---
title: "Хақназарды кім өлтірді?"
description: "ХVІ ғасырдың 50-жылдары Хақназардың билігін шығыстағы ноғайлар да мойындады. Олардың жайлауы Ембі м..."
author: "ZhannatNur"
published: "2015-07-14T17:57:38+00:00"
modified: "2015-07-14T17:57:38+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ha-nazardy-kim-ltirdi-521719"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ha-nazardy-kim-ltirdi-521719/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Хақназарды кім өлтірді?

> ХVІ ғасырдың 50-жылдары Хақназардың билігін шығыстағы ноғайлар да мойындады. Олардың жайлауы Ембі м...

![Хақназарды кім өлтірді?](https://storage.yvision.kz/images/user/zhannatnur/HBmGXQih1xz4g6T8iBq505Ey1RCoso.jpg)

ХVІ ғасырдың 50-жылдары Хақназардың билігін шығыстағы ноғайлар да мойындады. Олардың жайлауы Ембі мен Жайықтың ортасында, ал қыстауы – Сырдарияның төменгі жағында еді. Сондықтан, олар белгілі бір дәрежеде қазақ хандығына тәуелді болды. Бірақ Хақназар бұған қанағаттанбады. Ол Ноғай және Сібір хандықтарының құрамына кіретін барлық ұлыстарды өз қарамағына өткізу үшін күресті. Бірқатар башқұрт тайпаларын жеңіп, жаулап алғаннан кейін Хақназар өз назарын Мәуереннахрға аударды.

**Хақназар мен Абдолланың одақтастығы**

Бұл уақытта Мәуереннахрда Абдолла хан мен Баба-хан арасында тайталас жүріп жатқан болатын. Хақназар Абдолламен «ант берісіп», келісімге келеді. Ол келісім бойынша Хақназар Абдоллаға әскери көмек береді, оның қайтарымы ретінде Абдолла өзіне тиесілі аумақтан қазақ хандығына беруі тиіс болды.

ХVІ ғасырдың 70-жылдары Баба хан мен Абдолла арасындағы шайқаста Баба хан жиі жиі жеңіліс таба бастайды. 1579 жылы Абдолла Мәуереннахрдағы маңызды деген қалаларды жаулап алған болатын. Әрине, мұнда Хақназардың үлесі зор еді. Тіпті, Абдолла негізінен Хақназардың арқасында қарсыласынан басым түсті деуге болады. Бірақ, Абдолла одақтасының көмегін тиісті дәрежеде бағаламады. Ол Қазақ хандығына төрт ауыл тектес елдімекенді беріп құтыла салды. Әрине, қазақ ханы мұндай «сый-құрметті» өзін кемсіту, қорлау деп түсінді.

**Хақназардың Баба хан жағына ойысуы**

Мұны естіген Баба хан жағдайды өз мақсатына пайдаланып қалғысы келді. Ол Хақназарға Сауран мен Түркістанды сыйлап, әскери көмек сұрады. Баба хан бұның жай алдын ала берілген сый екенін, екеулеп жеңіске қол жеткізсе, бүкіл Мәуереннахр да Хақназарға бұйыратынын аңғартты. Сонымен екеуі одақтасып, ортақ жоспар құрды. 1579 жылдың күзінде олар Бұқара мен Самарқан маңына жорық жасады.

1580 жылдың көктемінде Хақназар мен Баба хан өз жорықтарын жалғастыруға тиіс еді. Бірақ ойда жоқта Баба хан мен қазақ сұлтаны Жалым бір мәселеге қатысты келіспей қалады. Олар соның шешімін Хақназардан сұрамақ болды. Алайда жолға шығып бара жатқан қазақ сұлтандарына Баба хан адамдары тап беріп, Жалым сұлтан мен оның екі ұлын және Хақназардың қос ұлын қапыда өлтіріп тастайды.

**Хақназарды кім өлтірді?**

Көптеген тарихшылардың айтуынша, көп ұзамай Хақназар да Баба хан жіберген кісінің қолынан қаза тапқан. Ал, Қадырғали Жалайыр ханның ішкі талас-тартыстар құрбаны болғанын жазады. Алайда, оны нақты кім өлтіргенін атап айтпайды.

Тарихшы Радик Темірғалиевтің жазуынша, билеушіні өлтірген Тоғым ханның ұлы Шығай болуы ғажап емес. Өйткені Қадырғали ұзақ жылдар бойы Шығай немересі Ораз-Мұхаммедтің кеңесшісі болғандықтан, өз қожайынына адалдық сақтап, атын атамауы мүмкін. Шығайдың Хақназарды өлтіруіне себеп те жоқ емес. Ол Хақназардың Абдолла ханмен ынтымақтастықты үзіп, Баба ханмен күш біріктіруіне қарсы болған. Хафиз Таныштың еңбектерінде Шығайдың үнемі Абдолланы жақтағаны туралы айтылады. Хақназар Баба ханмен бірігіп, өзінің қос ұлынан, ағасынан және немере інілерінен айрылған соң Шығайдың шыдамы шегіне жетуі де мүмкін еді.

Тарихшының айтуынша, Шығай бәрібір хан бола алмаған. Керісінше Абдолланы сағалап, отанынан кетуге мәжбүр болады. Ал, Хақназар қазақ тарихында атақты жаулап алушы хан ретінде сақталып қалды. Тағы бір қадам жасағанда бүкіл Мәуереннахрды да қазақ хандығының құрамына кіргізіп, ортаазиялық үлкен державалар қатарына қосар еді. Бұйырмапты.

Сурет Вконтакте әлеуметтік желісінен алынды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ha-nazardy-kim-ltirdi-521719](https://yvision.kz/kk/post/ha-nazardy-kim-ltirdi-521719)