---
title: "«Әлихан жолы» Ақтоғай төрінде"
description: "Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылынд..."
author: "CRMI"
published: "2016-06-14T01:56:19+00:00"
modified: "2016-06-14T01:56:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/lihan-zholy-a-to-ay-t-rinde-697395"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/lihan-zholy-a-to-ay-t-rinde-697395/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Әлихан жолы» Ақтоғай төрінде

> Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылынд...

Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. «Әлихан жолы» жобасы осы елді мекенге жетті. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Бабамыздың туған туыстары, ата-бабалары осы мекенде жерленген. «Тұлға жолы» экспедиция делегаттары ғұламаның туғандарына құран бағыштап, тарихты кеңірек таныды. Ақтоғай елді мекенінің тумасы, тарихшы Тұңғышбай Мұқанов бұл жердің тарихын баяндап, өлкемен таныстырды. Осы жерде Әлиханның балалық шағы өтіп, кейіңірек тұрған қыстағы мектепке айналған деседі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/T4QYClwY8r8Gpfwlohm9Z17ZqxQZRH.jpg)

Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/7cI35B0q89q1LThYwg0XqTr102Wot4.jpg)

Ақтоғай елді мекені ризашылықпен қарсы алып, қонақжайлықтарын танытуда. Керекулік жастар өздерінің арнайы дайындаған шағын концерттік бағдарламаларын қойып, халықтың ақ батысын алды. Әлихан ізімен жүрген павлодарлық жастардың соңғы қоятын нүктесі осы жер. «Әр қазақ менің жалғызым», - деп қарсыалған бұл елге біздің де алғысымыз шексіз.

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын, жеті облыс - бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, –

деп С.Торайғыров айтқандай, Әлекең әрқашан да қазақ жүрегінде жеке дара тұлға болып қала бермек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/VuyU7T601C5QyjpSL3AL06D96P2ycP.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/lihan-zholy-a-to-ay-t-rinde-697395](https://yvision.kz/kk/post/lihan-zholy-a-to-ay-t-rinde-697395)