---
title: "Курчатов қаласында бюджет, инвестиция және өнеркәсіп өндірісінің өсуі байқалуда"
description: "Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев 2025 жылдың I тоқсанындағы негі?..."
author: "journalist_n"
published: "2025-04-30T11:38:03+00:00"
modified: "2025-04-30T11:38:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kurchatov-kalasynda-byudzhet-investiciya-zhane-onerkasip-ondirisinin-osui-baykaluda-1013741"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kurchatov-kalasynda-byudzhet-investiciya-zhane-onerkasip-ondirisinin-osui-baykaluda-1013741/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Курчатов қаласында бюджет, инвестиция және өнеркәсіп өндірісінің өсуі байқалуда

> Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев 2025 жылдың I тоқсанындағы негі?...

**Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев 2025 жылдың I тоқсанындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы мәлімдеді.**

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/58aa9bd72a6e48f8315a9c01ae9484da.jpg?width=1600&height=1171)

Оның айтуынша, қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 55%-ға артық орындалып, бюджетке 832 миллион теңге түскен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша артық орындалу 30%-ды құраған, бұл тұрақты оң динамиканы көрсетеді.

– Бұл көрсеткіштер қаланың тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді. Курчатов өңірдің өнеркәсіптік және инвестициялық тартымды орталығы болып қала береді, – деді Әбдіралиев.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 748 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 миллиард теңгеге жетті. Алдыңғы қатарлы кәсіпорындар қатарында – Ұлттық ядролық орталық, УМЗ, Azot, Мерусар және Altyn Group Qazaqstan.

Шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді – қалада 588 субъект тіркелген. Жаңа жобалар қаралуда, оның ішінде көмір-химия кешенінің құрылысы да бар.

Әлеуметтік салада денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жалғасуда.

– Мамыр айында қалалық аурухананың 4-қабатындағы жөндеу жұмыстары аяқталады, ол жерде жаңа босану блогы мен операциялық зал ашылады. Бұл сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, бос тұрған төрт қабатты ғимаратты аурухана қажеттілігі үшін қалпына келтіру мәселесі қаралуда, – деді әкім.

Аурухананың бірінші және екінші қабаттары жөнделген, апаттық-техникалық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

– Білім беру, спорт және бос уақытты тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлінуде: Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйі ашылды, мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, спорт алаңдары мен демалыс орындары салынуда. Біздің мақсатымыз – жастардың өмір сүру және даму үшін лайықты жағдай жасау, – деп атап өтті Әбдіралиев.

Сонымен қатар, абаттандыру, жол инфрақұрылымын қалпына келтіру, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Әкім кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды — қалада 375 бос жұмыс орны бар, ал ресми тіркелген жұмыссыздар саны — 107 адам.

– Алдымызда нақты міндеттер тұр. Біз мамандарды тарту, өмір сапасын арттыру және қаланың тұрақты дамуы бағытында жұмысты жалғастырамыз, – деп түйіндеді Болат Әбдіралиев.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kurchatov-kalasynda-byudzhet-investiciya-zhane-onerkasip-ondirisinin-osui-baykaluda-1013741](https://yvision.kz/kk/post/kurchatov-kalasynda-byudzhet-investiciya-zhane-onerkasip-ondirisinin-osui-baykaluda-1013741)