---
title: "Гүлмира ҚАСЕЕВА: \" Төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға!\""
description: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты көлемді мақаласы Тұңғ..."
author: "Semeynews"
published: "2020-07-02T10:15:05+00:00"
modified: "2020-07-02T10:15:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/g-lmira-aseeva-t-l-tarihyny-bastauynda-t-r-an-t-yrly-t-l-a-860431"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/g-lmira-aseeva-t-l-tarihyny-bastauynda-t-r-an-t-yrly-t-l-a-860431/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Гүлмира ҚАСЕЕВА: " Төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға!"

> Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты көлемді мақаласы Тұңғ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты көлемді мақаласы Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған, осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастаған тегеурінді тұлғалық қасиеттерінің қыр-сырын мейлінше ашуда салиқалы ой-пікірі баяндалған. Мақалада тарихи тұлғаның тәуелсіздік таңындағы қарапайым еңбек адамдығынан бастап, Жаңа мемлекеттің құрылуы жолындағы әлемге әйгілі саясаткерлердің биік баға берген сөздері, әлемдік геосаясаттағы орнын анықтауда, Семей ядролық сынақ алаңын жабуда бейбіт бастаманы көтеруде, ұлтты біріктіруші ұлы тұлға ретінде достық рәуішті дипломатия арқылы мәмілегерлік жолды ұстанушы Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы орнын айқындауға айрықша сіңірген еңбегі, қиын уақытта ел басқарған жаһандық саясаттағы ең алғашқы қадамдары - халқымыз үшін мерейлі сәттер болып қала бермек. Расында да, 1991 жылдан бергі белгісіздік және күрделілік жағдайындағы өзгерістерде тәй-тәй басқан Жас мемлекетіміз мемлекеттік құрылыстың кері айналмайтын жолына түсті, өзінің ұлттық құндылықтары мен ұзақ тарихына адалдық танытып, адамзаттың ортақ демократиялық қағидаттары мен құқықтық мемлекетке бейілділігін көрсетті. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастады…

ХХ ғасырдағы ақтаңдақтар бояуы тым қалың еді. Бүгінгі тарихи күрделі заманда, қоғам мен экономикадағы инновация, рухани бірлік пен рухани жаңғыру кезеңінің негізі қаланғанда, Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәні аса зор еңбегінің жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі өлшеусіз. Ұлттық сананы жаңғырту жолында рухани сілкініс туғызған еңбектің тарихи тағылымы да ұшан теңіз болды. Ұлттық сананы жаңғыртудың кезеңі келді деп білетін, дамыған, келешегі баянды мемлекет құруды мұрат еткен Елбасы бұл бағыттағы кемел ойларында ХХІ ғасырға азат, тәуелсіз ел ретінде қадам басқан қазақ елінің жұлдызын жарқыратып, әлемдік өркениет көшіне ұмтылған халықтар санатына қосуды мұрат тұтады. Бұл ұрпақ өткен тарих тағылымынан ғибрат алып, ғасырлар бойы күрестің жемісімен келген жеңісті баянды ету жолында болатын қиындықты жеңіп, мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырғанда ғана халық арманы шын мәнінде жүзеге асатынын дөп басып алдағы басар қадамымызды айқындап берді. Қазақтың тілі мен мәдениетін құрдымға кетіретін рухани апаттардың өлшемін Елбасы ерекше атап көрсетті. Елбасының тарихи жадыны жаңғырту үшін айтылған осы ойларының әрбір түйіні кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық даналық мектебі. Болашаққа баратын бағытты рухани жаңғыртумен жалғастырып келе жатқан Көшбасшысы бар Қазақстан - Мәңгілік ел.

Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының бастауында тұрған тұғырлы тұлға! Ендеше, ұстаздар қауымының өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуде ерекше ілтипатпен еңбек ететіні аян.

Қасеева Гүлмира Шәйкенқызы,

ардагер ұстаз, «Ерен еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/g-lmira-aseeva-t-l-tarihyny-bastauynda-t-r-an-t-yrly-t-l-a-860431](https://yvision.kz/kk/post/g-lmira-aseeva-t-l-tarihyny-bastauynda-t-r-an-t-yrly-t-l-a-860431)