---
title: "Әлемнің аса мықты 80 боксшысы Талғарға жиналды"
description: "Бүгін Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясына Халықаралық әуе..."
author: "kazsportagent"
published: "2014-09-16T02:04:27+00:00"
modified: "2014-09-16T02:04:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/lemni-asa-my-ty-80-boksshysy-tal-ar-a-zhinaldy-429781"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/lemni-asa-my-ty-80-boksshysy-tal-ar-a-zhinaldy-429781/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әлемнің аса мықты 80 боксшысы Талғарға жиналды

> Бүгін Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясына Халықаралық әуе...

[!\[Әлемнің аса мықты 80 боксшысы Талғарға жиналды\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/09/20140421123354-300x183.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2014/09/20140421123354.jpg)

Бүгін Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясына Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) жаңа APB (АИБА Кәсіпқой боксы) жобасына қатысатын әлемнің ең мықты деген 80 әуесқой боксшысы жиналды.

Бұл туралы Қазақстанның бокс федерациясынан мәлімдеді. Бұл боксшылардың арасында бес отандасымыз — Біржан Жақыпов (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Антон Пинчук (91 кг дейін) бар. Алдымен медициналық тексерулерден өткен былғары қолғап шеберлері қазір жаттығуларға кірісті. Сонымен қатар, арнайы курстарға да қатысуда. Ең соңында жігіттер жаңа жобаға байланысты фото-бейне сессияларға қатысады. Ал алдағы 17 қыркүйек күні осында Бүкіләлемдік бокс академиясының ашылу салтанаты болады. Одан кейін APB-дің (эй-пи-би) алғашқы маусымының жеребесі тартылады. Айта кетелік, ең ауыр салмақ дәрежесіндегі боксшылардың есімдері белгілі болды. Олар: румын Миай Нестор, ӘЧ қола жүлдегері неміс Эрик Пфайфер, украиндық Сергей Вервейко, француз Ноуфил Оуата, марокколық Мохаммед Арджауи, екі дүркін Әлем чемпионы әзербайжандық Магомедрәсүл Меджидов, Еуропа чемпионы ресейлік Магомед Омаров және аргентиналық Сезар Гиглиони. Естеріңізге сала кетейік, бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бапкерлер кеңесі бұл жаңа жобаға боксшыларымызды тек бес салмақ санаты бойынша ғана қатыстыруды ұйғарды. Ал жалпы сайыстар сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтеді.

Автор: [Жаппарберген Айбота](http://www.inform.kz/kaz/searchauthor/989)

Басты сөздер: [Алматы](http://www.inform.kz/kaz/searchtag/253) , [Спорт](http://www.inform.kz/kaz/searchtag/290)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/lemni-asa-my-ty-80-boksshysy-tal-ar-a-zhinaldy-429781](https://yvision.kz/kk/post/lemni-asa-my-ty-80-boksshysy-tal-ar-a-zhinaldy-429781)