---
title: "Тоқаев пен Жапаров: Қазақ-қырғыз байланысын жаңа деңгейге көтеру"
description: "Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары кеңесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас нығайтылды. Бірлескен жоспарлар қабылданды."
author: "akorda"
published: "2025-08-22T07:55:43+00:00"
modified: "2025-08-22T07:55:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kazakstan-men-kyrgyzstan-strategiyalyk-seriktestik-zhane-dostyk-karym-katynas-nygayady-1016556"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kazakstan-men-kyrgyzstan-strategiyalyk-seriktestik-zhane-dostyk-karym-katynas-nygayady-1016556/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тоқаев пен Жапаров: Қазақ-қырғыз байланысын жаңа деңгейге көтеру

> Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары кеңесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас нығайтылды. Бірлескен жоспарлар қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.

Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапарының мақсаты – қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.

> – Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөледі.

> – Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

t.me/aqorda_resmi

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kazakstan-men-kyrgyzstan-strategiyalyk-seriktestik-zhane-dostyk-karym-katynas-nygayady-1016556](https://yvision.kz/kk/post/kazakstan-men-kyrgyzstan-strategiyalyk-seriktestik-zhane-dostyk-karym-katynas-nygayady-1016556)