---
title: "Көктен ата петроглифтері"
description: "Қазанның алтысы күні ӨРНЕК (өлкенің рекреациясын насихаттаушы еріктілер клубы) тобы Шымқаланың бір к..."
author: "seidaly"
published: "2018-11-01T05:10:15+00:00"
modified: "2018-11-01T06:20:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-kten-ata-petroglifteri-818211"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/k-kten-ata-petroglifteri-818211/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Көктен ата петроглифтері

> Қазанның алтысы күні ӨРНЕК (өлкенің рекреациясын насихаттаушы еріктілер клубы) тобы Шымқаланың бір к...

Қазанның алтысы күні ӨРНЕК (өлкенің рекреациясын насихаттаушы еріктілер клубы) тобы Шымқаланың бір кафесінде бас қосып қалдық. Жігіттер бірінен соң бірі жинала қалды. Әңгіме арасында қашаннан айтылып жүрген Көктен ата петроглифтеріне бару ойымыз қозғалып, аяқастынан сол жаққа баратын болып шештік.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/5f0567b8a1b3c447353cb46d9a67ea.jpg)

Көктен ата петроглифтеріне Шымкенттен былай жетесіз

Бұған дейін жариялаған Ұясу петроглифтері туралы материалымызда Қаржантау жотасының қазақстандық жағында петроглиф атаулы тарихи нысандар көпшілікке белгісіз болып келгенін айтқанбыз (сілтеме https://yvision.kz/post/806172 ). Жүрген жерімізде жергілікті тұрғындардан петроглиф сұрай жүру әдетін тапқан едік. Қазығұрт ауданының Жігерген ауылының тұрғыны Берік Серікұлы дейтін досымыздан Көктен ата шипалы бұлағы маңында петроглифтер бар екенін естігесін көрсетуін өтініп қолқа салғанбыз. Ол кісі көрсететін болып келіскен. Егер, пероглифтер шын мәнінде бар болып шықса, Қаржантау жотасынан табылатын екінші петроглиф туралы мәлімет интернет әлеміне жол тартады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/5224841168ac95335a14ab19627a53.jpg)

Бірінші "Кемеқалған" монументіне соқтық

Шымкенттен тез жиналып жолға шыққан ӨРНЕК тобы Қазығұрт ауданына қарай түс ауа аттандық. Алдымен Қазығұрттың танымал туристік-тарихи нысандарына соғып, Алтынтөбеде қонып, таңсәріде ертемен Жігерген ауылына жолға шығатын болдық. Сапарымыз екі күндік туржорыққа айналды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/a3681c6538d35a86065e000c53ed82.jpg)

"Кемеқалған" монументінен күре жол көрінісі

Алдымен «Кемеқалған» монументіне соқтық. Қазығұрт өңіріне келетін де, бұл өңірден аттанатын да қонақтар ең бірінші осы нысанға кіріп-шығатын дәстүр қалыптасқан. Монумент жанынан айнала алақандағыдай көрінеді. Шығыс жақ асқақтаған алып таулармен көмкерілсе, күнбатыс тұста қырқалы шөлейтті дала көкжиекке дейін жазылып жатыр. Дүрбі немесе көру телескопы болса, айнала пейзажын тамашалауға таптырмайтын тамаша орын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/0acbbd43ddcd9c08df127ae0e1dca6.jpg)

Ысмайыл ата сәулет кешеніндегі QR код тақтайшасы

«Кемеқалған» монументінен шыққасын Тұрбаттағы Ысмайыл ата сәулет кешеніне аялдадық. Одан соң Ысқақ ата сәулет кешіне соғып, жігіттер күннің батуы сәтінде күн сәулесінің түсуіне қарай сәулет ескерткіштерінің суреттерін түсіріп алды. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жіберді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/891e2827adc8ff01a9381cc2929851.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/fc38664bf5d15d767122cf972b3d30.jpg)

Келіншектас балбалтасы

Тұрбаттан Алтынтөбеге Аққұм арқылы жүріп, жолай Келіншектас балбалтасына тоқтадық. Келіншектас балбалы туралы бұған дейін massaget.kz сайтында блог жариялағанбыз (сілтеме https://massaget.kz/blogs/24423/ ). Ескерткішке жеткенімізде күн батып, айнала қараңғыланып үлгерген. Жігіттер балбалтасты фотолағанда фонар жарықтарын қосып түсіруге мәжбүр болды.

Түнде Алтынтөбеде қондық.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/b6aed78f54d6f2882ac7daa82e5648.jpg)

Тесіктөбеден Көктен ата бұлағына баратын жол

Ертесіне ертемен Жігерген ауылына жолға шықтық. Берік Серікұлын топқа қосып, жолбастаушы етіп алғасын Көктен ата шипалы бұлағына бағыт алдық. Тесіктөбеден өзеннің оң жақ жағалауынан бастап Көктен атаға дейін жаңа асфалть жол салыныпты. Мамыр айында келгенімізде енді басталып жатқан еді. Жаңа жолға түсіп зымырай отырып, Тесіктөбе ауылынан өте шықтық. Ары қарайғы жол сай-сала мен қыр-еңісті қуалай ирелектеп кетеді. Жол асфальт болғанмен, жылдамдықты асыру қиын. Сүлікқара көлігімізді жол аяқталатын Есенаман қалпе кесенесі маңына қалдырып, керек-жарағымызды көтере Көктен ата шипалы бұлағына қарай өрледік.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/83a6dcbfcd3b0d00e6a6c343b915c3.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/3c45dfad058e5a5b031b551c35806f.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/8fea27069b3098431a7b47097f71ba.jpg)

Тау тоғайының бояуы қанық күзгі суреті

(Жалпы, Көктен ата шипалы бұлағы және Есенаман қалпе кесенесі туралы бұған дейін massaget.kz сайтында сипаттама бергенбіз, сілтеме https://massaget.kz/blogs/24424/ ).

Көтен ата бұлағы Шығыс Қаржантау тау жотасының қойнауынан бастау алады. Бұлақ жағасындағы қалың долана, итмұрын, алша аралас өскен тоғай арасында алдымыздан сұңқар тәріздес құс ұшты. Құсты алдымен байқаған Ғани құсты қуалай жүріп суретке түсіріп алды. Анықтауынша, бақалтақ қыран (орел-карлик) екен. Бұл құстың мекендейтін ареалы биік таулы аймақ. Шамасы, жараланып қалса керек, ауырсынып ұшатын секілді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/fc0e6c4b1facccf05dec9a61562dad.jpg)

Қаржантау етегіндегі тоғай. Бақалтақ қыран (орел-карлик)

Бұлақтан солтүстікке қарай тау жотасының қырқасына қиғаштай өрледік. Сонау беткейде үңгір қараяды. Сол үңгірді бағытқа алдық. Берік мырзаның айтуынша, петроглифтер сол маңайда. Долана, заравшан аршасы, алша, шеттік бұталар аралас сирек өскен тау етегіндегі тоғай ішімен жылдамдата көтеріліп келеміз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/5ef5d6499536c9793e65f2b7aae58e.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/02caa4aa90860276c46f67047f04ac.jpg)

Асығуымыздың де себебі бар, аспан бұлттанып ара-тұра жаңбыр тамшылап қояды. Алдымыздан қалың долана мен итмұрын өскен тау терең сайы жолықты. Аяқжолымыз осы арадан аяқталды. Біз бағыт алған үңгір осы сайдың арғы бетінде. Сайды жағалай тау қырқасына тіке өрлеп, жартастар арасынан өзімізше жол таптық. Мұнда бірнеше үңгір бар екен. Жартас үстіне шығып аздап тынықтық та, петроглиф іздеу үшін топтарға бөліндік. Ғани бағана көрінген үңгір бетке беттеді. Қайрекем және мен екеуміз Ғани кеткен бағыттан жоғарғы беттегі басқа үңгір жақты біріміз жоғары жағынан екіншіміз төменгі тұстан қарайтын болдық. Мақсат мырза тау қырқасына тіке өрлеп, жартастарды қараса, Берік мырза одан төменгі белдеудегі жартастарды сүзіп шықпақ. Осылайша бөліскесін әрқайсымыз петроглиф болуы мүмкін деген тастарды ақтарып шығуға кеттік.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/745bec6711b977462a1d1848b02dce.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/1e6b5b097dae7b3bce02b03c3dcdb1.jpg)

Ерте заманда адамдар қоныс еткен үңгір

Таушие мен қызылқат өскен жартастар арасымен беткейді қиғаштап өрледік. Жалпақ жартастар арасынан петроглифтердің бейнесі көрінер емес. Есесіне бірнеше үңгір мен жабайы аңдар апан етіп алған жартас қуыстарының бірнешеуіне жолықтық. Шамасы, борсық пен қасқырлардың апандары болса керек. Үңгірден тау қырқасының жоғарғы жағында Қайрекеммен кездестік. Екеуміз де пероглиф таппаппыз. Дауыстап, тауды жаңғырықтата Берік пен Мақсаттардан тапқан-таппағанын сұрап қоямыз. Олар да жолықтырмапты. Тек төмендегі Ғани кеткен бағыттан еш хабар жоқ. Даусымыз оған жетпеді ме, әлде естімеді ме екен. Оның артынан Берік кеткен. Бір сәтте төменде деп жүрген Ғаниіміз төменнен емес, солтүстік қапталымыздан келіп тұр. Ол да таппаған. Төменгі үңгір бетті дұрыстап қарайлайық деп төмендедік.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/e31b493316efc2add639ec6a784dae.jpg)

Төменгі үңгір алдынан селфи

Жартасты беткейдің доланалы орманға ұласатын тұсында биік жартастар бар. Осы тұста төменгі үңгір бар екен. Тек біреу ғана емес, ірілі-ұсақты үш үңгір бар болып шықты. Қайрекеммен қызықты тұстарында бірнеше рет фотоласып алдық. Бұл үңгірлерде көне замандарда немесе аңшылық кезінде адамдар қоныс еткені анық көрінеді. Ыстанған жартас қабырғалары жақсы сақталған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/8e71c5218ce533d08b72c7e84745cd.jpg)

Төрткүлтөбе ортағасырлық қоныс (средневековое поселение) орны

Осы жерден батыс бетте, Жігергенсай өзенінің оң жағынан бұлақ суы қосылатын тұста Төрткүлтөбе ортағасырлық қоныс орны көрінеді екен. Айналасы шабындық пен алмабау. Н.П.Подушкиннің айтуынша, ортағасырлық қоныс шамамен ҮІІІ-ХІІ ғасырлар арасында өмір сүрген деп топшыланады. Тарихи ескерткіштер тізіміне енген 1982 жылдан бері бұл қоныс орны толық зерттелмеген (*).

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/7d356a12cfc9bedc69554c70964613.jpg)

Борсықтың, әлде қасқырдың апаны

Бұл жақтан петроглиф табылмаған соң, айналаны көзбен шолып алдық. Шамасы, солтүстік жақтағы бұлақтың үстіндегі қар ерте еритін беттегі қара тастарды бір қарау керек секілді көрінді. Өйткені, Қаратау мен Ұясу петроглифтері тура сондай орындардан көптеп кездесетін еді. Сол араны шолып шықпақ болдық. Сағат 11-ден асып барады. Жылдамдатпасақ болмас, жаңбыр да майдалап сіркірей бастады. Берік бастап, Ғани, Қайрат мырзалар қостап сол жаққа кетті. Мақсат екеуміз Сүлікқараны ерттеп мініп, Төрткүлтөбе астындағы бұлақ басында күтетін болдық.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/46cb03b7d138a73888ce6a86c8b08a.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/f8d3452b3d3fe1f660d027ef95f2f6.jpg)

Арқар бейнеленген петроглифтер

Біраз уақыт өткенде бұлақ жағасындағы тоғайды бойлай кеткен жігіттер жақтан Қайрекемнің Ғаниді айғайлап шақырған дауысы естілді. Петроглиф тапқаны анық. Арқар суреті бейнеленген пероглиф екен. Бұл маңда бірнеше петроглифтер бар болып шықты. Өте көне. Тас бетіндегі суреттер уақыт табымен өше бастаған. Ең анық көрінгені – мүйізі айналып кеткен арқар бейнесі. Ерекше көркем. Біз іздеген петрогифтер табылды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/3a2ae3355a6545c0ed057f37b67ea9.jpg)

Жаңадан табылған петроглифтерге ең жақын бағдар (орентир) су көзі – Көктен ата бұлағы болғандықтан «Көктен ата петроглифтері» деп атау бердік. Петроглифтер Көктен ата бұлақ көзінен солтүстікке қарай 1 шақырым, Төрткүлтөбе ортағасырлық қонысынан солтүстік-шығысқа қарай 500 метрдей қашықта орналасқан. Көктен ата петроглифтері бейнелену стиліне қарағанда, Қаржантаудың бұған дейін табылған Ұясу пертоглифтеріне ұқсамайды. Тасқа ойылған бедерлері аздап болса да көрінеді, кейбіреулері таспен бірігіп кеткен. Ұясу петроглифтерінде бірөңкей тауешкі суреттері болса, Көктен ата петроглифтерінде көбіне арқар бейнесі, сондай-ақ бірді-екілі тауешкілер де кездеседі. Тек, өзге суреттер анық емес. Шамасы, Көктен ата петроглифтері Ұясу петроглифтерінен жас болса керек. Сол, ерте қола дәуірінің ескерткішіне жатқызылатын болар. Қазіргі Қаржантау тау жотасында арқарлар мекендемейді. Ерте заманда бұл өңірде арқарлар жайлағанына бірден-бір дәлел – осы тас сурет. Тас суреттерді вандалдардан қорғау үшін бұл маңайға территориялық жағынан жақын «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағына беру керек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/f99a289f9a0b59e524df2943f78708.jpg)

Жаңбыр үдей түсті. Төмендегі сары доланалар өскен бұлақ басында тобымыз бас қосып, түгелденді. Түскі ас-суымызды Есенаман қалпе кесенесі аумағындағы зияратшыларға арналған тапшанда іштік. Одан соң жиналып, қалаға аттандық. Жаңбыр астында қалып, үстіміз суға малшынғаны болмаса, бүгінгі күн де тамаша өтті. Қаржантаудың көне ескерткіші туралы мәліметтер интернет арқылы көпшілікке танылатын болды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/69691f324e76f7be5344f9271f451a.jpg)

Жүріп өткен маршрутымыз

Алдағы уақытта бұл маңды тағы бір шолып шығу керек болды. Петроглифтер тағы да табылатындай көрінеді де тұрады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/8863ff6ce9d12110a8df3ee74d5494.jpg)

* - Свод памятников истории и культуры Казахстана. Алматы, 1994ж. 183 бет.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/k-kten-ata-petroglifteri-818211](https://yvision.kz/kk/post/k-kten-ata-petroglifteri-818211)