---
title: "Құрылысшылардың құндылығын арттыру – маңызды!"
description: "Биыл мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп жариялады. Осыған орай, мұның маңыздылығы, мұндағы қызметкерлердің әл-ауқаты мен мү?..."
author: "journalist_n"
published: "2025-06-08T19:10:05+00:00"
modified: "2025-06-08T19:10:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kurylysshylardyn-kundylygyn-arttyru-manyzdy-1014701"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kurylysshylardyn-kundylygyn-arttyru-manyzdy-1014701/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Құрылысшылардың құндылығын арттыру – маңызды!

> Биыл мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп жариялады. Осыған орай, мұның маңыздылығы, мұндағы қызметкерлердің әл-ауқаты мен мү?...

**Биыл мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп жариялады. Осыған орай, мұның маңыздылығы, мұндағы қызметкерлердің әл-ауқаты мен мүмкіндіктері туралы достарының арасында «Строитель на каблуках» аталып кеткен, «Gulvira Group» компаниясының басшысы Гульвира Бақытжанқызын сөзге тарттық.**

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/63400c79f738984a18503714705215ba.jpg?width=1170&height=1334)

- ***Гульвира ханым, құрылыс саласына қалай келдіңіз? Бұл салаға деген қызығушылық қайдан басталды?***

Ауылдан 6-сыныпта кеттім. 2008-2010 жылдары өзім қабырғаға суреттер (росписьтар) салып жүрдім. Тапсырыс артқан соң, ары қарай команда жинадым. Сөйтіп жүріп толығымен ремонт под ключке өтіп кеттік. Басында көп шығын болды. Көп тәуекелге бардым. Білімнен ақша аяған емеспін. Осындай қиын әрі тәуекелі көп жолдар мені қазіргі жағдайға әкелді.

- ***Қазір қарамағыңызда қанша адам жұмыс істейді? Қандай жобалар іске асып жатыр?***

Офисте 25 адам бар. Ал құрылыс нысандарында электр маманы, сантехник, декоратор, жиһаз жасаушылар мен өзге қызметкерлерді қосқанда 200-250 адамды жұмыспен қамтып отырмын.

- ***Команданы қалай құрдыңыз? Қызметкерлерді таңдауда неге мән бересіз?***

Ең бірінші ниеті мен талпынысына қараймын. Дайын, білікті маман бірден болмайды. Оларды оқытып, жол көрсету керек. Басында қабырғаға сурет (роспись) салып жүргенімде, қазақтың жігіттері лай тасып, күннің ыстығында ауыр жұмыстар жасап жүретін. Ал өзге ұлттар жеңілдеу жұмыс істеп, оларға қарағанда көп жалақы алатынын бірнеше рет байқадым. Бұған қатты намыстандым. Сөйтіп декорацияны зерттеп, өзім де жасап, қасымдағы 1-2 жігітке де үйретіп, команда жинай бастадым. Жұмыстың бәрі декоративная штукатуркадан басталды. Ешқашан білмеймін деген емеспін. Білмейтінімізді зерттеп, үйрендік. Соған сай тапсырыс та артып, бригада саны да көбейді.

- ***2025 жыл – Президент жариялаған “Жұмысшылар жылы”. Бұл бастама туралы не ойлайсыз?***

«Жұмысшылар жылын» жыл да атаса да артық емес. Өйткені олардың жұмысы өте ауыр. Денсаулыққа да зиян. Қазір құрылысшыларды дайындайтын оқу орталығын ашу туралы ойластырып жатырмын. Ауылдағы көпбалалы отбасылардың көбі баласына жоғары білім беруге қаражаты жетпегендіктен, қалаға ақша табуға жіберіп жатады. Соларды арнайы оқытып, тәжірибе беретін осындай орталық болса деген арманым бар. Ал 40-50 жасқа келген құрылысшылар әскери сала мамандары сияқты зейнетке ерте шығып, сол жерде жас мамандарды үйретіп, оқытса деймін. Өйткені құрылыстағы жұмыстар өкпеге, асқазанға өте зиян. Сондықтан өзім командама әр 5 жыл сайын саланы өзгертіп отыруды айтамын. Мысалы бояумен жұмыс істейтін декораторларда тері аллергиясы, көз ауруы пайда болып, асқазандары құртылады. Сондықтан олардың еңбегі адал. Жұмысшыларды қолдау бірінші кезекте тұруы керек. Оларды оқытып, көзін ашу маңызды. Елімізде құрылысты оқытатын жер жоқ. Көпсалалы колледждерде теорияны оқытқанымен, практиканы бізге келіп бір-ақ меңгеріп жатады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/01d327295d8f19b95aa33c4359a0d493.jpg?width=1170&height=1460)

- ***Өз командаңыздағы қызметкерлердің әл-ауқаты мен құқықтарын қорғау үшін қандай шаралар қабылдайсыз? Қандай ынталандыру жұмыстарын жасайсыз? ***

Команда – мен үшін әрдайым 1-орында. Кейде клиент қызмет ақысын төлемей қалған жағдайда да, барлығын өз қалтамнан төлеймін. Команда үлкен болғандықтан, ондағы 250 адам бір-бірімен танып-білуі үшін, сергіп демалуы үшін тимбилдингтер өткізіп тұрамыз. Адами капитал – бизнестегі ең құнды валюта. Сондықтан командамыздың ішкі күйінің де жоғары болуы біз үшін өте маңызды. Мәселен, биылғы Жаңа жылда 300 адамға арналған банкет өткіздік.

Сондай-ақ командадағы электр маманы, сантехник сынды бір бағытта мамандандырылған сала иелерінің жалақысын 600-700 мыңға дейін көтердік. Өйткені мамандар тапшы. Сонымен қатар, қазақтарды осы мамандықты игеруге шақырамыз.

- ***Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру үшін қоғамда не өзгеруі керек деп ойлайсыз?***

Тапсырыс берушілердің, халықтың құрылыс саласына, ондағы мамандарға деген көзқарасы өзгеруі керек деп ойлаймын. Бізде қара жұмысшыларға құл сияқты қарау қалыптасып кеткен. Осы таптаурын түсінікті өзгертуіміз керек. Екіншіден, қызмет құнын көтеріп, құндылықты арттыру маңызды. Мысалы, 5 жыл бұрын 1 млн теңгеге жоба дизайнын сыздыру миға қонбайтын нәрсе болған. Тапсырыс берушілер ол суммаға одан да жөндеу жұмыстарын жасаған тиімді екенін айтатын. Ал қазір бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннің нәтижесінде халықтың көзқарасы өзгерді. Олар жоба дизайны сметалық шығынды, материалдың шығынын, жалпы картинаны көруге мүмкіндік береді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/fcc0bd23744bc910198027e4914d7fda.jpg?width=1170&height=1451)

- ***Қыз-келіншектерге ауыр салада еңбек етуге қорықпау үшін қандай кеңес берер едіңіз?***

Ең бастысы еңбек ету керек. Табандылық керек. 10 жобаның 9-ы минусқа кетуі мүмкін. Ал бұл ешкімді мойытпауы қажет. Еш нәрсеге сынбаған, мойымаған, еңбек етуден шаршамаған жан ғана жетістікке жетеді.

- ***Болашақта тағы қандай жобаларды жүзеге асырғыңыз келеді?***

Жоспар көп. Бизнесті масштабтауды ойластырып жүрмін. Қазақстанның барлық қаласына шығу ойда бар. Барлық ресурсымызды ескере отырып, алға жылжымақпыз.

- ***Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kurylysshylardyn-kundylygyn-arttyru-manyzdy-1014701](https://yvision.kz/kk/post/kurylysshylardyn-kundylygyn-arttyru-manyzdy-1014701)