---
title: "Испания ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға дайын"
description: "«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, 2017 жыл жақындаған сайын жақын уақыттың бас көрмес..."
author: "qazaq_bala"
published: "2015-06-18T18:23:59+00:00"
modified: "2015-06-18T18:23:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ispaniya-ekspo-2017-k-rmesine-belsendi-atysu-a-dayyn-514553"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ispaniya-ekspo-2017-k-rmesine-belsendi-atysu-a-dayyn-514553/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Испания ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға дайын

> «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, 2017 жыл жақындаған сайын жақын уақыттың бас көрмес...

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, 2017 жыл жақындаған сайын жақын уақыттың бас көрмесінің маңызы да, мәртебесі де ерекше талқылауға, айрықша мән беруге ие болып келеді.

Қазірдің өзінде 27 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын мәлімдеді. Алдағы уақытта өзге де мемлекеттердің аталған шараға қатысуы үшін Қазақстан тарапынан түрлі іс-әрекеттер қолға алынбақ екен.

Соның дәлелі ғой: осы айдың он бесі мен он алтысында EXPO-2017 Комиссары және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Испания Королдігіне сапарлай барып, түрлі екіжақты серіктестік туралы шараларға қатысып, құжаттарға қол қойып қайтыпты.

![Испания ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға дайын](https://storage.yvision.kz/images/user/qazaq_bala/ayU3fpzFc8CMDE0xc11MH21yVi9yy3.jpg)

Сапар барысында Р.Жошыбаев Испания Сыртқы істер және ынтымақтастық министрі Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо, Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшы Игнасио Ибаньес, Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшы – Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Хайме Гарсиа Легас-Понсе, Туризм жөніндегі мемлекеттік хатшы Исабель Боррего Кортес, Инфрақұрылым, тұрғын үй және көлік жөніндегі мемлекеттік хатшы Хулио Гомес-Помармен, сондай-ақ испаниялық жетекші компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесулер жүргізді.

Испания СІМ басшысымен келіссөздер барысында тараптар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталып, Испания Королінің Қазақстанға сапарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет Басшысы атынан ЭКСПО-2017 Комиссары Х.М. Гарсия-Маргальоға Испания Королі мен Премьер-министрі атына жазылған ЭКСПО-2017 көрмесіне шақыруы табысталды. Сонымен қатар, Р.Жошыбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сарагосада (Испания) өткен ЭКСПО-2008 көрмесінен кейін халықаралық көрмені Астанада өткізу идеясын алға шығарғанын атап өтті.

Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшы – Қазақстан-испан үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Х.Г. Легас-Понсемен кездесу барысында ЭКСПО-2017 көрмесіне корпоративтік қатысушыларды жұмылдыру бойынша бейінді мемлекеттік органдардың экономикалық бөлімдерінің өзара әрекеттесу мүмкіндіктері қарастырылды.

Осы күні Р.Жошыбаев пен Х.Г. Легас-Понсе төрағалығымен Қазақстан астанасында өтетін ең ірі көрмеге дайындық және өткізу шараларына белсенді қатысуға ниет білдірген 70-тен астам жетекші испаниялық компанияның қатысуымен бизнес-форум өткізілді.

Испания Даму министрлігіндегі кездесуде мемлекеттік хатшы Х. Гомес-Помар Астанада өтетін алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі қазақстан-испан стратегиялық әріптестігінің күшеюіне жаңа серпіліс беретінін атап өтті.

Туризм жөніндегі мемлекеттік хатшы И. Боррегомен келіссөздер барысында туризм саласындағы Испанияның жетекші рөлін есепке алып, тараптар берілген саланы дамыту және кадрлар дайындау бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Кездесу нәтижесінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК мен Испания туроператорларының жетекші қауымдастығы «TURESPAÑA» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

[Bnews.kz](http://bnews.kz/kk/news/post/272827/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ispaniya-ekspo-2017-k-rmesine-belsendi-atysu-a-dayyn-514553](https://yvision.kz/kk/post/ispaniya-ekspo-2017-k-rmesine-belsendi-atysu-a-dayyn-514553)