---
title: "Facebook: Мұнда қазір шындық жоқ"
description: "Деректерді заңсыз пайдалану төңірегінде жақында туындаған жанжалдан кейін Facebook өз пайдаланушылар..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2018-04-07T16:27:59+00:00"
modified: "2018-04-07T16:27:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/facebook-m-nda-azir-shyndy-zho-801484"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/facebook-m-nda-azir-shyndy-zho-801484/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Facebook: Мұнда қазір шындық жоқ

> Деректерді заңсыз пайдалану төңірегінде жақында туындаған жанжалдан кейін Facebook өз пайдаланушылар...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/365292/a57096cbef63add207b89d692c3501.jpg)

Деректерді заңсыз пайдалану төңірегінде жақында туындаған жанжалдан кейін Facebook өз пайдаланушыларына жеке деректер құпиялығын қорғаудың едәуір оңтайлы жолдарын ұсынғысы келеді. Алайда, үлкен деректер (big data) саласында қызмет ететін кәсіпкер және технологиялар жөніндегі сарапшы Ивон Хофстеттердің аталған әлеуметтік желі жұмысында қандай да бір өзгерістің болатынына күмәні бар.

Ұлыбританияның Cambridge Analytica атты саяси консалтингтік фирмасы АҚШ президенті Д.Трамптың сайлау науқанына қолдау көрсету мақсатында Facebook-тің 50 миллион пайдаланушысының деректеріне заңсыз қол жеткізді деген жайтқа байланысты Facebook басшысы Марк Цукерберг желі пайдаланушыларынан бірнеше рет кешірім сұраған болатын.

Жанжалға ұрынған Facebook шынымен де жуырда өз пайдаланушыларының жеке деректерін қорғауды жетілдіруге, соның ішінде деректер беретін үшінші тараптардың әлеуметтік желі сайтын пайдаланатын клиенттерге тікелей бағытталған әрекеттеріне тыйым салуға уәде берді. Соған қарамастан, көпшілік уақытша сипаттағы мұндай іс-шаралар күшейіп келе жатқан наразылықты тыюға жеткіліксіз деп санайды.

Айта кетерлігі, Facebook деректердің заңсыз қолды болуына әкеп соқтырған өзінің қолданыстағы негізгі бизнес моделін әзірше өзгерткісі келмейді.

Бұл әлеуметтік желі жеке пайдаланушыларға бағытталған жарнама өнімдерін сатудан жыл сайын 40 млрд доллар табыс табады. Сондықтан да ол өз пайдаланушыларының неге әдеттенгенін және нені ұнататынын білуі қажет.

Ивон Хофстеттер - үлкен деректер, жасанды интеллект және «үйлестірілген экономика» (share economy) тақырыптарына арналған көптеген еңбектері жарық көрген автор, эссеист. Хофстеттер ханым Deutsche Welle (DW) телерадиокомпаниясына берген сұхбатында Facebook-тің қажетті реформаларды іске асыра алатындығына сенімсіздігін білдірді.

DW: Бүгінгі таңда Facebook желісі біз туралы не біледі?

Ивон Хофстеттер: Бәрін біледі. Қалай болғанда да, сіз туралы жұбайыңыздан да көп біледі.

Facebook қолданатын алгоритм нақты қалай жұмыс істейді?

Facebook сіздің Интернеттегі барлық әрекеттеріңізді cookie-файлдарының көмегімен бақылап отырады. Сіз Facebook парақшасында болмаған күннің өзінде, ол сіздің онлайн режимінде не істеп, не қойғаныңызды есте сақтайды. Жиналатын деректер көпшілік ойлағандағыдан әлдеқайда көп. Сіз туралы бастапқы деректер сізге қатысты жылдар бойы жазылып, жинақталған журнал тәрізді. Жүйе алгоритмдері осы деректерді өзара байланыстырып, сіз туралы мәліметтер табады.

Жеке пайдаланушыларға бұдан төнетін қауіп бар ма?

Сіздің желідегі әрекеттеріңіз жөніндегі деректер басқа тараптарға қолжетімді, бұл деректер Facebook желісінде ғана қалып қоймайды.

Бірде бұқаралық ақпарат таратын германиялық бір компанияның «мақсатты тізім» деген жазбасы бар құжатына көзім түсті. Аталған құжатта сол компанияның мынадай мәлімдемесі болды: «Бізге өз клиенттерімізді әлдеқайда жақсы білу қажет. Facebook-тің істейтінін дәл солай біз де істегіміз келеді. Бізде тиісті деректер жоқ, бірақ біз қажетті деректерді дерек сататын кәсіби брокерлер сияқты тараптардан сатып аламыз».

Енді сондай мақсатты тізім (тізімде сіз де болуыңыз мүмкін – редактор ескертпесі) кез келген тараптың қолына түсуі мүмкін. Ол тарап сіздің жұмыс берушіңіз немесе мемлекет, сізді сақтандырған компания немесе медициналық сақтандыру компаниясы болуы мүмкін.

Facebook біздің деректерімізді бөтен тараптар пайдаланбайтынын үнемі айтып келді. Дегенмен, аталған даулы іске қарап, жағдайдың керісінше екеніне көзіміз жетіп отыр.

Желіде жиналған деректер адамдардың пікіріне әсер ету үшін қалай қолданылады?

Көп адам сол ақпараттың нағыз құндылығын әлі түсіне қойған жоқ – оны сіздің өткеніңізге көз жүгірту үшін ғана емес, сонымен қатар сіздің болашағыңызды басқару және айқындау үшін қолдануға болады. Cambridge Analytica мен Facebook-тің нағыз жұмысы осыған сайып келеді. Олар сайлаушылардың өздеріне (аталған компанияларға) тиімді болатын шешім қабылдауын қалайды. Ал сіз болсаңыз, дербес шешім қабылдағаныңызға сеніп-ақ қаласыз!

Сіздің смартфон қолданбайтыныңызды оқығаным бар. Өзіміздің жеке деректерімізді жеткілікті дәрежеде қорғаудың басқа қандай жолдары бар?

Жеке деректерді жеткілікті дәрежеде қорғау мүмкін емес. Сізден дерек алуға арнап жасалған жүйелер көп. Бұл экономикаға қажет құбылыс, оның кең етек жайғанын байқауға болады.

Біз демократия деп аталатын басқару жүйесінде өмір сүреміз, бірақ қандай да бір деректердің өзімізге қарсы қолданылғанын көрген кезде сол демократияның не екенін немесе оның нені білдіретінін аңғара қоймағанымыз анық. Қытай сияқты басқа мемлекеттер дәл сондай технологияларды бостандықты шектеу үшін (мысалы, жаппай бақылау және жаппай жазалау жүйесін нығайту үшін) қолданады.

Әлеуметтік желілерде жиналатын деректерді пайдалануда өзгерістер болуы мүмкін бе?

Жоқ, оң өзгеріс болатынына сенімім аз. Біз үңгірде отырғандай күн кешудеміз, өзімізге ыңғайлы болса болды, сыртта не болып жатқанында шаруамыз жоқ. Сол себепті мен сияқтылардың «нағыз жағдай біз ойлағандағыдай емес» дегенін ешкім тыңдағысы келмейді.

Әлеуметтік желілерден шындықты табамын деген ұмтылыстың бәрі бекер – онда қазір шындық жоқ. Фактілер, әлдебіреудің жеке пікірі мен өтіріктің дәрежесі бірдей болып қалды. Сөзсіз, бұл жайт демократияның тамырына балта шабуда. Әлеуметтік желілер бізді жеке пікір білдіретін өз алдына бөлек көптеген топтарға бөліп, «фильтр көпіршіктеріне» (filter bubbles) топтастырып қойды. Осылайша біз саяси пікір қалыптастыру проблемасына тап болдық.

Мұны өзгерту үшін не істеу керек?

Facebook, Twitter, Uber, Airbnb сияқты цифрлық платформаларға негізделген экономиканы (platform economy) қолдайтындардың айтатыны: «Біз - тек технологиялармен қамтамасыз етуші тараппыз. Біздің платформаларымызда не болып жатқанында шаруамыз жоқ. Біз мойнымызға ешқандай жауапкершілік алмаймыз».

Мен болсам, осы аталған платформаларды тиісті сипаттамаларына қарап дереу топтастырғым келеді. Бір байқағаным: Facebook - медиакомпания. Сондықтан ол өз контентіне, яғни желідегі деректер үшін жауап беруі тиіс.

Бұл 2018 ж. 03.04. www.dw.com сайтында жарияланған сұхбаттың аудармасы (түпнұсқада Facebook: ‘The truth has been lost’, авторы Stefan Dege).

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/facebook-m-nda-azir-shyndy-zho-801484](https://yvision.kz/kk/post/facebook-m-nda-azir-shyndy-zho-801484)