---
title: "Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады"
description: "Ағымдағы жылғы 18 сәуірде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентт..."
author: "finpolsko"
published: "2017-04-18T22:43:32+00:00"
modified: "2017-04-18T22:43:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kin-syn-moyynda-anymen-zhazadan-tyla-almady-763994"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kin-syn-moyynda-anymen-zhazadan-tyla-almady-763994/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады

> Ағымдағы жылғы 18 сәуірде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентт...

![Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/8VrQ91ia603h6hcHb308KhvD4dT9tK.jpg)

Ағымдағы жылғы 18 сәуірде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы - Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен Кеңестің кезекті отырысында, Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшысы С.Ә. Сабралинге қатысты қозғалған тәртіптік іс қаралды.

![Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/AeZO4Jhekf3nLCZB8hDsnqa4HnIUKl.jpg)

Облыс орталығы прокуратурасының хабарламасы бойынша С.Ә. Сабралин сапасыз салынған тұрғын үйлерді пайдалануға қабылдау кезінде заңдылықты бұзып, заңсыз артықшылық танытумен қатар, мемлекеттік сатып алулар шартының мерзімін негізсіз ұзартқаны үшін мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс әрекетке барып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзушылыққа жол берген.

![Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/b4Y2SW24Z17JDtZXjKkodP55aPDkhq.jpg)

Серік Сабралин өз кінәсін мойындап, бүгінгі таңда құрылыс нысандары бойынша анықталған барлық олқылықтар бюджетке салмақ түсірілмей, мердігерлер есебінен түзетілгендігін мәлімдеді.

![Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/QgsHHo36bOTmnHWnUk5dz03AmKaNp9.jpg)

Нәтижесінде, аталған фактіні ескерген Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері, мекеме жетекшісін атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі туралы тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде шешім қабылдады.

![Кінәсын мойындағанымен, жазадан құтыла алмады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/TDAcgi2sd5faf0f5M9I38us7i8s2X4.jpg)

Отырыс соңында Ғалым Тұрсынбаев облысымызда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан жұмыстан тыс уақытта қызметтік әдеп нормаларының бұзылу фактілерінің көбеюіне байланысты, мемлекеттік қызметшілердің тәртіп стандарттарын қаншалықты ұстанатындықтарын анықтау үшін құқықтық статистика мәліметтеріне мониторинг жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныс жасады.

Қатысушылар аталмыш бастаманы бірауыздан қолдап, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығына тиісті тапсырма берілді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kin-syn-moyynda-anymen-zhazadan-tyla-almady-763994](https://yvision.kz/kk/post/kin-syn-moyynda-anymen-zhazadan-tyla-almady-763994)