---
title: "Әлеуметтік желі және жастар"
description: "Әлеуметтік желі қоғам өміріне толықтай еніп, өз рөлінің маңыздылығын дәлелдеп қойғандығына талас жоқ..."
author: "usergoogle115951621983422689394"
published: "2021-05-04T16:02:49+00:00"
modified: "2021-05-04T16:02:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/leumettik-zheli-zh-ne-zhastar-933615"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/leumettik-zheli-zh-ne-zhastar-933615/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әлеуметтік желі және жастар

> Әлеуметтік желі қоғам өміріне толықтай еніп, өз рөлінің маңыздылығын дәлелдеп қойғандығына талас жоқ...

Әлеуметтік желі қоғам өміріне толықтай еніп, өз рөлінің маңыздылығын дәлелдеп қойғандығына талас жоқ. Тіпті күнделікті жуыну, тамақтану сияқты міндетті істердің қатарына әлеуметтік желіні бір шарлап шығу да қосылған десек артық етпес. Сандарға сүйенсек, бүгінде әлем халқының 53,6% желі қолданушысы. Жыл өткен сайын тіркелушілер саны көбейіп жатыр. Мысалы 2021 жылдың бастапқы айларының өзінде жарты миллиард жаңа қолданушы қосылған.

Желіде белсенділігі жоғары топ жастар тобы екені бұрыннан белгілі. Жастардың әлеуметтік желіде отыру мақсаты мен қызығушылықтарын білу мақсатында шағын сауалнама жүргізген болатынмын. Сауалнамаға 15-25 жас аралығындағы 40 адам қатысты. Тіркелу жағынан көш бастап тұрған әлеуметтік желілер Instagram. Telegram және Tik Tok. Сауалнамаға қатысушылардың уақыт көрсеткіштеріне келер болсақ, 42,5% әлеуметтік желіде отыруға 4 сағаттан көп уақыт жұмсайды. Сондай-ақ басым көпшілігі күннің қай бөлігінде белсенді түрде қолданасыз деген сұраққа түнгі уақыттарын арнайтынын айтты.

Әлеуметтік желілердің бастапқы мақсаты адамдар арасында қарым-қатынас орнату, жаңа таныстықтар болса, қазіргі таңда көбіне ақпарат алу алаңына айналғанын сауалнама қорытындысынан байқауға болады. Қуантарлық жауаптар жастар әлеуметтік желіде жеке ақпаратпен бөлісе бермейді және ондағы ақпаратқа 50% ғана сенетінін айтты. Демек, желідегі барлық ақпаратқа көзсіз сену жоқ. Тағы бір жақсы көрсеткіш, сауалнама қатысушылары әлеуметтік желіде өнер жұлдыздары не блогерлер емес, көбіне жекелеген сала мамандарының (психолог, қаржы маманы, стилист, т.б.) блогын бақылап, керек ақпаратты аламыз дейді.

Шағын сауалнама жауаптарын қорытындылай келе, жастардың әлеуметтік желіні қолдану сапасы жақсарғанын, тек көңіл көтеру емес, ақпараттық мақсатта пайдалану басым екендігі байқалады. Алайда желіге жұмсайтын уақыттың көптігі әрі түнде қолдануы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/leumettik-zheli-zh-ne-zhastar-933615](https://yvision.kz/kk/post/leumettik-zheli-zh-ne-zhastar-933615)