---
title: "Көпвекторлы ұстанымның пайдасы"
description: "2015 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырым..."
author: "qazaq_bala"
published: "2015-06-10T00:12:38+00:00"
modified: "2015-06-10T00:38:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-pvektorly-stanymny-paydasy-507959"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-pvektorly-stanymny-paydasy-507959/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Көпвекторлы ұстанымның пайдасы

> 2015 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырым...

#####

![Көпвекторлы ұстанымның пайдасы](https://storage.yvision.kz/images/user/qazaq_bala/gShM8ZcdLqLm8bAvrQ6V3CcT0B776E.jpg)

2015 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» атты құжатқа көз жүгіртіп шыққан адам еліміз сыртқы саясатта көпжақты байланыс орнатып, белсенді жұмыс жүргізіп, теңдік сақтауға ұмтылып отырғанын байқай алады.

Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап демократиялық даму жолын таңдайтындығын жалпы әлемге жария етіп, еліміздің өзіндік сыртқы саясатын қалыптастыра бастады. Еуразия кеңістігінде алып аумақты алып жатқан еліміз сыртқы саяси басымдықтарын айқындауда, орналасқан аумағының география­лық саяси жағдайынан шыға отырып көпвекторлы бағыт ұстанды. Ол турасында дипломат, қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаев: «1991 жылғы желтоқсан – 1993 жыл аралығында Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы қалыптасты» деп атап өткен-ді. Әлемдік саяси теорияда көпвекторлы сыртқы саясат демократиялық мемлекеттерге тән. Демократиялық мемлекеттің сыртқы саясаты өзге елдердің ішкі ісіне араласпау, олардың территориялық біртұтастығын құрметтеу, өзге елдермен тең дәрежелі қарым-қатынастарға түсу, өз ұстанымдарын өзге елдерге таңбау, өзге елдердің саяси тәртібі мен экономикалық жүйесін және этникалық, діни құндылықтарын құрметтеу ұстанымдарына негізделетіні көпшілікке мәлім. Өзінің сыртқы саясатында осы ұстанымдарды басшылыққа алған кез келген мемлекет әлемдегі барлық елдермен, оларда үстемдік құрып отырған билік тәртібіне қарамастан, тату-тәтті қарым-қатынас орнатады. Ал бұл – әлемдегі тепе-теңдікті сақтаудағы басты талап.

Еліміз шет мемлекеттермен арадағы екіжақты қарым-қатынастықты достықтың негізінде жүргізіп келе жатқаны белгілі. Бұған тарихымыздағы түрлі жайттар себепші. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған ең алғашқы күндерінен бастап, әлемдегі жаңа саяси жағдайға икемді сыртқы саяси тұжырымдамасын жазып шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік. Сондай-ақ, Қазақстанның болашақтағы сыртқы саясаттағы басымдықтары өзгеріссіз қала береді. Олар негізінен Ресей, Қытай, Орталық Азия, АҚШ, ЕуроОдақ, Азия елдері» деп еді.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының қатарын ұлттық қауіпсіздік, егемендік пен территориямыздың тұтастығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің геосаяси ерекшеліктерін, жер байлығы мен экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және тағы да басқа өзекті мәселелер толықтырады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты XXI ғасырдағы барлық қауіп-қатерлерге төтеп беретін және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге арналған икемді саясаттың бірі болып отыр. Әлемдік қауымдастық елдерімен толық ықпалдастықты жүзеге асыруының нәтижесінде Қазақстанның болашағы Еуропада да, Батыста да, Азия мен Шығыста да көрініс тауып отыр. Қазақстан Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайды қайта қалпына келтіруіне, Батыстың халықаралық лаңкестікпен күрес жүргізуіне, Батыс пен Ислам әлемінің арасындағы сұхбаттастықтың жүзеге асырылуына өзіндік үлес қосып келе жатқан аз мемлекеттің бірі.

Қазақстан әлемнің жетекші елдерімен, әсіресе, іргелес жатқан мемлекеттермен екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық қатынастарын нығайту саясатына үлкен назар аударады. Жиырма жылдан сәл-ақ астам уақыт аралығында Қазақстан Республикасы дүниежүзінің 138 мемлекетімен тең дәрежедегі дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Әлемнің түрлі елдерінде 71-ге тарта қазақстандық елшіліктер мен консулдық өкілдіктер жұмыс істеп жатыр. Оның 49-ы елшілік, 19-ы консулдық мекемелер, 1-і елшіліктің бөлімшесі, 2-і халықаралық ұйымдардағы өкілдіктер болып табылады.

Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында оның әлемдегі интеграциялық үрдістерге қатысуы басты басымдықтардың бірі болып отыр. Қазақстан өз тарапынан ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК ұйымдарының шеңберіндегі интеграциялық бастамаларға толықтай қолдау көрсетеді. Мысалы үшін ҰҚШҰ аясында аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесі қалыптасса, ал ШЫҰ шеңберінде аймақтық қауіпсіздікті нығайту мақсатындағы кең көлемді іс-шаралар жүргізілді. Ал алғашқы кезеңде ұсынылған Еуразия Одағы туралы идея бүгінгі таңдағы көптеген көкейкесті саяси мәселелерді шешуде зор құрал болды.

2010 жылы Қазақстанның бұрынғы посткеңестік елдердің арасында алғашқылардың бірі болып ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы ерекше уақиғаға айналды. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған. Қ. Тоқаевтың жазуы бойынша, көпвекторлық саясат дегеніміз – «белгілі бір серіктес мемлекеттің сыртқы саясатына тәуелді болудан, аймақтағы жағдайдың шиеленісуінен, әлемдік нарық коньюктурасының құбылмалы болуынан сақтайтын бағыттардың бірі». Іс жүзінде көпвекторлы саясат қоршаған сыртқы ортаның қолайлы болуына, әсіресе көрші орналасқан мемлекеттермен, ТМД елдерімен, сондай-ақ қазіргі әлемнің жетекші саяси-экономикалық орталықтарымен тұрақты және достық қарым-қатынастарды дамытуға зор мүмкіндік береді.

Ұлт болып қалыптасып, іргесін бекітіп, «шаңырағым шайқалмасын» деп тілейтін қазақ халқының арғы-бергі тарихта көрген зобалаңы көп-ақ. Содан болар, біздің ел үшін тыныштық пен татулық үлкен қадірге, орасан маңызға ие. Түптеп келгенде, отыңның басын түтетіп, өсіп-өнбек үшін де бейбіт заман керек.

[qazaquni.kz](http://www.qazaquni.kz/?p=36590)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/k-pvektorly-stanymny-paydasy-507959](https://yvision.kz/kk/post/k-pvektorly-stanymny-paydasy-507959)