---
title: "Мәсәлім бидің Сұр Жорғасы"
description: "Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858..."
author: "Masa77"
published: "2020-12-01T09:55:36+00:00"
modified: "2020-12-10T10:57:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-s-lim-bidi-s-r-zhor-asy-879413"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-s-lim-bidi-s-r-zhor-asy-879413/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мәсәлім бидің Сұр Жорғасы

> Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858...

Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858731; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы» https://yvision.kz/post/859230; «Салуалы ордам қонған жұрт» https://yvision.kz/post/859340; Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! https://yvision.kz/post/860976; Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек... https://yvision.kz/post/862239, Бабалар рухының көші https://yvision.kz/post/862800

Мәсәлім Би (Мұхамед-Сәлім) атам дүниеден өткенде әкем Шәуен (Наурызхан) сегіз жаста екен. Кітабында былай деп жазады: "Жалпы, әкем Мәсәлім биді көз алдыма елестетсем, ол ұзын бойлы, кең иықты, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, нұрлы адам болатын. Өзі ер адамға лайықты бойшаң және өте сымбатты еді. Замандастарының айтуынша, жүз кісінің ішінде басы көрініп тұратын. Дөңгелек жүзіне ықшамдап қойылған қара сақалына елу үш жасына дейін бір тал ақ кірмеген. Өзі етжеңді, толық болуына қарамастан, бойының еңсегейлілігінен семіздігі көп біліне қоймайтын. Осы жазғандарыма қарамастан, әкемнің асыл бейнесі көз алдымда тұрса да, оның шешендік дуалы сөздері мен әділ биліктері туралы мардымды еш нәрсе білемін деп айта алмаймын. Бұған себеп - ел ортасынан ертерек ұзаңқырап, оқумен жүргенім».

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/27f383ab805f18fadac1bc96ed63c9.png)

Мәсәлім Би

Кейіннен мен ағаларыммен Күнгейді біраз аралағанда, әкеміз туралы көбірек, атамыз туралы біраз әңгімелерді естідік. "Мәсәлім би сері болған" десті. Атқұмарлығы туралы да көп айтылды. Мәметек руының жақсыларының отырысында атама байланысты тұзды әңгімелер болғанда, оның қытай амбысы Матенмен болған шеке тірестіру кезінде амбының дарбазасын итере кірген тұлпарының аты «Қара болат» деп естілген маған, сүйтсем, ол әйгілі шомбал «Қарабоз ат» екен. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, жуан сирақты өзі ерең ірі сирек сұр қарабоз түсті ат бүкіл Тарбағатай мен Алтайға мәлім болыпты...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/147018cec926e160721f708c72bc1f.jpg)

"Ей, азаматтар, шоралар, Атты мінсең зорды мін". Ақтамберді.

Ал, Мәсәлімнің әйгілі Сұр Жорғасы туралы ағам Еркінге әкемді аға деп жүретін Қажытай Ілиясов жолыққанда айта бастапты. Тұрсынғазының концертінің алдында кездескен, көп сөйлесе алмаған. Ағам Еркін ақынжанды, Тұрсынғазының досы, атамыз туралы әңгімені ести сала құмарлана сұрай бастаған. Қажытай аға: үйге кел, жалпағынан айтып берем депті. Концерт кезінде анам Рахима, Қабдеш аға (Жұмаділов) бірге отырған, Қажытай аға жақын қатарда отырған, бірге далаға шыққанда соңында орындалған «Батыр баба - Қабанбай» әнінің ұранды қайырмасы - "Бар қазақтың ар-намысы, аруағы, / Асыл туған Қабанбай, Қабанбай, аруағыңнан -айІ..." деп шырқаған Тұрсынқазының нәрлі дауысы әлі құлақта тұрған, сонда Қабдеш аға Алатауға қарап тұрып "Осы әнді жиі орындай берсе, таудың арғы жағына да сес болар ма еді" деген екен...

Қажытай аға Еркін ағама "Атаңның сұр жорғасы туралы естігің келсе, үйге кел" деп тағы қайталапты. Бұл кісі бүкіл қазаққа аты шыққан атбегі. Атбегі кез келген халықта бар, кез келген халықта жылқытанушы жоқ. Ол қазақта ғана бар. Қажытай аға керемет жылқытанушы болған. Артынан Еркін ағам Мәсәлім бидің фантастикалық Сұр Жорғасы туралы әңгімесін есту үшін Қажытай ағамызды үйіне қонаққа шақырды...

Қажытай аға 1939 жылы Тарбағатайдың Дөрбілжін ауданында туған. Әкемнің ағасы Қызырханның ұлы Ожанмен бірге Шыңжаң Тіл институтында оқыған. Олжанды (шын есімі сол) оқуға бейімдеген менің әкем. Ол кісі қазір Күнгейдің белгілі ақыны, өлкелік радиодан берілетін гимн іспетті «Үрімжі таңы» әнінің авторы. Ожаңның досы - Қажытай ағамыздың ипостасы көп: жылқытанушы мен ақындығынан басқа - сазгер, спортшы-боксер, белгілі сатирик, этнограф, аудармашы. Бес аспап. Қабілеттерің санауға екі қолдың бармақтары жетпейді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/9ed764e68f4eed59a1af21e0162c28.jpg)

Қажытай Ілиясов

... Ет жеп болғаннан кейін Қажытай ағамызбен Еркін ағамның әңгімесі арыдан басталды. Әлмисақ сақ заманынан. Мен де құлағымды тұрып сақ отырдым. "Қытайлар жорғаны Тяньма – Тәңір аты деген екен" деп бастады Қажекең...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/54268239a28066de23e965449de604.png)

Тан императоры жайсаң Тайдзунның жорғасы - 天馬 Tiānmǎ. "Жылқы жыны" бар Тан императоры туралы бір реті келгенде жазармын.

Сосын Күнгейдегі өзі көрген жорғалар туралы айта бастады. Қисығынан бастады. Ауылымызда ішкі Қытайда атағы шыққан, әкелеріңнің досы Нығмет Мыңжанидың әкесі Мұхамметүсіптің елден ерекше жорғалағанда титығынды шығаратын, сонысымен қызық торғыл түсті "түйе жорғасы" болған деді. Талай мінгем ол атты, үш аяғымен ғана жорғалайтын. (Төртінші аяғы қайда қалады екен сонда...) Жорғаның түрлері көп деді. Ең баяуы - "жол жорға". Бәйбішелердің мимырт жүрісіне арналған. Одан сәл екпіндрендігі - қой жорға. Сосын китің, шәлдірік, тайпалма, жоғарыда айтылған "түйе", «ақсақ» жорғалар...

Керемет. Мен бұрын Қажытай ағаға жолыққанша жорға туралы не білетін едім, Күнгейдің «Жорға тай» әнінен басқа: Дәй-дәй-дәй жорға тай, / Ақ бикеш манат-ай. / Қызылдан борлат-ай, / Айдай құрбым, заулатшы-ай... / Оны өзінде бұл әнді Майра Мұхамедқызының концертінде алғаш естігем.

Қажытай аға жылқы, жорға туралы айтқанда құлпырып кетеді екен. Жорғаның ең ғажаптары деді: су жорға мен шапқын жорғалар. Нағыз дүлейлер. Су жорға бір алған шабыс екпінен таңбайды (түсінгенім, мәшіненің cruise control сияқты...). Ал шапқын жорғалардың екпіні тіпті адам сенгісіз болады екен. Он шақырымды үш минутқа жеткізбей басып өткен шапқын жорғалар өткен. Қазақтар жорғаның жылдамдығын байқау үшін құйрығына алты құлаштан он екі құлашқа дейін қызыл не көк арқан байлаған. Жорғалағанда арқанның үші жерге тимей көкжиекпен бірге созылып жату керек. Сыртынан не жанынан қарасаңыз - ат аласарған жермен-жексен миражға айналады: "Жал-құйрық жапсырған «Шәйкә» (Чайка) машинасындай". Бұл метафораны Қажытай аға соңынан айтып берген өз әні «Сары жорғамен» бекітіп берді: Көшпе алтындай сары жорға / Жосылғанда шайтан-ай, / Қара жолды қапсыратын жал-құйрықты «Шайкадай»...

Сосын Қажытай аға Таңғыт үкірдайдын әкесі Еңсенің асында берген бәйгесі туралы әңгімеге көшті. "Осы аста аталарың Мәсәлім Бидің Сұр Жорғасының аты" шыққан деді. Бұл бір керемет бәйге болыпты. Жеті жүзден астам ат қатысқан, жетпіс шақырымға аламан бәйге өткізілген. Ең кереметі - бұрын - сонды көп болмаған арнайы жорға бәйгесі. Оған арғы жақ пен бергі жақтан жүз елудей жорғалар келген. Асты атақты Көлбай Төгісов басқарыпты ("Үш Жүз" партиясын құрған, орыстың Учредительное собраниесіне депутаттыққа кандидат болған, адвокат, әкемнің досы Мұсылманбек ағаның аталарының бірі). Ал бәйгенің қорына мың жарым қой, үш жүз жылқы, жүз түйе, алтын-күміс тайтұяқ, қой тұяқ жамбылар, қалың түкті парсы кілемдері, бұлғын, сусар терілері тігіліпті... Бұл жерде маған "Таңғыт қызын Тұрысбек төренің аулына ұзатқанда, мінетін жорғасының алдынғы екі аяғына екі жуан алтын білезік, артқы екі аяғына екі күміс білезік кигізгені" деп Қалдыбай ағаның айтқан (Қанафинның) әңгімесі еске түсті. - Qazaq without show-off (pont-off)...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/6ff161614eb7770126e93ff1513f14.png)

Еңсенің асында Аламан бәйгеде Есенбай зәңгінің жирен жүйрік аты бірінші келіпті. Бірақ бүкіл жұрттың қөңілі бұрын-сонды көп болмаған су жорға мен шапқын жорғаны араластырып өткізілетін бәйгеде болыпты. Осы жерде Қазтай аға өзі де жорғаша көсілді: «Ой-пой, осы таңсық бәйгеде сендердің аталарын Мәсәлім бидің Сұр Жорғасы ешкімге дес бермеген ғой. Артынан итеріп отырған перісі бар ма, Қамбар атаның өзі қолпаштады ма, әйтеуір тылсым құдіреті бар екен, аузынан ақ көбігі бураныкіндей бұрқырап бәрінен оқ бойы алда келіпті». Қажытай аға Мәсәлім атам дүниеден өткеннен кейін он жылдан кейін туған ғой. Бірақ, титімдейінен жылқы жанды болып өскенннен Мәсәлімнің сұр жорғасы туралы әңгімеге әбден қанық екен. «Есейген шағымда, жиырма жыл өткен шығар, Мәсәлімнің сұр жорғасы әлі жұрт есінде. Еңсенің асындағы бәйге жыр қылып айтылады. Ол уақытта Маоның коммунизмі қызып тұрған кез, бай-шонжарлары туралы жақсы айтуға болмайды. Әйтседе аталарын туралы, оның жомарттығы, мәрттігі, серілігі туралы айтылып тұратын. Байларды жамандайтын заман болса да, Мәсәлім Би жөнінде бір жаман сөз естігем жоқ. Ол кісі туралы кезінде Сұлтан-Махмут та жазып кеткен ғой, оқыған шығарсындар. Ал мен қаршадайымнан жылқы жанды болдым, жылқы туралы әңгімелерді жібермеймін. Содан есімде қалғаны Мәсәлімнің Қабанбайдың Қубасы сияқты ерен Карабөз аты мен Сұр жорғасы туралы жыр іспеттес әңгімелер. Кейіннен 1910 жылы Қазаннан шыққан жорналдан Еңсені асы туралы мақала «Мұрадан» қайталанып басылып шыққанда ("Мұра» - Үрімжіде сексенінші жылдардан бастап шыға бастаған күнгей қазақтарының фольклорлық мұрасын жинақтау, насихаттау мақсатында шыға бастаған әдеби жорнал), оқып отырып, бала кезімде айтылған Мәсәлімнің Сүр Жорғасы көзімен оттай басылды», - деді қайран Қажекең...

Соңғы рет Еркін ағам Қажытай ағамен қантар айында қайтарынан бір-екі күн бұрын сөйлесіпті. Сонда да Қажекең Мәсәлімнің Сұр жорғасы туралы тағы айта бастапты...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/3ac19af7b5f11c3394bc24eb382908.jpg)

"Көктеп міңген ерінің астында көп жүгірер күлігі бар" Қажытай ағамыздың жаны жәнната болсын...

Соңында айтарым: Атамның соңғы міңген тұлпарлары - ерең Қарабозат пен Сұр Жорғадай болмаса да тұлдауда болған Жылтыр Қарамен қара буырыл жорғасының бастарының қаңқасы 1929 жылы Майқайын өзенінің жалпақ Кепе жазығында өткен Мәсәлім би асында ешкімнің қолы жетпейтін биік жартасқа қойылыпты...

Мәсәлім бидің Күнгейдегі ұрпақтарында да тұқымды жорғалар жоғалмаған, төменде суреттерде Еділ ағамның мінгені Жайырға белгілі Қызырхан атамның қара жорғасы, ол кісінің астында Мәжитхан атамның әйгілі жирен жорғасы (Қызырхан - Мәсәлімнің ұлкен, Мәжитхан кенже ұлы).

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/dcd767e00d541a9cd7b1434a62b7f5.png)

Қазақтың қазір ұмыт болған ескі бір қағидасы бар: Күнің бір күн болса да, жорға мініп өт.

Аталарымыз жорға мініп жайы-нажағай болып өткен бүл дүниеден...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-s-lim-bidi-s-r-zhor-asy-879413](https://yvision.kz/kk/post/m-s-lim-bidi-s-r-zhor-asy-879413)