---
title: "Ізгілердің ізімен..."
description: "85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің қоғамдық өмірі мен біл..."
author: "saltanatbazarbek"
published: "2019-12-26T17:41:39+00:00"
modified: "2019-12-26T17:42:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/izgilerdi-izimen-846713"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/izgilerdi-izimen-846713/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ізгілердің ізімен...

> 85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің қоғамдық өмірі мен біл...

85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің қоғамдық өмірі мен білім-білік, ғылым, жалпы оқу- ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. Университет – ұлағатты ұстаздардың парасаттылығы мен жастардың жалынды жігерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының шығармашылық талмас қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған оқу ордасы.

1934 жылдың 15 қаң­тары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы универ­ситеттің ресми ашылу күні болып саналады. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы уни­верситеттің біріне айналды .

Ұлтымыздың ұлы тұлғалары М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Балақаевтар негізін қалаған филология және әлем тілдері факультететінің жас ұрпаққа берер білімі мен жас ғалымдармен бөлісер білігі иол екендігін сеніммен айта аламыз. Факультетте қазақ әдебиетінің классигі, шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорынан орын алған академик-жазушы Мұхтар Әуезов 30 жылға таяу еңбек етті.

Факультетте әр жылдары тіл мен әдебиеттану ғылымының Республикаға белгілі аса көрнекті ғалымдары ұстаздық қызмет атқарды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, академик Рымғали Нұрғали, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Кәкен Аханов, Хайролла Махмұдов, Мая Бағызбаева, Талғат Сайрамбаев, Алма Қыраубаевалар – жарқын жүздері жадымызда жатталып қалған, біз мақтан тұтар ұлағатты ұстаздар.

Филология және әлем тілдері факультетін бітірген түлектер арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Олардың ішінде Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уалихан Қалижанұлы, Жансейіт Түймебаев, Алдан Смайыл сынды дара тұлғалар бар. Атақты ақын-жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев сынды қазақ руханиятындағы орны бөлек ақын-жазушы түлектерін факультет қашанда мақтан тұтады.

Алдағы уақытта да дәл осылай ауыз толтырып айтар түлектер мен жас ғалымдардың қазіргі таңда осы қазақтың ұлы тұлғаларының ізі қалған дәліздермен жүріп, сол ғимараттарда, сол дәріхналардан білім нәрімен сусындап жүргеніне нық сенімдімін. Бәлки әзірше "болашақ ұлы тұлғалармыздан" біз әлі бейхабар болармыз, алайда көп күттірмей бұл азаматтар мен азаматшалар өздерін танытатын уақыт аз қалды деп ойлаймын.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/izgilerdi-izimen-846713](https://yvision.kz/kk/post/izgilerdi-izimen-846713)