---
title: "Кәрім Мәсімов Ерлан Сағадиев туралы: Балмұздақ сатушы еді, енді министр болды"
description: "Естеріңізде болса, 6 тамыз күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары барысында Павлодар об..."
author: "CRMI"
published: "2016-08-08T00:05:35+00:00"
modified: "2016-08-08T00:05:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-rim-m-simov-erlan-sa-adiev-turaly-balm-zda-satushy-edi-endi-ministr-boldy-705991"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-rim-m-simov-erlan-sa-adiev-turaly-balm-zda-satushy-edi-endi-ministr-boldy-705991/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Кәрім Мәсімов Ерлан Сағадиев туралы: Балмұздақ сатушы еді, енді министр болды

> Естеріңізде болса, 6 тамыз күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары барысында Павлодар об...

Естеріңізде болса, 6 тамыз күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары барысында Павлодар облысының жастарымен кездесу өткізді. Кездесу Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығында ұйымдастырылды. Мәсімов Кәрім Қажымұқанұлын және үкімет басшылығындағы қонақтарды Орталық директоры Садықова Айгүл Абылайханқызы қонақжайлық танытып қарсы алса, директор орынбасары Жүсіпбаев Саят Бейбітұлы Жастар орталығының бөлімдерімен танысдырды.

![](http://storage.yvision.kz/images/user/crmi/Mq6UvW6uBJovi4HR9pW0UUm88mI5IP.png)

Кездесу аясында көтерілген негізгі мәселелер «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруда жаңа бағытты енгізу, «Start-Up» арқылы жастар кәсіпкерлігін дамыту және өз бетінше шетелдік ЖОО-ларда оқып жүрген жастарды жұмысқа орналастыру үшін өңірлердің тартымдылығы Картасының әлеуеті болды.

Үкімет басшысының кездесуі «сұрақ-жауап» түрінде өтті. Сонымен бірге, сөз сөйлегендер өздерінің жобалары және қоғамдық істері туралы әңгіңмеледі.

Кәрім Мәсімов C. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері стартап ауқымында қымыздан балмұздақтың бірегей рецептісін жасағанын естігенде: «Қымыздан балмұздақ?», - деп қайталап сұрады да: «Мұндай да бар ма? Дәмін татып көру керек екен»., - деді. Бұл жоба жайында Премьер-Министрге оның авторларының бірі Нұрғиза Калимова айтып берді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/xarQfYz42k9HD07nnWHdU3d50b62hv.jpg)

К.Мәсімов жиналғандарға қарата айтқан сөзінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те кезінде стартапшы болып еңбек жолын бастағанын, балмұздақ сатқанын айтты. Одан кейін міне министр болып отыр. «Сіздер де осылай істей аласыздар»...», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Премьер-Министр жұмыспен қамту мәселелерін шешу жастар саясатын жүзеге асырудың бір бөлігі ретінде өзекті екенін, сондықтан кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарда қаралатынын атап өтті.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/ZSm67i3JJRwH0CQW2Y61dVGp6Q9Vaa.jpg)

Павлодар облысындағы экономикалық белсенді жастардың жалпы саны 93 мың адамды құрайды. Аймақта 12 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықта еңбекке орналастыру, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас отбасылар үшін тұрғын үй алу және т.б. жастар үшін маңызды мәселелер бойынша кеңес беріледі.

Биыл жұмыспен қамту ұйымдарының ықпал етуімен облыста 1 628 жас жұмыспен қамтылды, оның ішінде 385 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. «Жасыл ел» жобасы бойынша жастар еңбек жасақтарының 13 бағытымен 2 500 адам жұмысқа орналастырылды. Студенттер жасағынан 200 адам «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысады. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 131 адам көтерме ақы алды.

Сонымен қатар жастарға қызмет көрсету орталығының базасында кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнес цех» жобасы іске қосылды, ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында аймақтық Start-Up академиясы ашылды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/nU0gqBRABnb40ucpCiXuxnn880kX30.jpg)

Жалпы, елімізде жас мамандардың жұмысқа орналасуына «Жастар іс-тәжірибесі», «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары арқылы қолдау көрсетілуде.

***Суреттер pm.kz сайтынан және ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің әлеуметтік желісінен алынды.***

***Негізгі ақпарат:*** [http://www.inform.kz/kaz/article/2934082](http://www.inform.kz/kaz/article/2934082) ***және ҚР Премьер-Министрідің жеке блогынан алынды.***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/k-rim-m-simov-erlan-sa-adiev-turaly-balm-zda-satushy-edi-endi-ministr-boldy-705991](https://yvision.kz/kk/post/k-rim-m-simov-erlan-sa-adiev-turaly-balm-zda-satushy-edi-endi-ministr-boldy-705991)