс адам, менің ізбасарым, мен әкелген заңды орындаушы, менің қызметшім, менің адал құлым болады» -деп.

 

**Дереккөздер:**

 

[1]. Мүслим. Сахих. Китабу-л-фитан. Бабу зикри-д-даджяль.

2. Абу Дауд. Китабу-л-малахим. Бабу хуруджи-д-даджяль.

3. ‘Әлләмә Суйути. Джами‘у-с-сагыйр. Мәктәбәту-л-исләмиййа самандари. Лалпур.

4. ‘Әлләмә Суйути. Хасаису-л-кубра. 1 т., 12 бет. Дару-л-китаби-л-‘арабий. 1320 ж. х.

 
 
 

## №33. Ақырғы пайғамбар және ақырғы мешіт

*Әбу Һурайра (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан екен: «Мен – ақырғы пайғамбармын, ал менің мешітім – ақырғы мешіт» -деп. (Мүслим, Китабу-л-хадж. Бабу фазли-с-саляти би масджиди Макка уа Мадина)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұл хадисті Имам Ахмад бин Ханбал да, Тирмизи де баян еткен, және екеуі де оның сенімділігін растаған.

Келтірілген хадис бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың (са) мешіті қалайша ақырғы болса, дәл сол мағынада ардақты Пайғамбар да (са) ақырғы пайғамбар болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыздың (са) Мәдинадағы мешітін, одан кейін ешбір жерде және ешқашан бірде-бір мешіт салынған жоқ деген мағынада, ақырғы мешіт деуге келмейді, бұл анық та, әрі дау тудырмайтын жәйт. Сондықтан, «ақырғы мешіт» деген сөз абырой- дәрежелік, ұлылық пен артықшылық тұрғысында ақырғы мешіт саналғандықтан, тура осы мағынада ардақты Пайғамбарымыз да (са) ақырғы пайғамбар болып табылады. Өйтпесе, Мәуләнә Мұхаммад Қасым Нанаутви жазғандай, **пайғамбарлар кезегінің соңында ғана келу ешқандай артықшылықты білдірмейді**. [1] Сондай-ақ, Ғұлама Хақим Тирмизидің пікірі бойынша, бұл хадисті әлгіндей мағынада (яғни, «енді ешқандай пайғамбарға жол жоқ» деген мағынада) тек надандар мен сауатсыздар ғана талқылай алады. [2] Күмәнсіз, Пайғамбарымыздың (са) дәуірі де ақырғы дәуір болып табылады, алайда «ақырғы пайғамбар» деген сөз, негізінде Пайғамбарымыздың (са) ақырғы – ең биік пайғамбарлық дәрежеге жеткенін білдіреді. Міне, хадистерде Пайғамбарымыз (са) өзің осы мағынада ақырғы пайғамбар деген, ал өзінің үмметін осы мағынада – ақырғы үммет деген. Яғни ол (са) ақырғы заң әкелуші пайғамбар болып табылады, сол себепті оның үмметі ақырғы үммет дәрежесін алған; өйткені ардақты Пайғамбарымыз (са) барша пайғамбарлардың ең абзалы болғандықтан, оның үмметі де ең үздік, ең абзал үммет болып табылады.

Уәделенген Мәсіх (са) айтады: «Біздің Басшымыз, Әміршіміз, пайғамбарлардың ішіндегі ең абзалысы, олардың Көсемі, барша пайғамбарлардың Мөрі – Мұхаммед Мұстафа (са)... ең биік дәрежеге, ең ұлық мәртебеге ие, бұл дәреже-мәртебелер барлық кемел сипаттарға ие болған тұлғаның (са) бойына біткен. Енді бұл деңгейге жету тұрмақ, оны ұғуға да ешкімнің шамасы жетпейді». [3]

 

**Дереккөздер:**

 

[1]. Мауляна Мұхаммад Қасым Нанаутви. Тахзиру-н-нас. 7 бет, Мәктәбә Касыму-л-’улүм. Карачи.

2. Хаким Тирмизи. Хатаму-л-аулийа. 341 бет, Әл-касулискийа, Бейрут.

3. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Таузих-и-марам. 23 бет. // Рухани Хазаин. 3 т., Мубарак Саки, Лондон. 1984. 62 бет.

 
 
 

## №34. Жалған пайғамбарлардың келуі

*Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты деп, Сәубан (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды: «Расында, менің үмметімнен отыз жалғаншы шығады, олардың әрқайсысы өзін пайғамбар атайды, алайда мен – пайғамбарлардың мөрімін, және менен кейін пайғамбар жоқ». (Мүслим, Китабу-л-хадж. Бабу фазли-с-саляти би масджиди Макка уа Мадина)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұл хадисті Имам Хақим де, және хадис жинаушы Ибн Әби Шаиба да баяндаған. Имам Хақим оны сенімді деп тапқан. [1]

Бұл хадисте жалған-пайғамбарлардың саны отыз санымен анық шектелген, бұл дегеніміз шын пайғамбардың келуіне де мүмкіндік қалдырады деген сөз, әйтпесе пайғамбарлардың Мөрі Мұхаммед Мұстафа (са) өзінен кейін пайғамбарлыққа талап білдіргендердің барлығын, еш шектеусіз, түгін қалдырмай барлығын жалғаншылар дер еді.

Отыз санына келетін болсақ, бұл дегеніміз жалған пайғамбарлардың өте көп болатынын білдіреді, өйткені кейбір басқа баяндамаларда жалған-пайғамбарлардың бұданда көп саны көрсетілген. Алайда, тіпті егер көрсетілген отыз санын жалған-пайғамбарлардың нақты саны ретінде қабылдайтын болсақ та, бәрібір, бұл көріпкелдік баяғыда орындалып қойғанды. Осылайша, хижра бойынша 828 жылы қайтыс болған Имам Әбу Әбдуллаһ былай деп жазады, бұл хадис толығымен орындалды, егер ардақты Пайғамбар (са) заманынан бері барлық жалған-пайғамбарларды санап шығатын болсақ, отыз саны толығымен толып отыр, және тарихты білетін адамдарға бұл жақсы мәлім. [2]

Бұл хадистегі *«хатаман-набиййин»* (яғни, «пайғамбарлардың мөрі)» деген сөз де түсіндіруді қажет етеді. Ескеріп қойған жөн, *хатам* сөзі *та* әріпінің үстінде *фатха* белгісімен жазылады; яки, *касра* белгісімен жазылмайды, өйткені *касра* белгісімен жазылса (*хатам* емес) *хатим* деп оқылар еді, және бұл «бір нәрсенің біткенін» білдірер еді. Осының ара-жігін ажырату үшін Хазірет Әли (ра), ұлдарының ұстазы, оларға Құранды үйреткен Әбу Әбду-р-Рахман әс-Салмиге мынаны айтқан екен: «Әй Хазірет! Хасан мен Хусейнге *хатам* сөзін оқытқанда, *та* әрпінің үстінде *фатха* белгісімен оқытып үйрет» [3], өйткені *хатам* сөзі «мөр» дегенді білдіреді, ал «пайғамбарлардың мөрі» деген сөз, ардақты Пайғамбарымыздың (са) дәрежесін анықтайды, яғни басқа барлық пайғамбарлардың хақтығын растайтын дәрежесін. (Сүре Әс-Саффат, 37:38 қара)

*Хатаман набиййин* сөзін Хазірет Айшаның (ра) бірнеше рет жасаған мәлімдемесі де жақсы түсіндіреді. Хазірет Айша (ра) анамыз былай деген: «Мұхаммед Мұстафаны (са) пайғамбарлардың мөрі деп айтыңдар,бірақ одан кейін ешқандай пайғамбар болмайды деп айтпаңдар». [4]

*Хатам* сөзінің мағынасын келесі хадис те жақсы түсіндіреді: «Мен – пайғамбарлардың Мөрімін, ал сен, Әли – әулиелердің Мөрісің». [5] Сүнниттердің де, шииттердің де ешбір өкілі, ешқашан, Хазірет Әлиден (ра) кейін үмметте ешбір әулие туылған емес деп түсінген жоқ. Алайда оны әулиеліктің сондай бір дәрежесіне ие деп санайды, егер оның соңынан ілсетін болса әулиелікке де жетуге болады. Осы мағына *хатамул-анбийа* деген сөзге де тән, яғни ардақты Пайғамбарымыз (са) пайғамбарлық дәреженің ең биік шынына ие болды. Енді ешкім, Қиямет күніне дейін, оған бағынбастан пайғамбарлық дәрежеге жете алмайды. Бұл рухани дәреже енді тек оның үмметінен шыққан және оған толықтай бағынышты болған адамға ғана тарту етіледі, өйткені Аллаһу Тағаланың Өзі былай дейді, **Аллаға және Оның Пайғамбарына (са) мойынсұнғандар Алланың жарылқауын алғандардың қатарына қосылады - яғни: пайғамбарлардың, шыншылдардың, шәйіт кеткендердің, салиқалылардың қатарында.** (Сүре Ан-Ниса 4:70)

Осыдан кейін, жоғарыда келтірілген хадистегі тағы бір сөз жіті түсіндіруді қажет етеді, ол – *ба’ди* (яғни, «менен кейін») деген сөз. Өйткені бұл сөз мерзімдік мағынамен бірге, «қарсы тұру» («қарсылас болу») деген мағынаны да білдіреді. Өйткені Құран Кәрімде, Аллаһу Тағала былай дейді: «Олар Алладан және Оның аяттарынан басқа (немесе оған қарсы келіп), қай сөзге сенеді?» (Сүре Әл-Жәсия 45:7). Сондай-ақ, ардақты Пайғамбар (са) түсінде қолында екі алтын білезек көргенін айтты, және осы түсін жорыған кезде, ол (са) «қарсылас» мағынасында *ба’ди* сөзін қолданып, оған қарсы екі жалған-пайғамбар бас көтеретінін айтты. Бұл жалған-пайғамбарлар Асвад Анси мен Мусайлима болып шықты. [6] Бұл жалған-пайғамбарлар ардақты Пайғамбарымыздың (са) тірі кезінде пайда болды, сондықтан мұнда *ба’ди* сөзі «бағынбау» және «қарсылық көрсету» деген мағынаны білдіреді. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыздың (са) тірі кезінде-ақ, жалғаншы Мусайлима өзін заң әкелуші пайғамбармын деп жариялаған, ол ішімдік пен зина жасауға рұқсат беріп, намаз парызынан босатып, Құран Кәрімге қайшы келетін сүрелерді ойлап шығарған. [7]

Демек, *лә нәбийә ба’ди* – сөздері, енді ардақты Пайғамбарға (са) бағынбайтын, әрі оған және оның әкелген шариғатына қарсы келетін ешқандай заң әкелуші пайғамбардың келмейтінін білдіреді; алайда тек оның үмметінен шыққын, әрі Мұхаммед Пайғамбарға (са) толықтай бағынышты және барлық ісінде оның (са) соңынан еретін пайғамбар келуі мүмкін. Сондықтан болса керек, Табараниде осы баяндамамен қоса келесі қосымша сөздерге де жол берілген, яки: «менен кейін пайғамбар жоқ, тек егер Алланың қалауы болса». Сондықтан ғұламалар мынандай пікірге келген, егер бұл хадис сенімді болса, онда бұл жерде «Исаның» (ас) келуі меңзеледі. Осы себепті Мұхаммед бин Саййид *Джами’у-с-Сихахта* Хазірет Анастың (ра) келесідей баяндамасын келтіреді: «Мен – пайғамбарлардың мөрімін, менен кейін пайғамбар жоқ, тек егер Алланың қалауы болса». [8]

Мұхаммедтің үмметінен шығатын Уәделенген Мәсіхті (ас) ардақты Пайғамбарымыз (са) төрт рет *нәбиу(А)ллаһ* (яғни, «Алланың пайғамбары») деп атаған, бұл дегеніміз ардақты Пайғамбарымыздан (са) кейін, тек қана үмметтен шығатын, атқарушы пайғамбардың келетінін күмәнсіз дәлелдейді. Сондай-ақ, бұл жерде исраилдік Исаның (ас) келетіні әлбетте меңзелмейді, өйткені *хатаму-н-набиййин* аяты мен *лә набийа ба’ди* хадисі қандай да бір басқа дінді ұстанған халықтың шариғатындағы пайғамбардың келуіне рұқсат бермейді. Құран Кәрімге қайшы болғанына қарамастан, (Назареттік – *А.Р.*) Иса (ас) әлі тірі дегенге сенетін адамдар, оны пайғамбар санап және ол ардақты Пайғамбарымыздан (са) кейін қайтадан келеді деуімен, Алла сақтасын, олар Исаны соңғы пайғамбар және пайғамбарлардың мөрі дегенге қыйыстырады!

Уәделенген Мәсіх (ас) бұны былай түсіндірген:

«Егер кімде-кім сұраса: «Ардақты Пайғамбар (са) *хатаму-н-набиййин* (яғни, *Пайғамбарлардың Мөрі*) болғандықтан, қалайша енді тағы да пайғамбар келуі мүмкін?», онда мұның жауабы келесідей:

«Бір нәрсе күмән тудырмайды: ешбір пайғамбар, мейлі бұрынғы немесе жаңа пайғамбар болсын, сендер Исаны ақыр заманда (аспаннан) ‘түсіргендей’ келе алмайды, сондай-ақ сендер оны пайғамбар санайсыңдар... Мұндай сенім – әлбетте тіл алмаушылық (Пайғамбарымызға (са) қарсы келушілік) болып табылады... Заң әкелуші пайғамбарлықтың барлық есіктері жабулы, алайда бір ғана есік ашулы – адалдық пен махаббатқа толы өмір есігі, яғни (өз-өзіңді ұмытып) Пайғамбарымызға (са) толықтай сіңісіп кету керек-ті. Демек, осы есік арқылы Құдайға бара жатқан адам, пайғамбарлық киімін, Мұхаммедтің (са) пайғамбарлық киімін кигендей болады, сондықтан мұндай адамды пайғамбар деп анықтауда ұят пен қызғаныштыққа орын жоқ». [9]

 

**Дереккөздер:**

 

[1]. Фатху-л-бари. 6 т., 558 бет. Дару нашри-л-кутуби-л-исләмиййа. Лахор.

2. ‘Әлләмә Абу ‘Абдуллаһ Мухаммад бин Хальфа. Икмалү-л-икмаль, шарх Муслим. 7 бөлім, 258 бет. Са‘адат. Мысыр; Шайх ‘Абду-р-Рахман бин Хасан (хижра б/ша 1258 ж. қайтыс болған). Фатху-л-маджид, шарх Китаб ат-таухид. 275 бет. Ас-сунна әл-Мухаммадиййа. Қаир.

3. ‘Әлләмә Суйути. Ад-дурру-л-мансур. 5 т., 204 бет. Дару-л-ма‘рифа ли-т-таба‘а уә-н-нашр. Бейрут.

4. ‘Әлләмә Суйути. Ад-дурру-л-мансур. 5 т., 204 бет. Дару-л-ма‘рифа ли-т-таба’а уә-н-нашр. Бейрут.

5. ‘Әлләмә Абу Джа‘фар Мухаммад бин ‘Али Шахр-и-Ашуб. (хижра б/ша 558 ж. қайтыс болған) Манакибу Али Аби Талиб. 3 т., 261 бет. Матба‘ ‘илмиййа. Кум. Иран.

6. Бұхари. Сахих. Китабу-л-магази. Бабу киссати-л-асвади-л-анси.

7. Наваб Сиддик Хасан Хан. Хиджаджу-л-кирама. 324 бет. Парсы тілінен аударма. Шахджахани баспасы. Бхопал.

8. Мухаммад Тахир бин ‘Али Хинди. Тазкирату-л-маузу‘ат. 986 ж. х. Таба‘а Мунириййа. Дамаск.

9. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Эк галати ка изаля. 3 бет. // Рухани Хазаин. 18 т., Мубарак Саки, Лондон. 1984. 207, 208 беттер.

 
 

## №35. Пайғамбарлық сарайының соңғы кірпіші

*Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты деп, Әбу Һурайра (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды: «Ақиқатында, мені мен менен бұрын болған пайғамбарлардың мысалы, бір кісінің әшекейлеп, бірақ бұрышында бір кірпіштің орны бос болып қалған әдемі тұрғызған үйі секілді. Үйдің қасынан өткен адамдар, оның әдемілігіне тамсанып, неліктен мына бос орынға кірпіш қойылмаған екен? - деседі».*

*Пайғамбарымыз (са) айтты: «Мен сол кірпішпін, әрі мен – пайғамбарлардың мөрімін»*

*(Бұхари. Китабу-л-манакиб. Бабу хатами-н-набиййин)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұл хадистің сенімділігін Имам Бұхари мен Мүслим мойындаған, сондай-ақ бұл хадис кішкене өзгешеліктермен Тирмизидің, Насаидің және тағы басқалардың жинақтарына кірген. Бұл жерде ең толық баяндама негізге алынып отыр, ол өз тақырыбын өзі түсіндіреді. Әлгі ғимарат негізінде шариғаттың (яғни, діни заңның) символикалық ишарасы ретінде келтірілген ғимарат, ол ардақты Пайғамбарымыздың (са) келуімен толығымен аяқталған. Пайғамбарлықтың аяқталуы сонымен қатар шариғаттың да толыққанын білдіреді. Хазірет Ғұлама Ибн Хаджар Аскалани осы хадистің түсіндірмесіне былай деп жазған:

«Әр пайғамбардың заңы (сол заманның қажеттілігі бойынша) өзіндік толыққанды және кемелденген болғанына қарамастан, бұл жерде Мұхаммедтің (са) шариғаты бұрынғы шариғаттармен салыстырғанда барынша толығырақ, кемелдірек екенін көрсету мақсат болған». [1]

Сонымен, келтірілген хадистің мағынасы былай болмақ, яки қасиетті Пайғамбарымыз (са) пайғамбарлықтың тізбегі мен шариғатты құрастыру процессін кемелдікке жеткізген.

Тіпті егер *хатам* сөзін «ақырғы» деген мағынада келтірсек те, бәрібір, *әл-* артикілі мұнда заң әкелуші пайғамбарларды білдіреді, олар өздерімен бірге шариғатты әкеледі. Демек, *хатаму-н-набиййин* сөздері **«заң әкелген соңғы пайғамбар»** дегенді білдіреді, енді одан кейін ешқандай жаңа шариғат, жаңа кітап, жаңа діни қағидалар келмейді.

Уәделенген Мәсіх (ас) айтады:

«Біз, Құран Кәрімнің ақырғы Кітап және соңғы заң жинағы екеніне сенеміз, енді одан кейін Қиямет күніне дейін, заң әкелуші (шариғат беруші) ретінде немесе ардақты Пайғамбарға (са) бағынбастан уахи алалатын, ешқандай пайғамбар келе алмайды. Бұл есік Қияметке дейін жабулы. Ал ардақты Пайғамбарға (са) бағыну арқылы, уахи берекесін алу есігі Қияметке дейін ашулы». [2]

 
 

**Дереккөздер:**

 

[1]. ‘Әлләмә Ибн Хаджар. Фатху-л-бари. 6 т., 559 бет. Дару-н-нашри-л-кутуби-л-исләмиййа. Лахор.

2. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Ревью бар мубахаса Батальви уә Чакральви. 6 бет. // Рухани Хазаин. 19 т., Мубарак Саки, Лондон. 1984. 213 бет.

 
 
 

## №36. Егер ардақты Пайғамбардың (са) ұлы Ибраһим тірі болса*, ол шынайы пайғамбар болар еді

*Ибн Аббас (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды, Алланың елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы Ибраһим қайтыс болғанда, Алланың елшісі (са) оған жаназа намазын оқыған соң, былай деді:*

*«Ақиқатында, ол үшін жұмақта асыраушы бар. Егер ол тірі болса (яғни, ұзағырақ ғұмыр сүрсе), ол шынайы пайғамбар болар еді, және оның нағашы туыстары, Мысырдың копттары, құлдықтан босар еді (яғни, жалған сенімнің құлдығынан болар еді)».*

*(Ибн Мәжәһ. Китабу-л-джанаиз, Бабу ма джа’а фи соляти а’ла ибни расули(А)ллаһ ‘алейхи уәссәлям)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

Бұл баяндама *Мұснад* Ахмад бин Ханбалда да кездеседі, Хазірет Анас бин Маликке (ра) сілтеме жасалған күйінде, және оның барлық баяндамашылары сенімді адамдар, олар: Әбду-р-Рахман бин Маһди, Суфйан бин Саййид және Исмаил бин Әбду-р-Рахман ас-Сади. [1]

*Хатаму-н-набиййин* аяты хижра бойынша 5-ші жылы түсірілген болатын, ал Ибраһим хижра бойынша 8-ші жылы туылған. Егер де ардақты Пайғамбарымыз (са) *хатаму-н-набиййин* аятын пайғамбарлықтың барлық түрі аяқталды деген мағынада түсінген болса, онда ол (са) өзінің ұлына қатысты, бәлки, былай дер еді: «Күмәнсіз, онда пайғамбар боларлықтай барлық қасиеттер болған, бірақ *хатаму-н-набиййин* аяты түсіп қойғандықтан, егер ол тіпті ұзақ ғұмыр сүрсе де, пайғамбар болмас еді». Алайда ардақты Пайғамбарымыз (са) бұлай демеді, оның айтқаны бұған тура қарама-қайшы, яки: «*Егер ол тірі болса, ол шынайы пайғамбар болар еді*». [2]

Демек, әйгілі ханафилік ғұлама Молда Әли Қаридің *хатаму-н-набиййин* аятына берген анықтамасын мойындауға тура келеді, ол былай деген: Егер Ибраһим тірі болса, ол Хазурға (са) бағынған атқарушы пайғамбар болар еді, және ардақты Пайғамбарымыздың (са) бұл сөздері *хатаму-н-набиййин* аятына мүлдем қайшы келмейді, өйткені *хатаму-н-набиййин* сөздерінің мағынасы ардақты Пайғамбарымыздан (са) кейін, оның (са) шариғатын ыдырататын және оның үмметінен шықпайтын бөгде пайғамбардың келуне ешқандай мүмкіндік жоқ дейді. [3]

Осы сөздерді, Деобанд қозғалысының негізін қалаушы, Мәуләнә Мұхаммад Қасым Сахиб Нанаутви де жазады:

«Егерде ардақты Пайғамбардың (са) заманынан кейін қандай да бір пайғамбар келеді дегенді елестетіп көрсек те, бәрібір: Мұхаммедтің (са) *хатаму-н-набиййин* (яғни, «пайғамбарлардың Мөрі») екендігіне ешқандай өзгеріс болмайды». [4]

 

_______________________________

*Яғни, пайғамбарлар сүретіндей ғұмыр сүрсе.

 
 

**Дереккөздер:**

[1]. ‘Әлләмә Ибн Хаджар ‘Аскалани. Тахзибу-т-тахзиб. 2 т., 251 бет. 4 т., 100 бет. 1 т., 273 бет. Академи ‘Абду-т-Таууаб. Мултан.

2. ‘Әлләмә Ибн Хаджар Хайсми. Әл-фатауә-л-хадисиййа. 125 бет. Мұстафа әл-Бали әл-Хальби. Мысыр.

3. Хазірет Молда ‘Әли Қари Ханафи. Маузу‘ат-и-кабир. Аударма. 322 бет. Кур’ан Махал. (Керісінше Мауляуи Мусафирханы.) Карачи.

4. Мұхаммад Қасым Нанаутви. Тахзиру-н-нас. 46 бет. Мәктәбә Касыму-л-‘улүм. Карачи.

 
 

## №37. Мұхаммед (са) үмметінің ішіндегі уахи-аяндар тізбегі

*Алланың елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келесі сөздерді естідім деп, Әбу Һурайра (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды: «Пайғамбарлықтан тек мүбәшширит (яғни, «ізгі хабарлар») қалды». Сахабалар сұрады, мүбәшширит деген нені білдіреді? –деп. Ол (са) айтты: «ізгі аяндар» (яғни, ізгілікке жетелеген аяндар да мүбәшшириттің бір бөлігі болып табылады).*

*(Бұхари. Китабу-т-та’бир. Бабу-л-мүбәшшират; Тирмизи. Абуәбу-р-руайа)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

Бұл хадисті сонымен қатар Әбу Дауд, Мұснад Ахмад пен Ибн Мәжәһ та баяндайды.

Құран Кәрімде, имандары берік болған адамдарға періштелер түсіп, ізгі хабар жеткізеді деп, Аллаһу Тағала уәде береді (Сүре Ха-Мим-Сәдждәх 41:31). Құдайдың мұндай ізгі хабары кейде түс арқылы, аян арқылы келеді, ал кейде уахи арқылы және діни шабыт арқылы келеді (Сүре Әш-Шура 42:52). Хазірет Анас (ра) баяндайды, бірде ардақты Пайғамбарымыз (са) былай деген екен: пайғамбарлық және елшілік тізбегі үзілді, менен кейін пайғамбар да, елші де жоқ.

Мұны естіген сахабалар (ра) қатты абыржыды, өйткені пайғамбарлық тізбектің үзілуі уахидың да аяталғанын білдіреді ғой дегендей. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (са): аяқталған тек заң әкелуші пайғамбарлардың тізбегі, ал мүбәшширит (ізгі хабар тізбегі) жалғасын таба береді, және ол пайғамбралықтың ажырамас бір бөлігі, – деп сахабалардың көңілдерін жайландырды. [1] Міне сондықтан Алланың елшілерін хабар әкелушілер және ізгі хабар жеткізушілер деп те атағанды, өйткені кейде олар жағдайдың қажеттіліктеріне орай бір нәрселер жайында ескертулер жасайтын. Демек, келтірілген хадис басқа да хадистердегі мағынаны растайды, яғни: пайғамбарлықтан тек ізгі хабар пайғамбарлығы ғана қалды, ал заң әкелуші пайғамбарлық толығымен аяқталды. Енді, Құраннан басқа заң жиынтығымен бірде-бір пайғамбар немесе бірде-бір елші дүниеге келмейді, алайда ізгі хабар мен ескертетін жолдамалар тізбегі жалғаса береді.

Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад Қадиани (ас), Алланың бұйрығына бойсұнып, атқарушы пайғамбарлыққа талап бірді, заң әкелішу пайғамбарлыққа емес. Хазірет Ғұлама Ибн Араби осы хадистің түсіндірмесіне былай деп жазады, яки ардақты Пайғамбардың (са) қайтуымен аяқталған пайғамбарлық, тек шариғат әкелуші пайғамбарлық қана, ал «менен кейін пайғамбар жоқ» деген сөздер Мұхаммедтің (са) шариғатына қарсы келетін пайғамбарды жоққа шығарады. Ал егер қандайда бір пайғамбар келетін болса, онда ол ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (са) әкелген шариғатымен жүреді. [2]

Осы мәнерде Хазірет Шах Уәлиуллаһ Дехлеуи де жазады, яки, «менен кейін пайғамбар да жоқ, елші де жоқ» деген хадистен бізге мәлім болғаны, Пайғамбарымыздан (са) кейін аяқталған пайғамбарлық пен елшілік – заң әкелуші пайғамбарлық қана, бұны ардақты Пайғамбарымыздың (са) өз пікірі растайды. [3]

Осы хадисті және осы тақырыпқа байланысты басқа да хадистерді әлгіндей мағынада түсінгендер Ғұлама Турбашти, Ғұлама Жәләлу-д-дин Суйути, Ғұлама ‘Әбд әл-Уәххәб Ша’рани, Ғұлама Синдхи, яки, енді ардақты Пайғамбарымыздан (са) кейін заң әкелуші пайғамбар келмейді, ал Мұхаммедтің (са) шариғатына бағынышты атқарушы пайғамбардың келуіне, *лә набийа ба’ди* («менен кейін пайғамбар жоқ») хадисі кедергі емес.

Уәделенген Мәсіх (ас) осы хадисті түсіндіргенде, былай деген:

«Ардақты Пайғамбардың (са) өзі айтты, пайғамбарлықтан ештеңе қалмады, *мүбәшшириттен* басқа, яғни пайғамбарлықтың барша түрінен тек біреуі ғана қалды, ол – ізгі хабарлар. Ізгі хабарлар аянды түстермен және шынайы уахилармен байланысты, олар тек әулие адамдарға түсіріледі... Көкірегі ояу адам бұл жерде жақсылап ойланып көруі керек, осы хадистен пайғамбарлықтың есігі толығымен жабылды деген қорытынды шығаруға бола ма; тіпті хадистің өзі куәландырады, яки шариғат уахиын беретін кемел пайғамбарлықтың түрі ғана аяқталды, алайда *мүбәшширитті* әкелетін пайғамбарлық Қиямет күніне дейін болады және ешқашан үзілмейді». [4]

Сонымен қатар ол былай деді:

«Заң әкелуші пайғамбарлық ардақты Пайғамбарымызбен (са) аяқталғанына біз кәміл сенеміз, ендігі біздің талабымыз Илләһи уахилардың арқасында, Аллаға жүгініп, Онымен тілдесудің арқасында және Алланың берген көріпкелдіктері арқылы осы шариғатқа қызмет ету». [5]

 
 

**Дереккөздер:**

[1]. Тирмизи. Абвабу-р-руайа. Бабу захби-н-набуввати уә бакиййати-л-мубашширати.

2. Футухат маккиййа. 2 т., 3 бет. Дар садар. Бейрут.

3. Куррату-л-’айнайни фи тафзили-ш-шайхайни. 319 бет. Муджтабаи. Дели. 1893.

4. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Таузих-и-марам. 19 бет. // Рухани Хазаин. 3 т. Мубарак Саки, Лондон. 1984. 60-61 беттер.

5. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Мальфузат. 5 т., 468 бет, Жаңа басылым.

 
 

## №38. Миғраждың керемет аян-көріністері

*Әнәс бин Мәлик (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнде Қасиетті Мешіттен (Мәсжид әл-Харам) саяхатқа аттанғанда, оған үш адам келген, және бұл ардақты Пайғамбарға (са) уахи түспей тұрып болған. Ардақты Пайғамбар (са) Қасиетті Мешіттің ішінде ұйықтап жатты (осыдан кейін жеті қат аспанға көтерілу көріністері айтылады, Пайғамбарымызды (са) онда періштелер жеткізген еді), ақыры, ол ең шеткі шектегі ағашқа жетті. Сосын, Аллаһу Тағала уахи арқылы ардақты Пайғамбарға (са) басында, оның үмметі күніне 50 рет намаз оқулары міндетті екенін айтты. Содан кейін, Мұса пайғамбар (ас) бұл тапсырманың қиын болатынына ардақты Пайғамбардың (са) назарын аудартқаннан кейін, намаздардың саны бірте-бірте беске дейін қысқартылды, және Аллаһу Тағаланың жариясы бойынша, сол намаздардың сауабы он есе еселенді, яки жалпы соммасы елуге жетті. Сосын ардақты Пайғамбар (са) оянып кеткенде, ол әлі сол Қасиетті Мешіттің ішінде жатты.*

*(Бұхари. Китабу-т-таухид. Бабу уә кәллямаллаһу Муса тәклима)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Осы хадистің сенімділігімен келіскен Имам Бұхари оны өзінің жинағына қосты.

Келтірілген хадисте ардақты Пайғамбарға (са) уахи түсірілмей тұрған кезде орыналған уақиға жайында айтылады, бұл уақиға «Аллаһ тарапына саяхат» деген атауға да ие. Алайда ардақты Пайғамбардың (са) өмірбаянының авторлары, Исра мен Миғраж уақиғалары хижра бойынша 11-ші жылы орын алды дейді. Үмметтің ғұламалары бұл мәселенің шешімі ретінде, бәлки, суреттелген уақиға бернеше рет орындалған дегенді ұсынды; яғни, Исра мен Мағраж атты рухани көрініс-аяндары ардақты Пайғамбарға (са) бір емес, бірнеше рет көрсетілген, және қарастырылып отырған уақиға солардың ішіндегі ең алғашқысы. Бірақ, бәрібір, Исра мен Миғражды бір оқиға деп түсінетін ғұламалардың пікірі бойынша, жоғарыдағы баяндамадағы «*уахи түспей тұрып болған*» сөздері, бұл оқиға Миғраж жайында түсірілген Құрани уахидан бұрын көрсетілген дейді.

Үмметтің ең алғашқы уақытынан бері, ардақты Пайғамбарымыздың (са) Миғражына қатысты екі түрлі пікір қалыптасқан. Адамдардың бір тобы ардақты Пайғамбардың (са) көтерілуі заттық тұрғыда орыналды дейді, яғни Пайғамбар (са) фәни денесімен көтерілгенді. Ал басқалары бұл оқиға рухани тұрғыда орын алды дейді. Келтірілген хадисте өзеңе жіті назар бөлуін қажет ететін өте маңызды екі жәйт жайында айтылады. Біріншісі, - ардақты Пайғамбар (са) Кағбаның ішінде ұйықтап жатқаны, ал екіншісі – «*с**осын ардақты Пайғамбар (са) оянып кетті*» деген сөздер. – Бұдан мәлім болғаны, миғраж бір рет болды ма, әлде бірнеше рет болды ма, бұл маңызды емес, - бұл біздің әміршіміз ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (са) аян ретінде түсірілген рухани оқиға, оны Пайғамбарымыз (са) түсінде көрген. Міне сондықтан, басқа толығырақ хадистерде Жәбірейіл періште (ас) ардақты Пайғамбардың (са) көрген түсіне түсіндірме береді. Ал егерде бұл Пайғамбардың (са) өңінде болған көрініс болса, онда ол жоруды, түсіндіруді қажет етпес еді. Құран Кәрімде Исра оқиғасы да «көрсетілген түстің» бір түрі делінген (Сүре Бәни Исраил 17:61).

Құран Кәрімнің басқа жерінде, ардақты Пайғамбарымыз (са) Миғраж кезіндегі көріністерді жүрегімен көрді делінеді (Сүре Ән-Нәжм 53:12). Басқаша сөзбен айтқанда, ол (са) болып жатқан көріністерді бас көзімен көрген емес. Хазірет Айша (ра) анамыз да айтқан, Миғраж түнінде Пайғамбардың (са) денесі орнында қалған, саяхатқа оның рухы аттанған, - деп. Ардақты Пайғамбардың (са) Исра оқиғасын Хазірет Муавийа да солай анықтаған, оны «хақ аян» деп. [1]

Миғраж оқиғасын рухани аян-көрінісі – деп, Ғұлама Ибн Қаййим мен Хазірет Дата Гандж Бахш Хажвари де анықтаған. Олар былай деп жазады, осы рухани саяхат кезінде ардақты Пайғамбардың (са) рухы (жаны) басқа пайғамбарлардың рухтарымен кездескен (яки, Иса Пайғамбардың (ас) рухымен де кездескен), бұл жайында кітаптың бас жағында (№1-хадисте) егжей-тегжейлі айтылады.

 
 

**Дереккөз:**

 

[1]. Ибн Хишам. Сират. 1 т., 399-400 беттер. Муассисату ’улүми-л-Кур’ан. Мысыр.

 
 

## №39. Пайғамбарлардың жеке пікірі өзгеруі мүмкін

*Әбу Мұса (оған Алланың ризашылығы болсын) баяндайды, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан екен:*

*«Мен түсімде, Меккеден құрма бақтары көп елге қарай көшеді екенмін. Менің ойымша: мүмкін, бұл Йамам немесе Хаджр жайында айтылған, алайда бұл Йасриб (Мәдина)қаласы болып шықты».*

*(Бұхари. Китабу-л-манакиб. Бабу а**’**лямати-н-набуввати фи-л-ислам)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

Бұл хадистің сенімділігін Бұхари мен Мүслим бірауыздан мойындайды, сонымен қатар оны Наса’и мен Ибн Мәжәһ келтіреді.

Пайғамбарлардың түстері мен аян-көріністері уахи дәрежесінде келеді, алайда, Илләһи хикмет бойынша, кейде түстер мен аяндардың түсіндірмесі, соны көрген адамдардың өздеріне жасырын болады, - ол түстер уақыты келгенде орындалып, мән-мағынасы өздігінен ашылмайынша. Осылайша, худайбийа келісімі кезінде, ардақты Пайғамбар (са) түсінде сахабаларымен бірге Қағбаны қиналмай жайбарақат айнылып жүргендерін көреді, сонда ол (са) умра жасауға ниет білдірді. Алайда сол жылы ол умра жасай алмады, және Меккенің мүшріктерімен уағдаласып, умраны келесі жылға қалдырды. Сол кезде, тіпті Умар (ра), ұлы сахаба, ашуға бой алдырып, Пайғамбардан (са) сұрады: «Уа, Алланың елшісі! Алланың берген уәдесі ақиқат емес пе? Мұндай қорлыққа неге көнігеміз? – деп. Сонда Пайғамбар (са): «Әлбетте, Алланың берген уәдесі ақиқат, алайда уәдеде умраны міндетті түрде биыл жасаймыз делінбеген» -деді. [1]

Бірде, ардақты Пайғамбарымыз (са) өзінің соңғы сырқаты кезінде, Алладан хабар алып, пәк әйелдеріне айтты, кімнің қолы ұзын сонымен о дүниеде бірінші кездесемін, -деп. Мүміндердің аналары, Пайғамбарымыздың (са) бұл сөздерін тура мағынада түсініп, қолдарын салыстыра бастады, кімдікі ұзынырақ екен деп. Сөйтіп олар ардақты Пайғамбармен (са) бірінші болып Хазірет Сауда (ра) кездеседі деген ұйғарымға келді (яки, ол әйелдерінің ішінен бірінші болып қайтыс болатын шығар деп). Бұны Пайғамбарымыз да (са) жоққа шығармады, және әйелдеріне де бұны жоққа шығартпады. Сосын Хазірет Айша (ра) айтады: «бірінші болып «мұқтаж жандардың анасы» Хазірет Зейнеп (ра) қайтыс болды, біз сонда ғана түсіндік, «ұзын қол» - садақаны көп беру дегенді білдіретінін. Ал марқұм Зейнеп (ра) садақаны көп беретін, қайырымдылықты өлшеусіз жасайтын» -деп. [2]

Осы тақырып жоғарыда келтірілген хадисте де орын тапқан: ардақты Пайғамбар (са) түсінде қоныс аударатын жерін көргенде, ол (са) бұны Йамам немесе Хаджр деп ойлады, алайда ақыры бұл Йасриб (Мәдина) болып шықты. Демек, егер пайғамбарлар өз түстерін кейде дұрыс түсінбей, дұрыс жорымай жатса, бұл қарсылық білдіретін негіз емес. Алайда бұл, Алланың өзіндік хикметі бойынша, Аллаһ тарапынан оларға берілген берекеті мен сый-сияпаты болып табылады, бұның мәні мынада: Аллаһу Тағала көрместің пердесін бір шекке дейін ашады, ал қалғаны өз уақытында ашылады. Уәделенген Мәсіх (ас) айтады:

«Барлық пайғамбарлар жеке пікірінде қателеседі, бұл жерде бәріміз бірдейміз. Тіпті осылай болуы да керек, адам Құдайға тең келмес үшін... Ардақты Пайғамбарымыз (са) өзінің қоныс аударатын жерін басында Йаман деп ойлады, алайда қоныс Мәдинаға жасалды. Жүзім ағашы жайында, ол (са) бұны Әбу Жахлге арналған деп ұқты, алайда кейінірек бұл Акрамға арналғаны анықталды. Пайғамбарлардың да білімі бірте-бірте дамиды, міне сондықтан Құран Кәрімде: «Ей, Пайғамбар, дұға ет: «О Раббым, білімімді арттыр» (Сүре Та Һа 20:115) -деп, жазылғанды». [3]

 
 

**Дереккөздер:**

 

[1]. Бұхари. Китабу-ш-шурути. Бабу шурути фи-л-джихади-л-масалиха.

2. Бұхари. Китабу-з-закат. Бабу фазли садакати-ш-шахихи-с-сахих.

3. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Мәлфузат. 2 т., Жаңа басылым. 224 бет.

 
 

## №40. Барша пайғамбарлар адамзатынан шыққан

*Рафи’ бин Хадидждің (оған Алланың ризашылығы болсын) айтуы бойынша, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаның (көшесінде) келе жатқанда, тұрғындар құрма тұқымдарын шағыстыруға дайындалып жатыпты. Ол (са): «Сендер не істеп жатырсыңдар?» - деп сұрады. Олар дәстүрге сай әдеттегі жұмыстарын істеп жатқанын айтты. Пайғамбар (са): «Мүмкін бұны істемесеңдер жақсырақ болады» - деді. Сонда адамдар жұмыстарын әрі қарата жалғастырмады, нәтижесінде құрма бітік шықпады. Баяндамашы айтады, сахабалар осы жағдайды ардақты Пайғамбарға (са) жеткізгенде, ол былай деп жауап қатты: «Мен де адаммын; егер мен діндеріңе қатысты бір нәрсе бұйырсам, соны ұстаныңдар. Ал егер, өзімнің пікірімді ғана білдірсем, бұны қарапайым адамның пікірі деп санаңдар». Басқа баяндамада, «сендер дүнияуи істеріңді өздерің жақсы білесіңдер» деген сөздер бар.*

*(Мүслим. Китабу-л-фазаиль. Бабу вуджуиб имтисәл ма кабила шар’ан...)*

**Хадистің түсіндірмесі:**

 

Бұл хадисті Имам Мүслимнен басқа Алляма Суйути де сенімді деп атаған. [1]

Бұл хадистен Алланың пайғамбарларының ерекше ақкөңілділіктері мен момындылықтарын аңғаруға болады. Біздің әміршіміз Хазірет Мұхаммед Мұстафа (са) барша пайғамбарлардың көсемі екені күмән тудырмайды, ол (са) оған дейін келгендердің және одан кейін келетіндердің ең абзалысы. Алайда, «тәкаппарлыққа жол жоқ» деген сөздер оның ұраны болған, ол бәрінен ұлық бола тұрып, асқан момындылықты көрсете білген. Мұсылман мен яһудидің арасында пікір-талас туындаса, «мені Мұсадан жоғары асырмаңдар» дейтұғын. Ардақты Пайғамбарымыз (са) сахабаларына: «мені шамадан тыс мақтамаңдар», - деп үйрететін. Қысқасы, кез-келген уақытта, барлық жағдайда ол адам болып қалатын. Ол (са) Құдайдың нұры болып түскеніне сөз жоқ, бірақ солай бола тұрып ол адамша киінетін. Демек, ол (са) Құдай нұрын жарқыратқан адам болған; бірақ ол ешқашан сырлы дүниені білемін деп талап етпеді, ал егер кімде-кім бұл қасиетті оған жапсарласа, ардақты Пайғамбарымыз (са) бұлай істеуге тиым салатын. [2]

Ол тек Алланың берген хабарын ғана жеткізетін және әрдайым: «О Раббым, білімімді арттыр» (Сүре Та һа 20:115) -деп дұға ететін.

Ол кейде шағын қателіктер жасайтын. Мысалға, ол (са) зухр мен аср намаздарын оқығанда, төрт рәкәттің орнына кейде екі немесе бес рәкәт орындайтын, және өзінің адам екенін мойындап, үнемі мына сөздерді айтатын: «Мен де сендер секілді адаммын; сендер ұмытқандай, мен де ұмытамын» -деп.

Пайғамбарымыз (са) тағы да былай деген: «Менің ұмытшақтығым – Сүннетімнің бір бөлігі» -деп. [3]

Мұндағы хикмет, адамдар намаздағы немесе басқа да істеріндегі ұмытшақтықпен көніксін деуі.

Пайғамбарға жүктелген рухани іс-мақсұтына жету үшін, оған білімді Аллаһу Тағала Өзі береді, бұны келтірілген хадистен түсінуге болады. Пайғамбарларға дүнияуи білім берілуі міндетті емес, бірақ оларға біреуден дүнияуи білім үйренуге тиым салынбаған. Міне сол себепті ардақты Пайғамбарымызға (са) кеңесу жайында үкім берілген, алайда соңғы шешім онікі болып қала береді, өйткені дүние адамдарында пайғамбарларда болатын рухани сезімталдықтың сәулесі болмайды.

Осы хадиске қатысты Уәделенген Мәсіх (ас) былай деген:

«Уахида қателік жоқ. Ал егер білдірілген пікір қателіктен ада деп саналатын болса, онда неліктен ол пікір деп аталады? Ардақты Пайғамбарымыз (са) құрма ағашына қатысты сахабаларына кеңес бергенде, сәтсіз нәтижеден кейін, ол айтты: *«сендер дүнияуи істеріңді менен де жақсы білесіңдер»* -деп... Бұдан оның пайғамбарлық міндеті кішкене де болсын зардап шекті ме?» [4]

 

**Дереккөздер:**

[1]. ‘Әлләмә Суйути. Джами‘у-с-сагыйр. 107 бет. Мәктәбә исләмиййа самандари. Лалпур. 1394 ж. х.

2. Тирмизи. Абвабу-н-никах. Бабу ма джа’а фи и‘лани-н-никахи.

3. Тирмизи. Бабу ма джа’а фи садждати-с-сахви.

4. Хазірет Мирза Ғұлам Ахмад. Мәлфузат. 2 т., 489 бет. Жаңа басылым.

**Соңы.**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-sih-zh-ne-m-di-s-alla-ty-elshisi-m-hammedti-s-s-k-zimen-hadis-31-40-40tan-589496](https://yvision.kz/kk/post/m-sih-zh-ne-m-di-s-alla-ty-elshisi-m-hammedti-s-s-k-zimen-hadis-31-40-40tan-589496)