---
title: "IELTS — ағылшын тілі емтиханы"
description: "Армысыздар, ағайын! Бұл мақалада мен өзімнің халықаралық ағылшын тілінің емтиханы IELTS-ты қалай тап..."
author: "Ainuraaa"
published: "2017-02-08T12:59:24+00:00"
modified: "2017-02-08T12:59:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ielts-a-ylshyn-tili-emtihany-754786"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ielts-a-ylshyn-tili-emtihany-754786/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# IELTS — ағылшын тілі емтиханы

> Армысыздар, ағайын! Бұл мақалада мен өзімнің халықаралық ағылшын тілінің емтиханы IELTS-ты қалай тап...

Армысыздар, ағайын! Бұл мақалада мен өзімнің халықаралық ағылшын тілінің емтиханы IELTS-ты қалай тапсырғаным жөнінде айтқым келеді. Жалпы университет қабырғасында оқып жүргенде-ақ, кез келген студент үшін осы емтиханның қаншалықты маңызды екендігін ескерген едім. Алайда екінші тілімнің қытай болуына байланысты көп уақытымды осы тілді оқуға жұмсадым. Ағылшын тілін негізгі пәні ретінде алған студенттер немесе оқушылар үшін осы емтиханның маңызы зор. Сонымен қатар, ағылшын тілі репетиторы ретінде жұмысқа орналасу үшін де осы емтиханды тапсырғандығыңды растайтын сертификат кажет. Жалпы, IELTS деген не? Бұл кез келген ағылшын тілі мемлекеттік немесе ресми тіл болып саналмайтын адамдар үшін арналған, тілді білу деңгейін анықтайтын емтихан. Осы сынақтың нәтижесі қаншалықты жоғары болса, соншалықты деңгейде жұмысқа сәтті орналасуға, шет елде білім алуға немесе саяхаттауға мүмкіндік бар. Негізінен 80% студенттер шет мемлекетте ақысыз білім алу үшін осы емтиханды тапсырады. Емтихан 4 бөліктен тұрады: Listening (тыңдау), Reading (оқу), Writing (жазу), Speaking (сөйлеу). Listening (тыңдау) бөліміне 40 минут, Reading (оқу) 40 минут, Writing (жазу)60 минут, Speaking (сөйлеу) шамамен 15 минут болады. Мен үшін ең қиын бөлік - жазу бөлімі. Мұнда writing 2 бөліктен тұрады. Алғашқы эссеге 20 минут уақыт беріледі. Мұнда берілген диаграмма, кестені сипаттау керек. Мысалы АҚШ-тың халық санының өсуі және т.б. Бұл үшін міндетті сөйлемдерді пайдалану керек және ол 150 сөзден кем болмауы міндетті. Ал екінші эсседе өз ойыңды жазуың қажет. Мысалы, балаларды жарысып оқуға үйреткен жақсы ма, жаман ба? Неліктен олай ойлайсыз? Өз біліміңіз бен нақты зерттелген мәліметтерді қосу керек. Мендегі негізгі қиыншылық, бұл - идеяның жетіспеуі деп ойлаймын. Reading 3 бөлімнен тұрады, сәйкесінше оңай, ауырлығы орташа және ауыр мәтіндер беріледі. Академиялық мәтіндердің қиын екендігі бәрімізге белгілі. Ал оның жауаптарын табу үшін біраз еңбек ету қажет. Ең оңай бөлім деп мен Listening-ды айта аламын. Бірақ нақты емтихан барысында әртүрлі мемлекеттер азаматтары сөйлеуі мүмкін. Осында кішкене акценттерін түсінбей қаламыз бәріміз. Себебі, Англия азаматының ағылшынша сөйлеуі мен Қытай азамытының ағылшыншасын салыстыруға келмейді. Олар өз тілдеріне қарай тартып, өзгеше етіп сөйлейді. Және ең соңғысы - speaking. Ең аз уақыт алады, және де ең қызықты бөлік. Мұнда алғашында қарапайым сұрақтар қойылады. Мысалы: Сіздің мамандығыңыз ұандай? Осы мамандықты таңдауға кім әсер етті? Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Ал екінші бөлімде орташа қиындықтағы сұрақтар болады. Мысалы: Ең соңғы рет барған мұражайдың ерекшелігі? Сіз не үшін мұражайды тәрбиелік мәні бар деп ойлайсыз? Және ең соңғысы - ауыр сұрақтар. Мысалы: Африкадағы кедейшілікке басқа елдер қалай қарауда және қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Ғаламдық жылынудың әлем үшін әсері қандай? Осылайша мен емтиханды 2016 жылдың желтоқсан айында тапсырып, 15 күннен соң қорытынды сертификатымды алдым. Жалпы балл - 6.5. Айтпақшы, осы емтиханды тапсыру 45.000 тенге тұрады (бірақ бұл тек Астана және Алматы қалалары үшін). Қалған қалаларда қателеспесем 50.000 KZT. Мақала пайдалы болды деген ойдамын

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ielts-a-ylshyn-tili-emtihany-754786](https://yvision.kz/kk/post/ielts-a-ylshyn-tili-emtihany-754786)