---
title: "Үкімет пен әкімдіктер берілген құзыретті дұрыс қолданбайды - Қасым-Жомарт Тоқаев"
description: "Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген..."
author: "orazali"
published: "2024-02-07T05:43:02+00:00"
modified: "2024-02-07T05:43:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kimet-pen-kimdikter-berilgen-zyretti-d-rys-oldanbaydy-asym-zhomart-to-aev-1000799"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kimet-pen-kimdikter-berilgen-zyretti-d-rys-oldanbaydy-asym-zhomart-to-aev-1000799/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Үкімет пен әкімдіктер берілген құзыретті дұрыс қолданбайды - Қасым-Жомарт Тоқаев

> Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген...

Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

![Үкімет пен әкімдіктер берілген құзыретті дұрыс қолданбайды - Қасым-Жомарт Тоқаев](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/ebd14a4b9ee80e928873dfea01aa2a.jpg)

Мемлекет басшысы алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілгенін, алайда оның көп жағдайда дұрыс қолданылмай жататынын айтты.

"Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек. Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет", - деді Тоқаев.

Президент мәселені шұғыл шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.

"Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын", - деді Мемлекет басшысы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kimet-pen-kimdikter-berilgen-zyretti-d-rys-oldanbaydy-asym-zhomart-to-aev-1000799](https://yvision.kz/kk/post/kimet-pen-kimdikter-berilgen-zyretti-d-rys-oldanbaydy-asym-zhomart-to-aev-1000799)