---
title: "Ісіне адал жан"
description: "Бүгінгі таңда Қазақстан армиясының сапында қыз-келіншектер ер-азаматтардан қалыспай абыроймен қызмет..."
author: "minoboronyRK"
published: "2014-03-10T12:39:07+00:00"
modified: "2014-03-10T12:39:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/isine-adal-zhan-404599"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/isine-adal-zhan-404599/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ісіне адал жан

> Бүгінгі таңда Қазақстан армиясының сапында қыз-келіншектер ер-азаматтардан қалыспай абыроймен қызмет...

Бүгінгі таңда Қазақстан армиясының сапында қыз-келіншектер ер-азаматтардан қалыспай абыроймен қызмет етеді.

Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 100 ден астам әскери нәзік жан Отан қорғаны болып жүр, 37 офицер, 88 келісімшарт қызметкері. Жоғарғы жауапкершілігімен, асқан ұқыптылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленетін қыз-келіншектер корпусының әскери институт сапында алар орны айрықша. Қысқаша айтқанда институтта әскери әйелдердің 15 пайызы болашақ офицерлерге дәріс береді, 65 пайызы оқу үрдісін қамтамасыз етеді, қалған қыз-келіншектер медицина және байланыс салаларында оқу үрдісіне өз үлестерін қосып жүр.

Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында, Құрлық әскерлері Әскери институтының Оқу үрдісін қамтамасыз ететін батальонының медициналық пунктінің бастығы келісім шарт қызметі бойынша старшина Әлия Акрамқызы Өзбекова жайлы сыр шерткім келеді.

Алдына мақсат қойған, өз күшіне кәміл сенген адам ғана жеңіске жетер, еңбегі жанар. Сондай адамның бірі - Әлия Акрамқызы. Ол өзінің жұмысының нағыз шебері. Сонау бала кезінен әскери болуды армандаған. 1995 жылы балалық арманы орындалып, Әлия әскери өмірдің есігін ашты. Бастапқысында қатаң тәртіпке үйрене алмай қиналған. Әскери медицина оңай сала емес.

Алғашында әскери қызметте Ақтау қаласындағы №15612 әскери бөлімінің дәріхана және зертхана бастығы лауазымын атқарды. 1997-2004 жылдар аралығында мотоатқыштар бригадасы медициналық пункті бастығының лауазымында өзін тек нағыз кәсіпқой ретінде танытты.

2004 жылдан бастап Құрлық әскерлері Әскери институтында әскери міндетін атқарып жүр. Оқу үрдісін қамтамасыз ететін батальонының медициналық пунктінің бастығы старшина Өзбекованың лауазымдық міндеттері: батальонның профилактикалық емдеу және медицина қызметіне қатысты эпидемияға қарсы шараларды өткізу, жеке құрамның медициналық тексерісін ұйымдастыру; батальонның жеке құрамының жауынгерлік дайындық сабағын және спорттық шараларды медециналық қамтамасыз етуі, асхананың және батальонның санитарлық жағдайын қадағалау.

Емделуші науқастар жаны мейрімге толы ақ халатты абзал жан Әлияның жимыған жүзінің өзі ем дейді.

«Қазақстан Қарулы Күштерінде 2014 жылғы оқу жылының ұраны: «Кәсіпқой маман – армия негізі», сол кәсіпқойдың бірі батальонның медпункт бастығы старшина Өзбекова. Әлия Акрамқызы ұжымымызда сиылы, ісіне адал, өз қарамағындағы жас мамандарға жылдар бойы жинаған мол тәжірбиесін үйретуден жалықпайтын тәжірибелі маман. Әлия Акрамқызы өзгелерге үлгі болар жан. Біздің батальонда 2004 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр. Старшина Өзбекованың әскери дайындықтың барлық түрінен әзірлік денгейі жоғары. Әскери Жарғыларды жатқа біледі, саптық дайындықтан да жоғарғы сатыда тұр, дене шынықтыру нормативтерін орындауда үздіктердің қатарында. Біздің батальонның әскери медицина қызметкерлерінің атқаратын қызметінің өзгелерден айырмашылығы – мұнда жауынгерлік қабілетке мән берілгенімен, алдынғы орында әскери қызметшілер мен курсанттардың далалық жаттығу кезіндегі денсаулық мәселесі бірінші орында тұрады. Курсанттардың далалық оқу жаттығулары кезінде Әлия Акрамқызы және батальон фельдшерлері күн демей, түн демей курсанттармен оқу-ату орнындарында өз міндеттерін атқарады» - дейді оқу үрдісін қамтамасыз ету батальонының командирі майор Нұржан Қошанов.

Әлия Акрамқызы байсалды мінезімен, көргенділігімен, сабырлығымен кызметтестер, жора-жолдас, туған-туыс арасында сый-сияпатқа ие болып жүр.

Мейірімді ақ халатты абзал жан талай сырқатты дерттен айықтырып, ауырып ем іздеген талайдың дертіне дау, көніліне демеу бола білді.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/isine-adal-zhan-404599](https://yvision.kz/kk/post/isine-adal-zhan-404599)