---
title: "«Мәңгіліктің роктың» екінші фондағы бас кейіпкерлері"
description: "Рок-н-роллдың жілігін шағып, майын ішкендер «Мәңгілік роктың» етін сүйегінен ажыратып баға-пайымд..."
author: "aliziyadin"
published: "2012-06-20T02:16:30+00:00"
modified: "2012-06-20T02:18:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-gilikti-rokty-ekinshi-fonda-y-bas-keyipkerleri-269811"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/m-gilikti-rokty-ekinshi-fonda-y-bas-keyipkerleri-269811/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Мәңгіліктің роктың» екінші фондағы бас кейіпкерлері

> Рок-н-роллдың жілігін шағып, майын ішкендер «Мәңгілік роктың» етін сүйегінен ажыратып баға-пайымд...

![](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/20/2d78c2.jpg)

Рок-н-роллдың жілігін шағып, майын ішкендер «**[Мәңгілік роктың](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» етін сүйегінен ажыратып баға-пайымдауларды беріп-ақ жатқан тұста, аталған жанрды ара-тұра ғана тыңдайтын, ойындағы азды-көпті ақпараты шаң басып жатқан дилетанттың пікірі оқырманға қаншалықты қызықты боларын білмедім, алайда, хэви-метал мен хард-роктың глэм-металға қандай қатысы бар екенінен шала-шарпы хабардар жұртшылық үшін рецензия зиянсыз болар деп шештім.

**1987 жыл**. Жетпісінші жылдары бұрқ ете қалған **глэм-рок Америка Құрама Штаттарында** танымалдылықтың ақырғы күндерін өткізіп жатыр, жұдырықтарын түйіп, екі саусақтарын шошайтып, тіл шығарған мыңдаған фанаттар жақын арада жаппай поп-музыканың астында қаларын сезер емес.

**Голливудты** бағындырамын деп келген **Шерри** аузын ашып жүріп бар дүниесінен айрылып қалады. Аты дүрілдеп тұрған жергілікті барға даяшы болып жұмысқа орналасады, бармен болып істейтін музыкант **Дрюмен** танысады, тірнектеп жүріп дөңгелек пластинкаларын жинаған атақты рок-жұлдыз **Стейси Джекксты** «тірідей» көреді, жағымсыз кездейсоқтықтың арқасында жігіті болып үлгерген Дрюмен айрылысады, биші болып басқа ойын-сауық орнына кетеді, жылап-сықтайды, билейді, ән салады…

![](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/20/77bd2c.jpg) **«Шаш спрейі» (Лак для волос/Hairspray)** фильмі арқылы 60-шы жылдардың атмосферасын айна-қатесіз дерлік жеткізе алған (сарықарын бәйбіше рөліндегі **Джон Траволтаны** ұмытпаған шығарсыздар) режиссер **Алан Шенкман** – көрермендерге таныс маман. Оның **«Естелік серуені» (Спеши любить/A Walk to Remember)** туындысын ауызға алса болды, алды мектеп оқушысы, арты орта жастағы аудиторияның шулап қоя беретіні бар.

Сол Шенкман алдыға **Джулианна Хаф (Шерри)**, **Диего Гонсалес Бонета (Дрю)** секілді жас актерларды салып, ауыр артиллерияның орнына **Алек Болдуин (Деннис Дюпри)**, **Кэтрин Зета-Джонс (Патриция Уитмор)**, **Пол Джиаматти (Пол Гилл)** және **Том Круз (Стейси Джексс)** сияқты тіс қаққан мамандарды алып «[Мәңгілік рокты](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)» түсірген екен.

![](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/20/36fd89.jpg) [Фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31), мюзикл болғандықтан, бірінші кезекте өзіне тән ерекшелігімен, яғни музыкасымен, әуенімен, актерларының дауысымен аудиторияға қызықты. Бұл тұрғыда «[Мәңгілік рокты](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)» сынап, ұрсып, сүзгілейтін жөн жоқ, себебі, сол кездегі **глэм-метал** мен **AOR (Album-oriented Rock – Рокқа бағытталған альбом)** жанрларындағы танымал еңбектердің каверлері ойнатылатын [фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) рок-музыкадан еш хабарым жоқ деген көрерменді берісі дән риза қылып, арысы «**I Love Rock 'n' Roll**» деп ән айтқызып қояды. Сондықтан, жеке өзім тұтынушы ретінде мюзиклдардың сценариін жазған **Крис Д’Ариенцоға** рахмет айттым.

**«Валькирия» операциясы»**, **«Соңғы самурай»** және басқа толып жатқан фильмдерде ер мінезді, нар тұлғалы кейіпкерлерді сомдап келген **Том Крузды** ковбой қалпағын баса киген, виски бутылкасы аузынан ажырамайтын, денесін тату басқан, сықырлаған теріден жасалған киім киген **Стейси Джексс** бейнесінде көру көрермен ретінде мені «мәдени нокаутқа» жіберді (**Алек Болдуин** мен **Кэтрин Зета-Джонсты** қойшы, қиямпұрыс кейіпкерлерінің шет-жағасын көрдік қой). Сөз жоқ, **«Орындалмас миссияның»** қаһарманы «[Мәңгілік роктың](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)» екінші пландағы бас кейіпкері атануға лайық: фильмнің сөлі, мәні осы Джексстың маңына шоғырланған.

![](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/20/1792f8.jpg) Екі ғашық-бас кейіпкерлерді ойнаған **Джулианна Хаф** пен **Диего Бонета** таң қалдыра алмады. Әрине, ол актерлардың алдарына қойылған миссияның кесірінен болар, бірақ шашы дудыраған ақсары қыз бен бұйрабас жігіттің осы рөлдері өздеріне дейін және кейін экранға шыққан/шығатын голливудтық қалың бозбала-бойжеткендер тобының арасында қалып қоя ма деймін.

![](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/20/150d26.jpg) [Фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) жан-тәнімен музыкаға берілген меломандарға ғана емес, жай ғана фильм тұтынушыларына да қызықты болады деп ойлаймын. Әрине, егер сізді рок-н-роллдың лас тұстары кері итермесе (мәселен, «секс, есірткі және рок-н-ролл» ұраны), онда [фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) тек орындалатын саундтректері үшін ғана көруге тұрарлық деген ұсынысты қабылдап көрсеңіз болады.

«[Мәңгілік роктың](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=943:q-q-rock-of-ages&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)» күлкі шақырған тұсы **boy band**-тардың көрсетілгені болды. 90-жылдары жаппай аса танымал болған бұл топтар бір кездері рок-аудиторияның ысқырығын естіп, лақтырған бөтелкелерінен «таяқ жеуі» ескінің кетіп, жаңаның келуі туралы пәлсапалық ойларға жетелеп-ақ кеткені рас. Бірақ, бұл басқа әңгіме…

*P.S. Алек, сізге гомосексуал болған жараспайтын сияқты ![](http://l.yimg.com/us.yimg.com/i/mesg/emoticons7/1.gif) *

*Дінмұхамед Зиядин [Киностан.кз](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=976:l-r----&catid=35:2011-04-06-05-23-48&Itemid=14)*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/m-gilikti-rokty-ekinshi-fonda-y-bas-keyipkerleri-269811](https://yvision.kz/kk/post/m-gilikti-rokty-ekinshi-fonda-y-bas-keyipkerleri-269811)