---
title: "Ежелгі қазақтар су тасқынынан қалай қорғанды?"
description: "Бұрынғы қазақ ауыл-қыстағын тасқыннан қалай қорғады? Бірден мойындау керек. Иә, Сарыарқа — қысы қатал, көктемі көкжиекке дейін тасқын астында қалатын, жаз шығып кеткенге дейін ыңғайсыздау мекен. Бірақ… Осындай көктемде бүкіл даланы тасқын шайып..."
author: "orazali"
published: "2024-04-16T04:02:50+00:00"
modified: "2024-04-16T04:13:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ezhelgi-aza-tar-su-tas-ynynan-alay-or-andy-1003440"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ezhelgi-aza-tar-su-tas-ynynan-alay-or-andy-1003440/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ежелгі қазақтар су тасқынынан қалай қорғанды?

> Бұрынғы қазақ ауыл-қыстағын тасқыннан қалай қорғады? Бірден мойындау керек. Иә, Сарыарқа — қысы қатал, көктемі көкжиекке дейін тасқын астында қалатын, жаз шығып кеткенге дейін ыңғайсыздау мекен. Бірақ… Осындай көктемде бүкіл даланы тасқын шайып...

*Бұрынғы қазақ ауыл-қыстағын тасқыннан қалай қорғады?*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/79efdbc52325fd479a9480582f1774.jpg)

Бірден мойындау керек. Иә, Сарыарқа — қысы қатал, көктемі көкжиекке дейін тасқын астында қалатын, жаз шығып кеткенге дейін ыңғайсыздау мекен. Бірақ… Осындай көктемде бүкіл даланы тасқын шайып кететін жерде, қазақтар ғұмыр сүрді, қыстақтары дін аман тұрды. О қалай?

Қар Арқаның бетіне бірдей түспейді. Қайбір тұстарда, атың батып кетердей қалың жауса, енді бір мекендерді пышақтың қырындай-ақ ұлпа жабады. Тиісінше, ол мүйісте қарғынсу баспайды, қызылсу шайып кетпейді.

Бірақ қазақтар дәл сондай тұсты қалай тапқан? Бірінші өзімізге сұрақ қояйықшы: Біздерге ауыл түсетін мекен іздеу керек болса, неге назар аударамыз? Саялы жайларды, табиғаты әдемі мүйістерге көзіміз түседі. Әрі болашақ ауыл қонатын тұсты жаздың кезінде іздестіреміз ғой. Осы жерде қателеседі екенбіз. Аталарымыз қыстау салатын жерін жазда іздемеген. Қыстың күні, көктемнің қызылсуы жүріп жатқанда барлайтын болған.

Арман Бейсенов, археолог:«Қар алғаш түсе бастаған кезде, аталарымыз таудың ұрымтал жерлерін таңдап; – әй осы тұсты көрейінші,-деп шана, бөшке қалдырып кетеді екен. Қар бір жауған соң, сосын қыстың бел орталарында бірнеше рет келіп-кетіп, әлгі тұсты бақылап жүреді. Қар шананы қай жерге дейін көмді,-деп. Сосын қар кете бастағанда, көктеигі қызылсу уақытында тағы барады екен. Сол жердің қары, басқа мекендермен салыстырғанда ерте кете ме, әлде жататын түрі бар ма? Қарғынсу жүргенде бұл аумақ қаншалықты қауіпсіз,-деп.Егер, қар қалың жаумайтын әрі тез еріп кететін, ойпаңдау әрі ұрымтал тұс болса, сол жерге қыстауын түсіреді».

P/S: Қазақтың қыстауларын мыржиып қалған қоржын там деп ойлайтындар, суретке жақсылап қараса! Мынау Алаш қайраткері — Әлімхан Ермековтің аталарының қыстағы. Аумағы 700 кв/м.

Ааа, ұмытып барам: Біз пеш мұржасын еден астымен өткізетін, "тёплый пол" жүйесі Кореядан, ежелгі Римнен шыққан,-деп жүрміз ғой. Мынау қыстақтарды аршығанда, мұржа құдықтары еден астымен жүргізілгенін көрдім, таң қалдым. Сосын пешті, бірнеше бөлме түйісетін бұрыштарға соққан екен. Сонда, ошақтың ыстығы бүкіл бөлмеге есіп тұрған.

[Нұрбек Бекбау](https://www.facebook.com/nurbek.bekbau)дың жазбасы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ezhelgi-aza-tar-su-tas-ynynan-alay-or-andy-1003440](https://yvision.kz/kk/post/ezhelgi-aza-tar-su-tas-ynynan-alay-or-andy-1003440)