---
title: "Латын алфавитіне көшу жайында"
description: "Бұрыннан талқыланып келе жатқан бұл мәселе төңірегінде кеше Фейсбук әлеуметтік желісінде танымал ав..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2017-02-02T10:24:06+00:00"
modified: "2017-02-02T10:24:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/latyn-alfavitine-k-shu-zhayynda-753598"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/latyn-alfavitine-k-shu-zhayynda-753598/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Латын алфавитіне көшу жайында

> Бұрыннан талқыланып келе жатқан бұл мәселе төңірегінде кеше Фейсбук әлеуметтік желісінде танымал ав...

![Латын алфавитіне көшу жайында](https://storage.yvision.kz/images/user/yerlan_iskakov/HJeXM122q31SHWK9aikZgso58jUYoC.jpg)

Бұрыннан талқыланып келе жатқан бұл мәселе төңірегінде кеше Фейсбук әлеуметтік желісінде танымал автор Қанат Тасыбеков пен басқа да желі ішіндегі "достармен" ұзақ пікір-талас болды.

Мен латын графикасына көшу қажеттілігін түсінбейтін, қолдамайтындардың қатарындамын. Мені, алайда, қарсылас деп атау артық болатын шығар. Осы уақытқа дейін негізінен жеке пікірлер, мақалалар мен мәселені бір ғана қырынан талқылау сынды ой-ұстанымдарды кездестірудемін.

Жан-жақты зерттеліп, жүйелі әрі түсінікті етіп жазылған кешенді талдауды көрмеппін. Бұл өзі тіл мамандары мен шенеуніктер қарауындағы және тек солардың ұйғарымымен ғана талқыланып, шешілетін мәселе сияқты.

Айтарым: әлі де болса өз пікірімде қалдым – латын алфавитіне көшуді қолдап, ұстанымын басқаларға жеткізуге тырысқандардың еңбегін құрметтеймін, осы мәселені тағып бір саралап шығуға тырысамын.

Алайда, мен сияқтылардың ой-пікірі мен ұстанымын халық пен тілге "нағыз қажетті реформаға" қарсы шыққандар, түсінгісі келмейтіндер мен адасқандар дегендей сарында көрсетудің қажеті жоқ - дәл осылай айтылмаса да, маған осылай сезіледі, әйтпесе, осы уақытқа дейін өзім өмір бойы қолданып келген тіл мен оның графикасында "мін" бар екендігін аңғармаппын, неге?

Мен қолданыстағы жүйеге сүйеніп қазақша оқимын, жазамын, сөйлеймін, тіпті ағылшын/орыс тілдерінен қазақ тіліне аударма жасаймын, сонда "нағыз өзекті" мәселе менің назарымнан қалай тыс қалды?

Оны шешпей аман қалмасақ, осы уақытқа дейін неге өзгертіп тастамадық?

Сұрақ көп…

Латын графикасын қолдайтындар бірізділік танытып, мәтіндерін бұдан былай тек жаңа қаріппен жазса бола ма екен? Әлде түбінде үкіметтің қаулысы қажет пе? Тіл адамдыкі – ыңғайлы болса, латынша жазуға не кедергі? Казинформда латын әріптерімен терілген жаңалықтарды оқып жүретіндер бар ма өзі? Болса, оның мына мен қолданған графикадан артықшылығы неде?

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/latyn-alfavitine-k-shu-zhayynda-753598](https://yvision.kz/kk/post/latyn-alfavitine-k-shu-zhayynda-753598)