---
title: "Капитализм жолымен социализм құрған ел"
description: "Әлемде өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленетін, әкімшілік-аумақтық бірлігі ешқандай елге ұқсамайты..."
author: "aidoss"
published: "2017-07-07T05:16:00+00:00"
modified: "2017-11-03T05:15:48+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/kapitalizm-zholymen-socializm-r-an-el-782771"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/kapitalizm-zholymen-socializm-r-an-el-782771/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Капитализм жолымен социализм құрған ел

> Әлемде өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленетін, әкімшілік-аумақтық бірлігі ешқандай елге ұқсамайты...

**Әлемде өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленетін, әкімшілік-аумақтық бірлігі ешқандай елге ұқсамайтын бір мемлекет бар. Ол – Голландия. Бұл елдің ресми атауы – Нидерланды корольдігі. Елдің астанасы – Амстредам қаласы, ал республиканың Парламенті мен Үкіметі Гаагада орналасқан. Сондықтан да мұнда келуші туристердің көбісі Гааганы бейресми астана ретінде қабылдайды. Нидерланды Парламенттік жүйедегі Конституциялық монархиялы мемлекет болып саналады. 2002 жылы Нидерланды жалпыеуропалық валюта – еуроға көшті.**

Нидерланды халқы әлемде адамдарының бойының ұзындығымен ерекше. Ересек ер адамдардың бойының орташа ұзындығы – 1,83 метрді, әйелдердікі – 1,70 метрді құрайды. Мұнда негізінен халықтың екі жергілікті тобы: нидерландтықтар мен фриздер тұрады. Сондай-ақ, бұл елде иммигранттар көп қоныстанған.

Нидерланды корольдігі халқының саны Қазақстанмен шамалас – 16 миллион 367 мың адамды құрайды. Мұны соңғы - 2007 жылғы 1 қаңтардағы ресми санақ растайды. Корольдіктегі халықтың этникалық құрамына келер болсақ, тұрғындардың 80,8 пайызын – нидерландтықтар, 2,4 пайызын – немістер, 2,4 пайызын - индонезиялықтар, 2,2 пайызын – түріктер, 2 пайызын – суринамдықтар, 1,9 пайызын – мароккандықтар, 1,5 пайызын – үндістер және тағы басқа келімсек ұлттар құрайды. Голландықтардың көпшілігі католик дініне мойынсынған. Онан кейінгі діни басымдықтықты протестанттар мен мұсылмандар иеленеді. Ал тұрғындардың 41 пайызы ешқандай дінді мойындамайды.

Мемлекеттің жер көлемі – 41 526 шаршы шақырымды алып жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанның бір ірі ауданымен тең. Жалпы елдің аумақтық бірлігі 496 муниципалитеттен тұратын 12 провинцияны құрайды. Әр провинция өз алдына бір мемлекет тәрізді өмір сүреді және өздерінің астаналары бар. Провинциялар өз кезегінде қалалық және ауылдық қауымдастықтарға бөлінеді. Провинцияларда 4 жылға сайланатын өзін-өзі басқарудың сайланбалы органы – Провинциалдық штаттары бар. Провинциалдық штаттың басшысы корольдік комиссар болып табылады. Қауымдастық тұрғындары 4 жылға Кеңесті сайлайды. Олардың атқарушы органы – бургомистр мен муниципиальдық кеңесшілер алқасы деп аталады. Бұларды король тағайындайтын бургомистрлер басқарады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елде экономикалық өрлеу айқын аңғарылды. Бұл жетістікке АҚШ-та ұйымдастырылған Маршал жоспары себеп болды. Осының арқасында Нидерланды заманауи индустриалды елге айналды. Индонезия, Түркия, Марокко, Суринам және Антиль аралдары тұрғындарының жаппай қоныс аударуы нәтижесінде Нидерланды мәдениеті алуан түрлі және мұсылманы көп елге айналды.

ХХ ғасырдың 60, 70 жылдары елде ірі әлеуметттік және мәдени өзгерістер орын алды. Ұлтаралық қақтығыс азайып, католиктер мен протестанттар бір-бірімен қоян-қолтық араласа бастады. Халықтың өмір сүру деңгейі мен білімге деген құлшынысының арқасында таптар арасындағы теңсіздік деңгейі төмендеді. Әйелдердің экономикалық құқықтары артып, олар кәсіпорындар мен Үкімет органдарында жоғары лауазымдарды иеленді. Сол кезеңнен бастап халық мемлекет тарапынан әлеуметтік жоғары көмекке қол жеткізді. Зейнетақы мен жалақы, жұмыссыздар мен мүгедектерге берілетін жәрдемақы өсіп, оның деңгейі әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке айналды.

1957 жылдың 25 наурызында Нидерланды бүгінде азуы алты қарыс, әлемге аты әйгілі Еуропа Одағының негізін қалауға атсалысты. Сондай-ақ, Еуропа елдерінің интеграциялануына зор үлес қосты. Алайда 2005 жылғы маусымдағы Еуропа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумда нидерландықтардың жартысынан көбі оның қабылдауына қарсы дауыс берді. Осыған орай Нидерланды Еуропа Одағының біртұтас Конституциясынан бас тартқан Франциядан кейінгі екінші мемлекетке айналды.

Елдің мемлекеттік тілі – нидерланд тілі. Нидерландыда нидерланд тілімен қоса, фриз тілі Фрисландия провициясында аз ұлттар тілі ретінде мойындалған. 1993 жылы Голландия Үкіметі фриз тілін Фрисландия провинциясында аз ұлт тілі ретінде мәртебе беретін заң шығарды. Провинцияның 600 мың тұрғынының әрбір екіншісі фриз тілінде сөйлейді.

Провинцияда мемлекеттік қызметке қабылдау барысында нидерланд тілімен қоса, фриз тілін білу де талап етіледі. Денсаулық сақтау мен қызмет көрсетудің өзге де салаларында фриз тілін оқыту курстары жүйелі жолға қойылған. Маңдайшалар мен өзге де көрнекі ақпараттар екі тілде беріледі. Фриздер өз ұлтының дәстүрі мен мәдениетін қызғыштай қорғайды.

Ал, экономикасына келетін болсақ, Нидерланды - қарқынды даму үстіндегі индустриалдық ел. Елде табиғи газ бен мұнайдың қомақты қоры бар. Әсіресе, табиғи газ өндіру жөнінен корольдік әлемде төртінші орынға ие. Голландияда ауыл шаруашылығы, көлік және ақпараттық инфрақұрылым жақсы дамыған. Нидерландтықтардың 66 пайыздан астамы Интернет тұтынушысы болып саналады, бұл көрсеткіш бойынша олар әлемде 7 орында.

Голландия – теңізбен шектескен ел. Солтүстік теңіз жағалауындағы бұл елде жер тапшы. Сондықтанда үнемі бұл ел теңіз суының көлемін кеміту үшін түрлі бөгеттер салып, жер көлемін арттыруға тырысады. Яғни үнемі сумен алысқан шайқас жүреді. Бұрын Голландияның үштен екісі сулы аймақ болған. Қазіргі уақытта Голландияның теңізді жерлері әлемдегі туристерді аса қызықтыратын елге айналып отыр. Бірақ, ең қызығы, осы шағын мемлекет 2006 жылы Қазақстанға инвестиция құюдан әлемде бірінші орын алды. Голландияның өндірісі мен ауыл шаруашылығы әлемде өзінің даму пәрменділігімен жақсы таныс. Біз Голландияның розасын мен қызғалдағын, голланд ірімшігін жақсы білеміз. Алайда тарихшылар соңғы жылдары голландия қызғалдақтарына қатысты өзгеше деректер келтіре бастады. Тарихшы ғалымдардың сөзіне сенсек, қызғалдақтың отаны Голландия емес, Қазақстан екен. Оны голланд тарихшыларының өздері де мойындап отыр.

Қазақстан Голланд фирмалары әлемге транспорттық және өндірістік құрал-жабдықтар, химия және ауыл шарушылығы, ет және сүт өнімдері, жылыжай көкөністері, гүлдер, табиғи газ бен металл бұйымдарын экспорттайды. Негізінен, Голландия тауарлары Еуропалық одақтың нарығында басым үлеске ие.

Нидерланды экономикасының маңызды салаларына мәшинежасау, электроника, мұнай химиясы, әуе және теңіз кемелерін жасау, қара металлургия, тоқыма, қағаз және жиһаз өнеркәсібі, сыра және киім-кешек өндірісі жатады.

Голландықтардың әлемге атын әйгілеген олардың ешкімге ұқсамайтын өмір сүру дағдысы десе де болады. Мәселен, корольдік 2000 жылы жезөкшелікті ресми заңдастырды. Қазір тәнін сатуға арланбайтын бойжеткендер бизнестің осы бір жағымсыз түрімен белсене айналысып, ел экономикасына қомақты салық түсіріп отыр. Сондай-ақ, мұндағы халық есірткіні еш қымсынбастан тұтынады. Айталық, голландықтар марихуана мен гашишаны ашық түрде пайдаланса, кокаин мен героинді тұтынғаны үшін аз мөлшердегі айыппұлмен шектеледі. Голландияда ойнақтап жүріп от басқан қыздардың түсік тастау мәселесі де аса қиындық тудыртпайды. Жаратқан Иеміздің алдындағы жауапкершілікке бас имейтін бұл елдің әйелдері іштегі алты айлық шарананы да обал-сауабын ойланбастан алдыртып тастай салады. Бұған ел үкіметі де рұқсат берген. Тағы бір адам шошырлық жайт, бұл елде эвтаназияға, яғни өлімге бас тігушілікке ресми рұқсат берілген. Елдегі бірнеше аурухана өз өмірімен қош айтысқысы келетіндердің тілегін әп-сәтте орындап, олардың жанын жаһаннамға аттандыра салуға маманданған. Адамшылықтың ауылынан алыс кеткені сонша, тіпті кей голландықтар ауру-сырқау болмаса да, сау күйінше өмірден кетуге құштарлық танытады. Ал бұл ессіздікке мемлекет те марғау қарайды. Марғау қарағаны сонша эвтаназияны сарапқа салатын дәрігерлік комиссия да мұндай адамдарды ажалынан бұрын өлуге риясыз көмек көрсетеді. 2001 жылдан бастап елде бір жыныстылардың, яғни еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің бас қосып, отбасы атанып, неке куәлігін алуға заңдық тұрғыдан жағдай жасалған. Тіпті, мұндай дәстүрлі емес жыныстық өмірді қалайтындардың қатарынан белгілі саяси тұлғалар, шенеуніктер мен өнер жұлдыздарын көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар, бұл елге отбасылық өмірді қалайтын біржынысты адамдар әлемнің әр тарабынан жиі келіп, өз қалауларын жүзеге асыруда. Осыған қарап-ақ, голландықтардың психологиясын, жалпы қоғамдық мораль түсінігінің қаншалықты екендігін аңғаруға болады. Осындай шектен шыққан қылықтары үшін оларды көршілес Еуропа халықтары аса ұната қоймайды, ақпарат құралдарында жиі сынға алады.

Дегенмен, бұл жағдайға қарап, Голландияны мәдениеті төмен ел деп айта алмаймыз. Себебі, біздің бұл елден үйренеріміз де бар. Мәселен, осы елдің бала-бақшаларындағы патриоттық тәрбие біздегі аузынан ана сүті кеппей жатып ана тілінен мақұрым қалатын балдырғандардың ата-аналарына үлгі етуге тұрарлық. Нидерланды корольдігінің талабы бойынша ертеңгісін балаларын бала-бақшаға алып келген аналар он – он бес минут сол жерде қалып, бір-бірімен әңімелесуі керек. Бір маракан, бір голланд, бір неміс, бір француз, бір түрік, бір ағылшын болса да тек қана мемлекеттік тілде әңіме-дүкен құру міндеттілік болып саналады. Мұны бала-бақша тәрбиешісі қадағалайды. Сонымен қатар, ұлттық мүддені ұлықтаған бұл елде балаларға жастайынан мемлекеттік тілді үйрету мақсатында бала-бақшаларда мультимедиялық құрал-жабдықтар кешені қолға алынған. Тіпті, ойыншықтарының атауын да ұлттық батырларының атымен атап, дәріптейтіндіктері сүйсінтеді.

Енді тағы бір қызығы, біз әлі күнге дейін «Тіл полициясы керек пе? Ол тым артық кеткендік» деп жүргенімізде, Еуропада демократиясы ең дамыған ел болып саналатын Голландияда бұған ұқсас мәселенің тоқталғанына екі – үш жыл болыпты. Осыдан екі – үш жыл бұрын көшелерде өзге тілде сөйлесіп тұрған азаматтарды құзырлы органның өкілдері тексеріп, егер мемлекеттік тілді менсінбеген азаматтарға олар өз кезегінде айыппұл төлейтін болған. Жағдай қалыпқа келген соң бұл үдеріс тоқтатылған.

Қорыта айтқанда, Нидерланды корольдігі – Еуропадағы капитализмнің арқасында социализм құрған мемлекеттердің бірі. Әлемдегі жаһандық мәдениеттің озығы да, тозығы да осында. Сондықтан да, өмір сүру өрнегі өзгеше осы мемлекеттен үйренеріміз де, жиренеріміз де көп.

**Айдос САДУАҚАСОВ,**

**Журналист**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/kapitalizm-zholymen-socializm-r-an-el-782771](https://yvision.kz/kk/post/kapitalizm-zholymen-socializm-r-an-el-782771)