---
title: "Қиялыма қанат бітірген білім ордасы"
description: "Кез келген мектеп оқушысын он бір жыл білім алған ордасынан түлеп ұшар сәтте «Мен кім боламын?», «Қа..."
author: "goldenmoon188"
published: "2017-05-27T07:40:01+00:00"
modified: "2017-05-27T07:40:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/iyalyma-anat-bitirgen-bilim-ordasy-768130"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/iyalyma-anat-bitirgen-bilim-ordasy-768130/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қиялыма қанат бітірген білім ордасы

> Кез келген мектеп оқушысын он бір жыл білім алған ордасынан түлеп ұшар сәтте «Мен кім боламын?», «Қа...

Кез келген мектеп оқушысын он бір жыл білім алған ордасынан түлеп ұшар сәтте «Мен кім боламын?», «Қайда білім аламын?», сынды бас қатырғыш сан сауал жаулап алады. Қазіргі сәтте мектеп түлектерінің жүректері қалай тулап, «Қайтсем өз мақсатыма жетемін?»-деп жүрген ішкі сезімдерін мен жақсы түсінемін. Себебі, мен де тура бір жыл бұрын осы жайтты бастан кешкен едім. «ҚазҰУ ма, әлде ЕҰУ ма?» («Алматы ма, Астана ма?», «журналистика ма, әлде өзге мамандық па?») сынды сауалдардың санында шек болмады.

Алайда, мен ұзақ ойланып, Алатаудың баурайында орналасқан әсем қала Алматының төріндегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім аламын деп шешім қабылдаған болатынмын.

Журналистика факультеті – мен үшін киелі мекен. Киелі демеске болады ма? Қазақстанның бұқаралық ақпарат кеңістігіндегі бетке ұстар талай дарындылар дәл осы мекеннен дараланып шықты.

Қазақ журналистикасының дамуына аянбай тер төгіп, еңбек еткен Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов, Серік Әбдірайымұлы, Жанболат Аупбаев, Сауытбек Әбдірахманов, Аманхан Әлімұлы, Нұртөре Жүсіп сынды тұлғалар осы жерден шыңдалды.

Біздің қасиетті шаңырағымыздан бүгінде теледидардан әр хабарын асыға күтіп, үзбей көріп жүрген Гүлназ Әлімгерей, Мейіржан Әлібекұлы, Ринат Кертаев, Жанар Жолтаева, Қанат Әуесбай, Ләйлә Сұлтанқызы сынды журналистер нағыз кәсіби маман атанып, ысылып шықты.

Қазақ журналистикасының теориялық білімінің дамуына өзіндік үн қосып жүрген Сағатбек Медеубекұлы бастаған оқытушылардан тәлім алып жатқан біздердің, болашақ журналистердің жаман маман атануға құқығымыз жоқ! Себебі, біз – білікті мамандардан тәлім алу үстіндеміз, себебі, біз – еліміздегі жетекші ЖОО-ның алдыңғы қатарлы факультетінде шығармашылығымызды шыңдау үстіндеміз. Себебі, біз – алдыңғы толқын ағалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып, дара жолға қадам баспақпыз.

Қадірменді жас дос! Егер сен ару қала Алматының төрінде сапалы білім алғың келсе, талай жылдық тарихы бар қара шаңырақтың бір кірпіші болып қаланғың келсе, «Әл-Фараби» телеарнасында өз бағдарламаңды түсіріп, радионың қызығы мен шыжығына қанық болғың келсе, «Қазақ университетінде» жарияланған өз мақалаңды оқығың келсе, телеарна мен радионың, баспасөз саласының жілігін шағып, майын ішкен майталмандардан дәріс алғың келсе және ең бастысы, қаламы қарымды журналист болғың келсе, бізге кел! Біздің қатарымызға қосыл! Біз сені асыға күтеміз!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/iyalyma-anat-bitirgen-bilim-ordasy-768130](https://yvision.kz/kk/post/iyalyma-anat-bitirgen-bilim-ordasy-768130)