---
title: "Кітаптың құнын білмесең, ойлаудан мақұрым қалғаның"
description: "Адамға тәрбие беретін нәрселер өте көп. Көкірегі ояу адам айналадағы болып жатқан оқиғалардың өзіне..."
author: "gulnur_kakimzhanova"
published: "2012-04-29T01:43:26+00:00"
modified: "2012-04-29T01:43:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kitapty-nyn-bilmese-oylaudan-ma-rym-al-any-252418"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kitapty-nyn-bilmese-oylaudan-ma-rym-al-any-252418/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Кітаптың құнын білмесең, ойлаудан мақұрым қалғаның

> Адамға тәрбие беретін нәрселер өте көп. Көкірегі ояу адам айналадағы болып жатқан оқиғалардың өзіне...

![Кітаптың құнын білмесең, ойлаудан мақұрым қалғаның](https://storage.yvision.kz/images/user/gulnur_kakimzhanova/XDEBY6lCrFi500MZRx1UAXbj1WQkUl.jpg)

Адамға тәрбие беретін нәрселер өте көп. Көкірегі ояу адам айналадағы болып жатқан оқиғалардың өзінен сабақ алып, түйін түйеді. Адам үшін ең ұлы ұстаз біреулер үшін өмір болса, біреулер үшін уақыт. Ал менің ең ұлы ұстазым мен ақылшым кітап. Себебі кітапта сан ғасырдың сыры, сан адамның өмірі бар. Яғни уақыт та, өмір де кітапта терең сақтала алады.

Нарықтық заман талабына сай технологиялардың белең алғаны рас. Ғаламтордың газет пен кітаптарды ығыстырғандығы туралы айтылып жүрген пікірлерге біз қарсылығымызды білдіре алмаймыз. әсіресе, болашақ жастардың қолында болғандықтан, олардың кітаппен дос болуын қаламайтын адам кем де кем болар. Егер адамзат кітап оқудан тыйылса, салмақты һәм терең ойлаудан да тыйылар едік қой. Сондықтан кітаптың адамзат өмірінде алатын орнын сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын.

өз көзқарасыммен айтар болсам, кітап менің ғашығым, менің әлемім. Ол әлемде мен өзімді еркін сезінемін. Айналамдағыны ұмытып, «қиял» әлеміне тап болатындаймын. Кітап әлемінде де менің өз достарым, жанашырларым бар. Ктап әлеміндегі әр адам менің ұстазым. Біреуі жақсылыққа баулиды, біреуінің бойындағы қасиеттер осы әлемге деген көзқарасымды өзгертеді. Кітап сыйлаған әлем мен үшін өте қымбат. Себебі әр кітап жеке дара өмір көрінісі. Кітап адамзат ақылының інжу маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Біз күл. Топыраққа айналамыз. Ал кітаптар дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей ғасырлар бойына сақталады. Көңіл сандығымның сыры түнгі аспаннан анық көрінген жұлдыздардай жымыңдайды. Сырымды біреу оқып, біліп қоймаса екен деп, түндегі тыныштықта елдің тәтті ұйқыда қалықтауын тіледім. Сандығымның бетін жауып, жұлдыз сырларымның ағып түсуінен қорқақтаймын. Жан дүниемнің сырын, көңіл сандығымның күйін бейтаныс жан, жат адамдардың білгенін қаламаймын. Беті ашық кітап болғым келмейді. Адамдардың ішкі сыры өзі үшін қымбат болғанымен, жат адамдар үшін біреудің құндылығы түкке тұрғысыз дүние болуы мүмкін.

Кітап өте құдыретті қару. Оның құнын жастар бағаламайды деп айтпас бұрын, қоғамға көз жүгірткеніміз абзыл. Себебі жастардың арасында ол кітапты оқитыны бар, оқымайтыны бар, қызығатыны бар, қызықпайтыны бар. Артқысынан алдыңғысының көп екенін көріп жүрмін деп айта аламын. Алайда, менімен қатарлас жастар көбіне шетел әдебиетіне қызығып жүргендей. әдеби кітапты оқуға деген ниеттің төмендеуінің өзі Ч.Дарвин айтқандай, жан дүниемізге келген жамандықтың белгісін танытады. Бір таяқтың екі ұшы болатындай, әр жағдайды тек бір жақты қарастырмағанымыз абзыл.

Гүлнұр Қуанышбекқызы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kitapty-nyn-bilmese-oylaudan-ma-rym-al-any-252418](https://yvision.kz/kk/post/kitapty-nyn-bilmese-oylaudan-ma-rym-al-any-252418)