---
title: "Ұлытау ұлағаты"
description: "Әзірет Сұлтан қорық-мұражайында Наурыз тойы тойланысымен Ұлытауды бетке алып атқа қонған біз жолшыб..."
author: "azret_sultan"
published: "2016-06-09T04:58:27+00:00"
modified: "2016-06-09T04:58:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/lytau-la-aty-696915"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/lytau-la-aty-696915/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ұлытау ұлағаты

> Әзірет Сұлтан қорық-мұражайында Наурыз тойы тойланысымен Ұлытауды бетке алып атқа қонған біз жолшыб...

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13094410_1735519116703828_8966177780050436972_n.jpg?oh=a9f0047ba53d44bb7a2efac0d9f2f898&oe=5808F797)

Әзірет Сұлтан қорық-мұражайында Наурыз тойы тойланысымен Ұлытауды бетке алып атқа қонған біз жолшыбай «Сыр – Алаштың анасы» - деп Елбасы әспеттеген Қызылорда қаласына күн ұясына қона жеттік. Қызылорда мен Жезқазған арасындағы 430 шақырым, жолы өте нашар, бірер күн бұрын жауын жауып, жолдың бәрі лайсаң болып кеткен екен, қайта-қайта тоқтап, көлігіміздің біреуі бұзылып жолда 1 сағаттай кідіріп қалдық. Әупірімдеп жүріп, Жезқазғанға 8 сағатта әрең жеткен біз түскі асымызды ішіп, ат шалдырып алған соң Ұлытау қайдасың деп тартып кеттік. 20 шақырым жүргенде Сәтпаев қаласының қарасыда көрінді, одан Жезді кентін артқа тастаған соң ақ мұнартқан маңғаз Ұлытау тауларының сұлбалары шалынды. Тау бөктерінде айшықты үлкен әріптермен көзді арбаған «Ұлытау – ұлт ұясы» деген жазу көзге мұндалады. Ұлытауға кіре бергенде ең алдымен назар аудартқаны «Қазақстан мемлекетінің тұтастығы мен халықтарының бірлігі» атты монументі, жанында үлкен ақ тас болды, онда былай жазылыпты: «Бұл жерде қасиетті Ұлытау баурайында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш белгі орнатылды». Дәл сол киелі жерде бізді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкерлері қарсы алып, музейге жол бастады. Экспонаттарымызды жайғап болған соң мұражай директорының орынбасары Нұрсұлу апайымыздың шаңырағынан дәм таттық. Қарнымыз ашып қалғандықтан ба, жоқ өзі солай ма тілді үйірген дәміне сүйсіне отырып етті де жедік, шәйды да армансыз сораптадық-ау деймін. Шіркін, жері қандай кең болса, көңіл дархандығы одан еш қалыспайтын қайран қазағым-ай. Тау бұлағының зәмзәмдай суы сары самаурында бұрқылдай қайнап, шайқұмарлардың ындынын бір қандырғандай. Арқа-жарқа әңгімені әуелеген ән бұзды. Мұражайдың архитектура бөлімінің меңгерушісі Баян апайымыздың гитарамен әу дейтіні бар екен, бізге қазақша, орысша әндер айтып көңілімізді марқайтып-ақ тастады. Ертесіне түс ауа Әулие тауға бізді мұражайдың бас қор сақтаушысы Талғат бастап шықты. Ұлытау өңірінің табиғатына тамсанып, фотоаппаратымызға жабыстық. Жолшыбай ауыл аумағында орналасқан ұлы ақын, жырау, би, философ бабамыз - Асан Қайғының ескерткішіне соғып, суретке түсуді де ұмыт қалдырмадық. Кезінде желмаясымен желіп жүріп жерұйықты іздеген абыз бабамыз Асанқайғы Ұлытауды көргенде, «елдің аласы жоқ, рудың таласы жоқ, байлығы асып, елдің ырысы тасып жатқан, жердің ортасы, елдің ордасы болатын, мына Көктөбе мен іздеген жерұйық осы болар» – деген екен. Осы мекенде қасиетті де киелі құс «ұлар» мекендейді – деп Талғат ағамыз айта бергені сол еді бір талдың басынан қос ұлар пыр ете қалды. Жаппай фотоаппаратқа жармасқанмен әттең түсіріп үлгере алмай сан соқтық. Одан әргі қадамымыз бірте-бірте ауырлай түсіп, тауға да шықтық. Демалған сәттерде табиғат тамашаларын суретке түсіріп отырдық. Әулие таудың биіктігі - 1113 метр екен. Оңтүстік ыстығынан барып, таудың басындағы қарды қолымызбен ұстау, біз үшін бір ғажайып құбылыстай болды. Әуелгіде шаршағандай болған бізді әулиелер рухы қолдап жебеді ме, біртін-біртін өзімізді жеңіл сезіне бастадық. Әлде бір күш алға қарай жетелей берді.

Биік жартасқа өрмелеп бара жатып неше түрлі ойлар көңілге келеді. Тасқа өрмелей біткен қайыңдар тұп тура биші қыздар сияқты. Сыңсый ырғалады. Билеп тұр. Тап-таза ауа. Төменде таудан құлап ағып жатқан судың сыңғыры естіледі. Ұлытау шағындау елдімекен екен. Аудан орталығында 120 ғана үй бар.

Аңызды қойнына қысып, жамбастай жайғасқан Әулие таудың ең биігінде жеті әулие жерленіпті. Зиярат етіп, құран оқыдық. Әрмен қарай Әулиетаудың ұшар басына шығып, өзіміздің көкейімізде жүрген мақсат-тілегімізді, игі ниеттерімізді айтып, тілек тіледік. Бұл жерден төңіректің бәрі теп-тегіс айнадағыдай көрініп тұр. Мұндағы әулие үңгір өте қорқынышты орналасыпты. Құз жартастар әні-міні дегенше құлап кететін сияқты. Келіп тәу етушілер осы үңгірге түнейді екен. Талғат ағамыздың сөзіне сенсек, тілектері қабыл болып, перзент сүйгендері аз емес көрінеді.

Ұлытаудың саф ауасы сезіміңді шарықтатып, қиялыңа қанат бітіріп, көкке қарай самғап ұшып кеткің келетіндей. Бұл неткен ерекше әсер десеңізші.

Таудан төмен қарай түсу жеке өзіме аса қиындық туғыза қойған жоқ, бірақ «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, аяғың сәл тайса болды, төменге қарай домалап кетуің де ғажап емес, ұқыптылықпен түспесең болмайды.

Күн байырқыланып, қызыл жалқынға шомылғанда тау басынан төмен түсіп, жатар жерге табан тіредік. Әрі қарай ертеңгі көрмемізді талқылап алдық.

Келесі күні сағат 11-00де «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында «Ұлытауды ұлықтайды Түркістан» атты көрмемізді салтанатты түрде ашып, көпшілік назарына ұсындық. Көрмеге ауыл әкімі, мектеп оқушылары, БАҚ өкілдері, ауыл ақсақалдары қатысып өз ризашылдықтарын білдірді. Бәрі де ойдағыдай өтті.

Көрме біткен соң мұражай директоры Бахтияр ағамыздың шаңырағынан дәм таттық. Қимай қоштасқан біз қайтар жолда жолбасшымыз Жандос Мағазбекұлының ұсынысымен жолшыбай Сәтпаев қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Алаша хан мазарына барып, құран бағыштап, фотоға түстік. Сол жердің шырақшысынан Жошы хан жолынан хабардар болдық. Қарагеңгір өзенінің дәл тасыған тұсына кез келіппіз. Жусанның жұпар исі аңқыған даланың қотыр жолдарымен жүріп келіп, өзен жағасына да жеттік-ау. Тіпті атпен де өту мүмкін емес екен. Қарагеңгір өзенін жағалап отырып, алыстан болса да Жошы хан рухына құран бағыштадық. Суретке түсіп, кең даланы тамашалап, аз-кем уақыттан соң қайтуға бет алдық. Күн батып кеткен, Жезқазғанға жетіп түнедік. Төрт күнге созылған іс-сапарымыздан мол олжамен оралдық. Рухани жанымыз тазарып қалғандай Алда – киелі Түркістан, Артта – ұлт ұясы - Ұлытау. Сарыарқаның сары даласы біз мінген көлікпен жарыса дөңгеленіп қалып бара жатты.

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/t31.0-8/s960x960/13064521_1735503750038698_543792639380761744_o.jpg)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13087611_1735503776705362_8434558064492411119_n.jpg?oh=b81d8c4c222ba40ed3a72b09512cd2e3&oe=5807B1EA)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13087463_1735503830038690_7330928288691303044_n.jpg?oh=6dd14f36e3ef656d6cd9d5eac7a4f3d0&oe=57C82D00)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13055445_1735503870038686_2007916943776950188_n.jpg?oh=ede253b144ac30da2da2456eca5abf1a&oe=57C75046)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13087846_1735503923372014_8819229693031780970_n.jpg?oh=df79061aa64bfdd13272ec0d31713df5&oe=57CC717F)

![Ұлытау ұлағаты](https://fbcdn-sphotos-g-a.akamaihd.net/hphotos-ak-xlf1/v/t1.0-9/13077033_1735506873371719_3910314256526168410_n.jpg?oh=349e41bae9d979360812d3b39b87bebd&oe=57D3B31D&__gda__=1472821894_494b3bccc2e56a6df7b12d0d69e69f50)

![Ұлытау ұлағаты](https://fbcdn-sphotos-c-a.akamaihd.net/hphotos-ak-xpl1/v/t1.0-9/13100963_1735505573371849_729236290016083930_n.jpg?oh=794d665a0611d9801d6d71b94d322b94&oe=58062674&__gda__=1472927736_51b398de1f974506ab1e7fb87297112d)

![Ұлытау ұлағаты](https://fbcdn-sphotos-c-a.akamaihd.net/hphotos-ak-xtl1/v/t1.0-9/13092095_1735512630037810_6872746114070272522_n.jpg?oh=8d6f1abc2ad8386aa4cd7d332b20e150&oe=5808E722&__gda__=1472358929_13a5a75200f19ee9356281bc85692df7)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13076836_1735515666704173_2498111886328294606_n.jpg?oh=b36979e99cb93c04fa581f15907e8a3d&oe=57CAC290)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13100890_1735515733370833_2481302149933466571_n.jpg?oh=b66c9087275d24c487f4e33b16fcf9e3&oe=57D29EE6)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13083304_1735516580037415_2216991665328236729_n.jpg?oh=67f2e561c2e1806503f75582353b8af5&oe=57C264D0)

![Ұлытау ұлағаты](https://scontent.xx.fbcdn.net/v/t1.0-9/13094292_1735520340037039_6121188321382930595_n.jpg?oh=bf73eff2d80b1abb270fb6d3f236f93b&oe=57D1411C)

Даулет Кожамуратов

«Әзірет Сұлтан» қорық музейінің мәдени байланыс жөніндегі менеджер

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/lytau-la-aty-696915](https://yvision.kz/kk/post/lytau-la-aty-696915)