---
title: "Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына"
description: "2015 жылғы 18 маусымда Қазақстанда Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына арналған по..."
author: "zametov"
published: "2015-09-28T00:17:23+00:00"
modified: "2015-09-28T00:17:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ke-es-oda-yny-batyry-m-lik-abdullinni-tu-anyny-100-zhyldy-mereytoyyna-554239"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ke-es-oda-yny-batyry-m-lik-abdullinni-tu-anyny-100-zhyldy-mereytoyyna-554239/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына

> 2015 жылғы 18 маусымда Қазақстанда Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына арналған по...

2015 жылғы 18 маусымда Қазақстанда Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына арналған пошта маркасын айналымға енгізілді. Почта маркасында Кеңес Одағының Батыры, ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы, жазушы, дарынды әдебиет сыншысы, әдебиет тарихын зерттеуші, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин бейнеленген

![Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына](https://storage.yvision.kz/images/user/zametov/0k5KW48c7FD96o2FUlI4153IpPZ5Ty.jpg)

***Танымал түлғалар өмірінен***

**МӘЛІК АҒАМЕН ІШКЕН ҚАРА ШАЙ**

Әлі күнге ұмытылмай есте жүрген сол бір күндерден бері санап отырсам, пайғамбар жасы деп саналатын алпыс үш жылға да жақындап қалған екен-ау. Бал дәурен жастықтың таусылмас қызығына батып жүрген студент кезіміз еді онда. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінде оқитынмын. Жатақханадан әлі орын тие қоймаған болатын. Пәтер жалдап тұрамын. Жастықтың жел көңілі қайнаған кызу ортаны, думандатқан дүбірлі дүниені іздейді, сондай жерге асығады. Сондағы жиі баратыным Абай атындағы педагогикалық институттың (қазір университет) бұрынғы Комсомол және Карл Маркс көшелерінің қиылысындағы студенттер жатақханасы еді. Онда Көкшетау облысының Зеренді ауданынан келген, өзіммен бірге оқыған Тасболат Әбішев, Сайран Ақанов, Кеңес Ахатов сияқты бірқатар жерлестерім тұрады. Осы жатақханада жататын студенттердің көпшілігі солар арқылы менімен таныс-біліс болып кеткен. Өз жерлестерім ғана емес, әлгі жігіттердің бәрі жатақханаға бара қалсам, жылы шырай таныта бөлмелеріне шақырып, шұрқыраса қуанып жатады. Бір жолы жуырда ғана танысқан төрт-бес жігіт бөлмеге кіріп, студенттік қара шай ішіп шығуға шақырды. Студенттік шай ішуден қалай бас тартасың. Бардым. Өзім сияқты жастар әлде-бір құрметті қонақ келіп қалғандай абыр-сабыр бола қалып шай жабдығына кірісіп кетті. Біреуі үлкен шәйнекті алып шығып, электр плитаға шай қойып жатыр. Екіншісі үйінен ала келген сәлемдемесі бар екен, соны мақтана хабарлап, қарынға салған сары майдың қос жұдырықтай бір кескен үлкен бөлігін алып шықты. Үшіншісі сол жылдары студенттердің қолына сирек түсетін жарты келідей кұм шекер, яғни, ұсақ қант тапты. Осының бәрі және студент достарымның аңқылдаған мырза көңілдері қосылып дастархан үсті жайнап шыға келді. Студенттердің бірі Өсімжан тездете қайнатып әкелген ыстық қара шайды әңгіме дүкенін ашып жіберіп сораптай тартып отырмыз. Күн демалыс еді. Жазғы каникулдан кейін жаңа оқу семестрі енді ғана басталған. Алған әсер, айтар әңгіме таусылар емес. Әркім жазғы демалыс кезінде үйлерінен қол дорбаларын сықита толтырып азық-түлік әкелмесе де айтып тауыса алмайтын қызықты әңгіме-әпсаналарды мол қамтыған түрі бар. Бірі бастамай жатып екіншісі киіп кетіп ауыздарын жаппай айтып жатыр, айтып жатыр.

![Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына](https://storage.yvision.kz/images/user/zametov/HYV1nzBJ1lLRixVhpx7DGDKvwHIvdK.jpg)

Бір кезде өздері оқып жатқан институттың директоры (сол кезде осы оқу орны мен оның басшысын солай атайтын) Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин жөніндегі ықыласты әңгіме өз-өзінен басталып кетті. Әдетте үлкен бастық туралы ұнамды сөз айтыла бермейді ғой. Оның үстіне мына отырған балалар менің Мәлік ағамызбен жерлес екенімді әлі білмейді екен. Сол себепті Мәкең туралы негізнен сүйсіне айтылған жағымды сөздер емін-еркін өрістеп, еш жалтақсыз білдіріліп жатты. Біреу ол кісінің өте кішіпейіл екенін айтады. Үлкенмен де, кішімен де тіл тауып, кәдімгі көптен біліс ескі достарша сөйлесе жөнелетіні қандай, деп тамсанады. Ал тақырбас Қалтай ол кісінің әркімге қамқор болып, жаны ашып тұратын өзгеше мінезі туралы әңгімелеп кетті. Жуырда осы институттың бір студенті, - деді ол, - әлдеқалай қыздар жатақханасына кіріп кетіп лаңқа жасапты. Содан қыздар милиция шақыруға мәжбүр болыпты. Бір жақсысы – әлгі жігіт арақ ішуден аман екен. Милиция көп ұстамай қоя беріп, артынан ресми қағаз жіберіпті. Өзі оқуға зерек, институтқа жақсы бағамен түссе керек. Сол жігіттің мәселесін педсоветте қарап, оқудан шығаруға шешім қабылдағанда өзіміздің Мәлік ағамыз ара түсіп алып қалыпты.

- Болашағынан үміт күттіретін осындай жігітті далада қалғандай қылып қуып жібергеніміз қиянат емес пе!

- деп қарсы тұрыпты. Осындай осындай жақсы лебіздер үстемелей айтылып, сөз аяғы ұзап бара жатыр еді, кенет есік қағылып, екі-үш кісі үйме-жүйме кіріп келді. Біздің қазақ «кімді айтсаң, сол келеді» - деп жатады ғой. Сол сөздің реті келе қалып, тіпті ешкім күтпеген бір жағдай болды. Әлгінде есік қағып кіріп келгендердің бірі өзіміз келбетін газет-кітаптардан талай көріп, әлгінде ғана әңгімелеп отырған Мәлік ағамыз болып шықты. Жанындағылардың бірі институт директорының орынбасары екен де, екіншісі оларды бастап аралатып жүрген әйел жатақхана коменданты көрінеді. Сол кісі сөз бастап:
- Өздерің білетін Мәлік Ғабдуллин ағаларың бүгін жатақханамызға келіп, студенттердің жағдайымен танысып жүр екен, - деді бипаздай сөйлеп. – Айтар бұйымтайларың болса, айтып қалындар. Бұл бөлмеде тұратын жігіттер әлгі әзірде енді бастап ішіле бастаған шайді жинап үлгірмеген де еді. Мәлік ағамыз соны байқап тұр екен:
- Жігіттердің шай ішуін бөлген екенбіз. Кәне, шайларың суып қалған жоқ па, суымаса маған да құйып жіберіңдер, - деді жымия сөйлеп.

- Жатақхана аралап жүргенімізге біраз уақыт болып қалды, таңдайымыз тобарси бастапты. Әлгінде күтпеген қонақтардың кіріп келгеніне ыңғайсызданып, тым-тырыс бола қалған біздің жігіттер енді ашылып, біреуі шәйнектегі салқындай бастаған қара шайді қайтадан ысытып әкеліп босағада жақтағы биік үстелге қойды. Екінші студент орындықты жақындатып, құрметті қонақты шайға шақырды. Мәлік ағамыз көп сызданған жоқ, студент жігіттердің біреуі ыңғайлаған орындыққа отыра кетіп, үлкен қырлы стақанға құйылған қара шайді асықпай ұрттап іше бастады.

- Міне, студенттік нағыз қара шай осындай болса керек, - деп тұшына тамсанды.

- Мұндай шайді ішпегелі де көп болып қалыпты-ау. Сонау соғыс жылдарында блиндажда ауызымызға қайнаған ыстық су тисе де бір жасап қалушы едік. Оған қарағанда мына ыстық қара шай бал-шекердей тіл үйіріп, май жегендей қылады екен.

![Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына](https://storage.yvision.kz/images/user/zametov/rRhBw4uJI7SlKVeGNJQAgC1HWFcDEC.jpg)

«Май жегендей» дегеннен есіне түсті білем, осы сәт жоғарыда мен айтқан тақырбас жігіт жылдам басып барып үйінен сәлемдеме ретінде әкелген сары майын үстелге койды. Мәлік шай қасықпен іліп алып, одан да ауыз тиді:
- Қолдың сары майы екен тіл үйіретін, ауылдан келген ғой, шамасы?

- Ие, ие, - деді тақырбас жігіт.

- Ауылда кәрі әке-шешем тұрушы еді, сол кісілер бірге тұратын достарың дәмін татсын деп жіберген ғой.

- Әке-шешеңнің бар болғаны жақсы ғой, тұрмыс-жағдайы қалай екен, сен оқу бітіргенше тұра тұрып, қызығыңды көруге шама-шарқы жетерлік тың ба екен?

- деп барып бір тоқтады.

- Әлі тың, бақуатты, - деп қауқылдады тақырбас студент.

- Менің де кәрі әке-шешем бар, Көкшетауға көшіп келіп, сонда тұрады. Жағдайын жиі-жиі біліп тұрамын. Сендер де сөйтіндер. Хат жазып болса да жағдайын біліп тұрыңдар, ұмытпай біліп тұрыңдар. Көңілдерін демдеп, бір көтеріліп қалады ғой. Ашық әңгіме осылай жалғасып, Мәлік ағамыз шайы біткен стақанын екінші рет ұсынды. Сол мезетте Тоқпай досым есіне бірдеңе түскендей болып орнынан атып тұрып осыдан сәл бұрынырақта өзіміз бастап шайға салған құм шекерін алып келді. Содан бір көсіп алып стақанына салған Мәлік ағамыз:
- Өздерің бай тұрады екенсіңдер, жәрәйді, жәрәйді, - деп бір масайрай қуанып қалды.

- Сабақтан шаршап келгенде қант салған бір стақан ыстық шайды тартып жіберсеңдер бойларың сергіп, көздерің жайнап шыға келеді.

- Айтпақшы, осы бөлмеде неше жігіт тұрасыңдар?

- деп сұрады әлденені есіне түсіргендей ойлана сөйлеп.

- Бес бала тұрамыз, - деді бөлме иелерінің біреуі. – Мына алтыншы жігіт қонаққа келген досымыз еді, қазір кетеді. Осыны айтып Қалтай мені көрсетті. Мен өзімнен өзім қысылып, бөлме иесіне қарап жалтақтай бастадым.

- Қысылмай отыра бер, - деді соны сезе қалған Мәлік ағамыз жайбарақат қалпын өзгертпестен. – Студенттің студентке келгенінің еш сөкеттігі жоқ. Қайта жастардың бірін бірі танып, жақын жүргені жақсы, одан ешкімнің ырысы кеміп қалмайды. Сонан соң аз-кем ойланып отырып, бөлмедегі алтыншы студент мен екеніме көзі жеткен соң мойнын маған бұрып:
- Ал сен қайда оқисың, қайдан келдің?

- деді. Мен жөнімды айттым. Көкшетау облысының Зеренді ауданынан екенімді алдымен ауызға алдым. Мәлік ағатайым елең ете түсті. Жатақханадан орын тимей пәтерде тұратынымды қосып қойдым. Әке-шешемнің қолы қысқа кәрі адамдар екенін айтуды сұрамаса да қалдырған жоқпын.

- Қиын екен, - деді де қойды. Тағы бір екі-үш минуттан кейін Мәлік ағатайым жанына ерген кісілерімен есікке қарай беттеді.

- Ал жігіттер, сау болып тұрындар, осылай жиі кездесіп жүрерміз, - деді. Бөлмеден шығып бара жатып бұрылып маған қарады.

- Ұмытып барады екенмін. Сенің жағдайың қиын екен. Дүйсенбі мен сейсенбінің бірінде маған келші, Закарин Асқар ағаңмен сөйлесіп көрейік. Мен айтқан күнінде Мәлік ағатайыма бардым. Ол кісі бір парақ қағазға хат жазды да, маған ұстатты:
- Мынаны ректорларыңа апарып бер, өзімен де сөйлестім, сөзімді далада қалдыра қоймас деп ойлаймын, - деді.

![Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанының 100 жылдық мерейтойына](https://storage.yvision.kz/images/user/zametov/3srI7iLi7gchi2XJaYgWNl57BT667T.jpg)

Мәлік ағатайымның сол тұста КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанын білетінмін. Берген қағазын былай шыға ашып көрсем, бас жағында тасқа басылған «Депутат Верховного Совета СССР» деген сөз бар екен. Мұндай хаттың аяқсыз қалмайтынын біліп, жүрегім жылып жүре берді. Мен сол сәтінде құстай ұшып университет ректорының қабылдау бөлмесіне жеттім. Закарин Асқар ағамыз алдына бару өте қиын жолы ауырлау кісі деп еститінмін. Бұл - бекер екен. Қабылдау бөлмесіндегі қызға жағдайымды айтып едім, дереу ректордың өзіне алып барды. Ол кісі әке-шешемнің тұрмыс жағдайын мұқият сұрап алып, көмектесетін ешкімімнің жоқ екен білгеннен кейін Мәлік ағатайым жазған ресми хатқа «жатақханадан орын бөлінсін» деп бұрыштама қойып берді. Жатақханадағы өз бөлмелеріне шақырып мені құрметтеп қонақ қылған Тоқбай, Өсімжан, Қалтай, Берік сынды достарымның ақжарма адал ықыласының түсуі себеп болып, мен үшін сол кезде маңызы аса зор мәселені шешудің орайы осылай келе қалған еді. «Жолы болар жігіттің жанашыры алдынан шығар» деген осы-ау! Сол жанашыр ағамыз Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллиннің мен сияқты талай-талай жас адамға шарапаты тигені әлі күнге аңыз болып айтылып, ақ алғыстар ақтарылып жататыны тегін емес шығар. Алғыс арқалаған пенденің ақиреттік сауыбы да кәміл болғай!

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ke-es-oda-yny-batyry-m-lik-abdullinni-tu-anyny-100-zhyldy-mereytoyyna-554239](https://yvision.kz/kk/post/ke-es-oda-yny-batyry-m-lik-abdullinni-tu-anyny-100-zhyldy-mereytoyyna-554239)