---
title: "Европаның қақ төрінде Қазақстанның бақ жұлдызы жарқырай жанатын сәт те туды"
description: "Қашанда «Жақсы сөз – жарым ырыс». Еліміз, «Елім!» деген ерлеріміз, міне, ауыздығымен алысқан арғымақ..."
author: "Ali-musa"
published: "2010-01-14T17:35:27+00:00"
modified: "2010-01-14T17:35:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/evropany-a-t-rinde-aza-stanny-ba-zh-ldyzy-zhar-yray-zhanatyn-s-t-te-tudy-27301"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/evropany-a-t-rinde-aza-stanny-ba-zh-ldyzy-zhar-yray-zhanatyn-s-t-te-tudy-27301/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Европаның қақ төрінде Қазақстанның бақ жұлдызы жарқырай жанатын сәт те туды

> Қашанда «Жақсы сөз – жарым ырыс». Еліміз, «Елім!» деген ерлеріміз, міне, ауыздығымен алысқан арғымақ...

Қашанда «Жақсы сөз – жарым ырыс». Еліміз, «Елім!» деген ерлеріміз, міне, ауыздығымен алысқан арғымақ ой-сана, тау бұзардай ересен ерік-жігер, табаны тайқымастай таудай талап пен қырандай қайтпас қайсар мінез, сындарлы саясат пен ақыл-ой парасатын танытып, «қас пен көздің арасында» жалпақ әлемді өзіне жалт қаратты. Сана саңылауында: тектілік тұлпары, бабадан жол тартатын сұңғыла ақылмандық пен батырлық дәстүр деген осы емес пе екен дегендей ой ұшқыны қылаң береді. Арғы түп-тұқиян тарих тылсымы қойнауына бір сәтке ғана тереңнен ой бойлатсақ,Түркі қағанаты, Қазақ мемлекеттігі, Алашорда атаулары даңғайыр даланың, Көк Тәңірге сиынған Ұлы Даланың сан ғасырлар бойы уыстан неге шығып кетпей тұрғанын аңғартар еді. Ол тарихты тарихшыларымыз қопара көтерсе, қазіргі Қазақстанның барлық аймақтарында заулаған заманалар ағыстарында ел мен жерді өліспей-беріспей қорғай білген нешебір арыстарымыз - бағзы баһадүр бабаларымыз бен данышпан-даналарымыз ұйқысынан дүр сілкініп тұрып кетер еді! Өкінішке қарай, «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп тулақтай жер, қатын-бала, қарындастың қамы үшін арпалысқан, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қалмақтың қырғынынан жеңіспен шығып, Көкбайрағын желбіретіп, айдаһардың азуына түсіп қалмай, өзіндік өре-өрісін тауып, алайда, арыстанмен «уақытша» бодандыққа ымыраласатын қилы тағдырлы кезеңдер, одан бертіндегі Кеңес дәуірі халқымыздың даңқты тарихының алтын парақтарын көмескілеп, «Қазақ» есімін барынша бүркемелеуге айналып еді... Алайда, сол ата-бабаларымыз тегін жатпапты. 1991 жылы Қазақ Елі өзінің тәуелсіздігін, дербес ел екендігін жер-жүзіне паш етті. Мінеки, елдіктің жалауын кере түсу, айналайын ақ періште –Тәуелсіздігімізді баянды да тұғырлы ету, қазақтың біртұтас мемлекеттігін қалыптастыру жолындағы қиян-кескі бейбіт майдан осылайша басталды да кетті. Содан бергі он сегіз жылда тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара басшылығының, кемел көшбасшы-көрегендігінің, біртуар тұлғаларымыздың, табиғатында қанағатшыл-ымырашыл хал-қымыздың арқасында біршама биіктерді бағындыра алдық. Ең бастысы, жан-жақ-тағы көрші-қолаңмен шекара белдеулері толық айқындалып, рәсімделді. Ол шекара шептерін қорғайтын айбынды Қарулы Күштеріміз заманға сай еңсе түзеді! Ұлттық рәміздер: қыран қалықтаған Күн бейнелі Туымыз тіктеліп, Елтаңбамыз көздің жауын алып, Әнұранымыз көкке шарықтады. Ұлттық теңгеміз айналымға шықты. Қазақ тілі Мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұрынғы Одақ кезіндегі барлық байланыс тіндері үзіліп қалғанымен де, еліміз қай жағынан да тығырыққа тіреле қойған жоқ. Тәуелсіздіктің бастауынан экономикада нарықтық қатынастарды таңдаған үрдіс жаңылдырма-ды. Әрине, қиындықтар аз болған жоқ. «Елмен көрген –ұлы той» деп оның барлығына да төзе білдік. Әу бастан таңдалған соны сүрлеу адастырмады. Экономика саласындағы ілкі ізденістеріміз, еліміздегі ұлтаралық татулық пен өзара келісім шетелдік инвестицияның құйылуына, сол арқылы әлеуметтік ахуалымызды да түзеп, біліміміз бен ғылымымыз, мәдениетіміз бен өнеріміз, денсаулығымыз бен спортымызды ілгері сүйреуге, халықтың еш алаңсыз, бақуатты өмір сүруіне жағдай жасады. Қоғамның барлық әлсіз жіктері мен буындары: студенттерден бастап зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлері, көп балалы аналар, жалғызілікті мүжәлсіз жандар мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынып, тәуелсіздік шарапатын айқын сезінді. Дарынды жастардың шетелдердің атақты оқу орындарында оқып, білім шыңдауына даңғыл жол ашылды. Еліміздің келешек бағдарын айқындаған «Қазақстан-2030» стратегиясы жарқын болашаққа негіз қалап, кенжелеп қалған кейбір тұстарымыздың қайта өрлеуіне жол ашты. «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында қаншама нысандар бой көтеріп жатыр. Бұл орайда Маңғыстау өңірінің де қарыштап алға басқаны, ірі жасампаздық серпінді жобалардың қолға алынып жатқанын, аймақ тегістей газ, су, электр энергиясы және телефон, теледидармен қамтамасыз етілгенін айтсақ та жетіп жатыр. Адам баласы қашанда алдан жақсылық, ізгілік күтіп ғұмыр кешеді. Ал Қазақстан сынды жер-аумағы әлем бойынша тоғызыншы орынды еншілейтін, 16 млн. халқы бар жас мемлекет ғаламдық ауқымда ойлап, көре, болжай білетін саясаткер, Елбасы Н.Назарбаевтың білікті басшылығымен 2010 жылдан зор үміт күтіп отыр. Бұрынғы ТМД елдері мен бүкіл мұсылман әлемі ішінде топ жарып, бәйгіден бас бермей бірінші келген бейне сәйгүлік сынды ОБСЕ-ЕҚЫҰ- Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы тәрізді үлкен әлемдік саясат мінберін иеленер сәт тумақ. Сөйтіп, сол әлемге Қазақтың, Қазақстанның атын қалдырып, адамзат тарихына есімімізді әйгілеп, өрнегімізді кестелейін деп отыр. «Көш жүре түзеледі» деп атам қазақ қанағат пен сабырды, парасат пен ақылды алға ұстанғанындай, көшіміз көлікті, көшбасшылығымыз өнікті, иншалла, санада сағым жүзбесін, бүкіл дүние, жер-шары Қазақтан демеу іздесін! Төріміз тынысты, Тәуекеліміз жұғысты болғай! 2011 –Ислам конференциясын басқарып, күллі мұсылман дүниесін бір дүр сілкіндірер шақ та туар! Одан кейін Шанхай ынтымақтастығы ұйымына жетекшілік жасау да пешенемізге жазылып қалар!.. Талант –тәжірибе мол болса, Абырой да зор болар!.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/evropany-a-t-rinde-aza-stanny-ba-zh-ldyzy-zhar-yray-zhanatyn-s-t-te-tudy-27301](https://yvision.kz/kk/post/evropany-a-t-rinde-aza-stanny-ba-zh-ldyzy-zhar-yray-zhanatyn-s-t-te-tudy-27301)