---
title: "Кәсіпқой – Армия негізі: Қазақстан Қорғаныс министрлігінде алқа отырысы болып өтті"
description: "Бүгін Астанада қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Рес..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-11-25T06:24:00+00:00"
modified: "2013-11-25T06:24:52+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-sip-oy-armiya-negizi-aza-stan-or-anys-ministrliginde-al-a-otyrysy-bolyp-tti-386676"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-sip-oy-armiya-negizi-aza-stan-or-anys-ministrliginde-al-a-otyrysy-bolyp-tti-386676/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Кәсіпқой – Армия негізі: Қазақстан Қорғаныс министрлігінде алқа отырысы болып өтті

> Бүгін Астанада қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Рес...

**

![Кәсіпқой – Армия негізі: Қазақстан Қорғаныс министрлігінде алқа отырысы болып өтті](http://www.mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/25112013/03.jpg)

Бүгін Астанада қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Алқасының отырысы болып өтті.**

Алқа жұмысына Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың басшылығы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, тектерінің, өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер департаменттерінің, бас басқармаларының, басқармалары мен орталықтарының бастықтары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, әскери оқу орындарының бастықтары, әскери бөлімдердің, мекемелердің командирлері, сержанттық құрам, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.

Биыл бөлімдердің жауынгерлік даярлығы айтарлықтай арта түсіп, бұл кәсіби шеберліктің артуына оң ықпал етті. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні төл әскеріміздің жауынгерлік әзірлігі жарқырата көрсетілді. «Отар» 40-әскери базасында өткен Жауынгерлік парадқа жеті мыңнан астам әскери қызметші, 400 бірліктен астам әскери техника және 80-нен астам ұшақ пен тікұшақ қатысты.

ҚР Қарулы Күштерінің сапалық деңгейі алдыңғы қатарлы шетелдік сарапшылардың лайықты оң бағасын алды. Қазақстан арнайы мақсаттағы әскерлері халықаралық «Алтын Үкі» сайысында үздік атанса, мергендер жұбы да үздіктер қатарынан табылды, танк биатлонында біздің танкішілеріміз алдыңғы қатардан көрінді.

Әскерлер, әскери бөлімдер мен бөлімшелер жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту келесі жылы да басымдыққа ие міндеттер болып қала бермек. Сондай-ақ Бас штабқа тіркеу жүйесін жетілдіру арқылы офицерлік құраммен және келісім-шарт бойынша әскери қызметшілермен сапалы жасақтауды жалғастыру туралы тапсырма берілді. Қарулы Күштердің келесі жылғы жауынгерлік сайыстың ұраны «Кәсіпқой – Армия негізі» болып белгіленді.

- Келесі жылы қорғаныс ведомствосының қызметі «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес жалпы мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталатын болады. Оқытудың алдыңғы қатарлы үлгілері мен әдістерін енгізу негізінде жауынгерлік даярлықтың сапасын жақсартуға, кадрлар даярлау мен әскери білім жүйесін жетілдіруге, әскерлердің қажеттілігіне қарай қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери қалашықтардың инфрақұрылымын, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға тапсырма берді. Министрі сонымен бірге жеке құрамның дене даярлығын жақсартуға және әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға назар аударды.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/k-sip-oy-armiya-negizi-aza-stan-or-anys-ministrliginde-al-a-otyrysy-bolyp-tti-386676](https://yvision.kz/kk/post/k-sip-oy-armiya-negizi-aza-stan-or-anys-ministrliginde-al-a-otyrysy-bolyp-tti-386676)