---
title: "Көреалмаушылық қандай сезім?"
description: "Іштарлық, қызғаныш – адамның жетістігін, сәттілігін, мал-мүлкін көре алмау сезімдері. Көреалмаушылық..."
author: "Koshbasshilar"
published: "2016-04-06T03:22:27+00:00"
modified: "2016-04-06T03:33:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-realmaushyly-anday-sezim-687456"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-realmaushyly-anday-sezim-687456/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Көреалмаушылық қандай сезім?

> Іштарлық, қызғаныш – адамның жетістігін, сәттілігін, мал-мүлкін көре алмау сезімдері. Көреалмаушылық...

Іштарлық, қызғаныш – адамның жетістігін, сәттілігін, мал-мүлкін көре алмау сезімдері. Көреалмаушылық Жаратқан тәңірге қарсы шығуды да білдіреді. Яғни, Жаратқанның саған бергеніне шүкіршілік етпей, өзгенікіне қызығу. Көреалмаушылық - өте жаман, лас қасиет. Көре алмаушы адам ешқашан бақытты бола алмайды. Неге екенін білесіз бе? Себебі, ол өзгелердің бақытын көріп өмірінің түгелін мазасыз күйде өткізеді. Ол басқаның жеңісін көріп оны қызғанып, үнемі ашушаң, дөрекі, долданып жүреді. Ал өзгелер: «осының есі дұрыс емес» дейді де өз жөніне кетеді. Сол адам ешқашан өзінде қызғаныш сезімі бар екендігін білмейді, өзі қызғанғанда не істеп, не айтқанын да білмей қалатын сәттері болады.

Көреалмаушылық адам баласына қай сәттен бастап тән? Қалай пайда болады? Сіз білесіз бе, кішкентай кезімізде-ақ ата-анамыз бізді осы қасиетке ие болуымызға септігін тигізеді. Мысалы, «пәленшенің баласын қарашы, қандай ақылды, ал енді өзіңе қара, түк миың жоқ!». Өскен сайын бізге **«жұрттың баласы»** арман. «Жұрттың қызы олай істеп жатыр, бұлай істеп жатыр, жұрттың қызына қызығам, ата-анасына қамқор!» Әрине, ата-анамыз бізге жөнделсін, жан-жағына қарасын деп айтады. Бірақ осы бір сөздер балаға үлкен әсерін тигізетінін білмейді. Сол баланың ой түйсігінде **«пәленшенің баласы ғана керемет, мен жаманмын»** деген ой қалыптасады. Осыдан түрлі қызғаныштар өсе береді емес пе? Сөйтіп бала өмір бойы өзін басқалармен теңестіріп жүретін болады. Сол жұрттың баласына ұқсаймын деп өзін жоғалтады.

Көреалмаушылық өлімге де әкелген деген пікір бар. Қазақтың белгілі әншісі Күләш Байсейітова апамыз Пекиндегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің 10 күндігіне делегацияның басын бастап барады. Барлығы дайын, Мәскеумен келісілген. Алайда, белгісіз біреу Күләш апамыздың орнына шыққысы келгендіктен «Ол ішеді. Өзге елде біздің абыройымызды түсіріп, мас болса не болмақ?» деп арыз жазады. Осыны естіген Күләш апамыз сол жерде-ақ о дүниелік болып кеткен екен деседі. М. Әуезов бұндай оқиғаларды «Тозақтан бетер қызғаныш» деп атаған екен.

Ғалымдар көреалмаушылықтың пайдалы жақтарының барын дәлелдеген екен. Олардың айтуынша көреалмаушылық мидың назар мен есте сақтау қабілетін іске қосатын көрінеді. Көреалмаушылықтың өзімізде жоқ екендігіне көз жеткізе аламыз. Мысалы, сіздің досыңыз сіз де қатысатын спорт түрінен өткен үлкен жарыстан басжүлдені ұтып алса, ал сіз бұл жайтқа қуансаңыз, сіз өз жолыңызда келе жатырсыз.

Орыстарда «белая зависть», «черная зависть» деген түсінік бар. Бұл дегенің түсін ажырату емес, қызғаныштың қандай мақсатта туындағанын ажырату. Бұны өзімізге пайдалансақ та болады. Мысалы, өзге біреу үлкен жетістікке жетсе, сіз сондай боламын деп ұмтылуыңыз керек. Яғни, сол адаммен бәсекелесе отырып, ол жеткен жерге жетемін, асып түсемін деп қызғану. Бірақ, пәленше осындай болыпты, соған–ақ сәттілік жолыға береді екен деп қойып, шәй ішіп жата беретін болсақ, одан не шығады?

Көреалмаушылық денсаулығыңызды құртады, уақытыңызды да алады, сізге ешқашан қуаныш сыйламайды. Мейлінше одан алыс болуға тырысайық! Өз жолымызбен жүрейік!

***"Көшбасшылар" клубының мүшесі,***

***7-ші сынып оқушысы Меңғалиева Аружан***

![Көреалмаушылық қандай сезім?](https://storage.yvision.kz/images/user/koshbasshilar/iCp1Ba2OIWRnz105rGcb0IVvIkAimq.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/k-realmaushyly-anday-sezim-687456](https://yvision.kz/kk/post/k-realmaushyly-anday-sezim-687456)