---
title: "Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая"
description: "Осы аптада үй шаруасында отырған келіншектерге, апа-әжелерге соққы болып тиген «жағымсыз» жаңалық - ..."
author: "Akparat"
published: "2013-11-15T06:01:36+00:00"
modified: "2013-11-15T06:29:46+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/korey-t-rik-serialdaryny-ornyna-ta-y-bir-telehikaya-385029"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/korey-t-rik-serialdaryny-ornyna-ta-y-bir-telehikaya-385029/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая

> Осы аптада үй шаруасында отырған келіншектерге, апа-әжелерге соққы болып тиген «жағымсыз» жаңалық - ...

Осы аптада үй шаруасында отырған келіншектерге, апа-әжелерге соққы болып тиген «жағымсыз» жаңалық - корей және түрік сериалдарын сатып алу тоқтатылатыны туралы ақпарат жарияланып жатқан тұста «Қазақстан» Ұлттық арнасында тағы бір отандық телехикаяның тұсауы кесілді.

![Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/saY0nCrG667muqKua3Q5N1SiF32Bjr.jpg)

16 сериядан тұратын «Ауыл сақшысы» телехикаясы - учаскелік полицей туралы детектив.

**Қысқаша сюжет**

Қатардағы тексерумен қаладан ауылға келген жас полиция қызметкері аяқ астынан ауырып қалған бұрынғы полиция қызметкерінің орнына қызмет атқаруға мәжбүр болады.

Жас полицей ауыл тіршілігімен мүлдем таныс емес. Мұндағы тұрғындардың әкімдіктегі шенеуніктермен қалыптасқан қарым-қатынастарының ерекшеліктерін де түсінбейді.

Бұл қарым-қатынастарды қалыптастырушылар басшыға бас ұруға һәм жемқорлыққа бой алдырған. Ол осы «дәстүрлерді» өзгертуге тырысады. Ал, ауыл тұрғындары оның бұл әрекетіне тосырқай қарайды...

 

**Бас кейіпкер**

**

![Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/0B20nGfHAYdm7c2yR0OP4HBtxgANRH.jpg)

**

Бас кейіпкердің образы қазір қоғамда қалыптасқан тәртіп сақшыларының образынан мүлдем бөлек. Жас полицей – полиция мектебінің түлегі, заң мен әділдіктің салтанат құруына сенетін идеалист. Ол арықша келген (әдетте полицей дегенде көзімізге бұғағы салбыраған, жуан адамның елестейтіні рас қой), білімді, адал, бірбеткей жан. Сондай-ақ оның француз кухнясына қызығушылық танытатыны бар және күнделік жазуға әуес болады.

 

**Екінші рөлдегі кейіпкерлер**

**Ауыл медбикесі.**

![Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/SGgV0I9uE6Qk2XX74TXMGPsOpkvIRR.jpg)

Қалаға баруды армандайды. Барлық жоспарын сол арманына байланысты жүзеге асырады. Бірақ, сериалдың желісіне байланысты бойжеткен жаңа келген учаскелік полицейге ғашық болады.

**Барымташы** – учаскелік полицейдің жауы, атышулы қылмыскер.

**Ауыл әкімі** – қу және пайдакүнем адам. Кез-келген өзгерістерден қорқады.

Осы және басқа да кейіпкерлер арқылы сериал барысы дами береді. Барлық кейіпкер жаңа инспектордың тағдырымен тілкелей байланысты болады.

 

**Сериалдың ерекшеліг**і

Бұл жобаның қан-жоса төбелестерге, атыс-шабысқа толы криминалдық детективтерге қарағанда тәрбиелік мәні зор болуына назар аударылған.

![Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/TDYrs3bKxQnid8aiWC8D2Oy25WOf0w.jpg)

Мейірімді полицей қылмыс орнында кәсіби борышын орындап қана қоймайды, сонымен қатар қарапайым тұрмыстық жағдайларға да өз септігін тигізіп отырады.

Топтама бір жағынан тұрғындардың учаскелік полицейге деген сенімін қалыптастырса, екінші жағынан бас кейіпкердің қоғамдағы әріптестеріне, қазіргі полиция қызметкеріне қандай болуы керектігін көрсетіп, үлгі болмақ.

![Корей, түрік сериалдарының орнына тағы бір телехикая](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/mYNBq1kIw3a0n39jSWoyDVTo1w6x1u.jpg)

**Жобаның сценариін жазған:** Бейбарыс Жұманиязов. **Режиссері:** Сәбит Құрманбеков. **Музыкасын жазған:** Айдос Сағатов. Продюсері: Виктор Климов. **Ауыл сақшысы** рөлін Дәурен Серғазин сомдайды.

 

***Телехикаяны «Қазақстан» Ұлттық арнасынан дүйсенбі-жұма аралығында сағат 19:30-да көре аласыздар.***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/korey-t-rik-serialdaryny-ornyna-ta-y-bir-telehikaya-385029](https://yvision.kz/kk/post/korey-t-rik-serialdaryny-ornyna-ta-y-bir-telehikaya-385029)