---
title: "Әкемнің «тамыры»"
description: "Алдағы келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтай отырып, әкем Қорған м..."
author: "Fvfylsr"
published: "2016-04-27T12:33:54+00:00"
modified: "2016-04-27T12:33:54+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kemni-tamyry-691008"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kemni-tamyry-691008/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әкемнің «тамыры»

> Алдағы келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтай отырып, әкем Қорған м...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/fvfylsr/dy4UzFll5uFcQdVGtzFqN1Ytym1631.jpg)

Алдағы келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтай отырып, әкем Қорған мен оның досы (тамыры) Иван туралы баяндамақпын.

Кейде бұқаралық ақпарат құралдарында достық, ұлттар достығы туралы айтылып не көрсетіліп жатады. Бірақ, көбінесе жасанды екені көрініп тұрады. Ал шын достық басқаша болатынын бала кезімнен білемін.

Қазір менің әкем 89-ға келді, өмірінің басым бөлігін Қостанай облысының аумағында, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында өткізді. Әке-шешесінен, ең жақын туған-туысқандарынан ашаршылықта ерте айрылған ол, жастайынан қиыншылықты көп көріп, колхоз-совхоздарда еңбек етті, тыл жұмыстарын атқарды. Зейнеткерлікке шығар алдында кеңшарда директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметінде болды. Іссапарларға көп шығып тұрды, сондай қызметтік іссапарлардың бірінде облыстық тұтынушылар қоғамында қарапайым жүргізуші болып жұмыс істейтін Иван деген орыс жігітімен танысты. Кейін ол таныстығы достыққа ұласты.

Әкем әр жаз мезгілінде біздерді ертіп Қостанайға баратын, өз кезегінде Иван баласы Юрамен және әйелі Верамен біздің ауылға, біздің үйге келетін. Балық аулайтын, қырға шығып киіктерге қызыға қарайтын, жайлауға баратын. Біз оларға қонаққа барсақ, қолдарынан келгенше ет асып, асты-үстімізге шығып жататын.

Ол қазіргінің ақшаға сатылған заманындағыдай «жасанды достық» емес, шынайы достық еді. Ал олардың танысқан кезі өткен ғасырдың 50-ші жылдары болатын, Иван қайтыс болғанша (90 жылдардың соңында) қарым-қатынастарымыз үзілген жоқ, кейін жалғыз баласына қарайлап қалған Верамен байланысымыз жалғасын тапқанымен, Вера қайтыс болған соң, Юрамен араласуымыз сиреді.

Кейде маған мынадай ой келеді. Тамыр деген ұғым түркі халықтарының көбінде бар екен, бірақ орыс пен қазақтың тамыр болуы өзі бір ерекше және жиі болмайтын құбылыс.

Патшалық Ресей қазақ даласын отарлай бастаған дәуірде кешегі отырықшының көшпенді халықтың өкілінсіз далада өмір сүруі мүмкін емес еді. Мұның шаруашылық жағынан да және сауда, алыс-беріс жағынан да рөлі болған сияқты.

Бірақ маған әкем мен Иванның бір бірін сыйлауы, құрметтеуі, қалалық пен ауылдықтың, мұсылман мен христианның, көшпенді мен отырықшының, қазақ пен орыстың шын достығының үлгісі болып есімде қалыпты.

Мереке құтты болсын, шын достық жасай берсін!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kemni-tamyry-691008](https://yvision.kz/kk/post/kemni-tamyry-691008)