---
title: "Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтады"
description: "Қазақстан Республикасында 28 маусым күні байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атал..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-26T08:43:56+00:00"
modified: "2015-06-26T08:43:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ir-zhetekshisi-erik-s-ltanov-b-araly-a-parat-raldary-kilderin-tty-tady-516904"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ir-zhetekshisi-erik-s-ltanov-b-araly-a-parat-raldary-kilderin-tty-tady-516904/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтады

> Қазақстан Республикасында 28 маусым күні байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атал...

**Қазақстан Республикасында 28 маусым күні байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, еңбегімен ерекшеленгендерді марапаттады. Салтанатты шара барысында «Қазақстан-Петропавл» арнасының қызметкерлері де арнайы марапатқа ие болды.**

Шындықтың басын ашып көрсетіп, қызықты ақпаратты эфирден бірінші болып жеткізуді кез келген телевизия журналисті өзіне міндет етіп алады. Тек шындықты жазып, ең қызықты ақпаратты көгілдір экраннан бірінші болып жеткізу – кез келген журналисттің міндеті. Жоғары кәсіби біліктілігі, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыруда мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудегі белсенділігі үшін облыстық, республикалық газет пен телеарна қызметкерлерін аймақ басшысы Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады. Құрметке лайық деп танылғандардың бірі «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Сағындық Сәбитұлы.

Төртінші билік өкілдерінің біршамасы ҚР Инвестиция және даму Министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің құрмет грамотасы, алғыс хатымен марапатталды. Ал 40 жыл «Қазақстан-Петропавл» арнасында қызмет еткен, жоғары санатты телеоператор Владимир Манылов «ҚР Журналистер Одағының» шешіміне сәйкес «Құрметті Журналист» атағына лайық деп танылды.

Қазіргі таңда облысымызда 68 БАҚ жұмыс істейді. Оларды қолдау мақсатында жыл өткен сайын мемлекеттік тапсырыс артып, полиграфиялық және техникалық база дамуда. Кәсіби мереке қарсаңында 7 журналист облыс әкімінің сыйақысына ие болды. Солардың бірі «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшісі Назерке Тұрсынова.

Жиналғандарды байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен ҚР журналистер одағы СҚОФ-ның төрағасы Ерлан Тоқшылық құттықтады.

Қазақстандық баспасөзді дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚР Журналистер Одағының» төрағасы Сейітқазы Матаевтың атынан облыстық филиал төрағасы Ерлан Бейсенұлы БАҚ өкілдеріне арнайы диплом табыстады. Журналистер одағы өңірлік филиалының шешіміне сәйкес республикалық «Экспресс К» газетінің меншікті тілшісі Елена Чернышева - Жыл журналисі, «24 КЗ» арнасының телеоператоры Төлеген Иманов - жыл операторы атанды. Салтанатты жиын БАҚ өкілдерінің құрметіне арналған мерекелік концертпен жалғасын тапты.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ir-zhetekshisi-erik-s-ltanov-b-araly-a-parat-raldary-kilderin-tty-tady-516904](https://yvision.kz/kk/post/ir-zhetekshisi-erik-s-ltanov-b-araly-a-parat-raldary-kilderin-tty-tady-516904)