---
title: "Ильин үйленді"
description: "Өткен жексенбі күні Алматыда Қазақстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен қалыңдығы Нат..."
author: "AIKYN"
published: "2012-09-10T23:31:29+00:00"
modified: "2012-09-10T23:31:29+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ilin-ylendi-289136"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ilin-ylendi-289136/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ильин үйленді

> Өткен жексенбі күні Алматыда Қазақстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен қалыңдығы Нат...

Өткен жексенбі күні Алматыда Қазақстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен қалыңдығы Наталья Кулакованың үйлену тойы өтті. Лондон Олимпиадасынан алтын медальмен оралған чемпион Илья Ильин Қызылордаға келісімен өзінің алдағы көптеген жоспарлары бар екендігін айтқан. Соның ішіндегі бастысы - үйлену тойына дайындық екендігін де жасырған жоқ болатын. Зілтемір көтеруден кезекті рекорд жасаған Илья Ильин Спорт академиясының докторантурасына түсті. Енді қалғаны сүйікті қалыңдығына қосылып, отау құру еді. Оны да орындады. Қыркүйектің 9-ы күні көптен бері жұптары жазылмаған қалыңдығы Наталья Кулаковамен екеуі Алматыда некелерін қидырды. Өздерінің қалаулары бойынша жас жұбайлар тойды дүрілдетіп өткізген жоқ. Тек ең жақын туыстары мен достары арасында үйлену тойларын атап өтті. Илья мен Натальяның Милана атты ортақ сәбилері бар. Илья Ильин қазір 24 жаста. 2008 жылы Бейжіңде өткен және 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы, 94 келіге дейінгі сал­мақта алғашқы қазақстандық үш дүркін (2005, 2006, 2011ж.) әлем чемпионы, екі мәрте (2006 және 2010 ж.) Азия ойындарының рекордсмені болды. Оның әлі де әлемдік спорт ареналарында қол жеткізетін мүмкіндіктері мол. Оған отандастары, әлемдік спортсүйер қауым әлі 3-4 рет олимпиада чемпионы болатын мүмкіндігі бар, болашағы зор спортшы ретінде қарайды. Бірнеше мәрте Қазақстанның атын әлемге шығарған жерлесімізді тіл-көзден сақтасын, деп тілейік!

Қайыржан ТӨРЕЖАН

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ilin-ylendi-289136](https://yvision.kz/kk/post/ilin-ylendi-289136)