---
title: "Есті ел ерлерін даттамайды"
description: "Бұған дейінгі посттарымда 2019 жылғы 6-8 шілде аралығында Қостанай облысының Арқалық қаласына, Жанке..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-07-25T14:31:37+00:00"
modified: "2019-07-25T14:31:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/esti-el-erlerin-dattamaydy-836955"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/esti-el-erlerin-dattamaydy-836955/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Есті ел ерлерін даттамайды

> Бұған дейінгі посттарымда 2019 жылғы 6-8 шілде аралығында Қостанай облысының Арқалық қаласына, Жанке...

Бұған дейінгі посттарымда 2019 жылғы 6-8 шілде аралығында Қостанай облысының Арқалық қаласына, Жанкелдин және Амангелді аудандарына, оның ішінде республикамыздағы бірегей қорық – «Алтын Дала» резерватына экспедицияға барып келгеніміз туралы жазып едім. Нұр-Сұлтан қаласынан поезбен Арқалық қаласына жеткеніміз, Арқалық-Торғай трассасы бойындағы Кейкі Көкембайұлының кешені мен Тату бұлағына соққанымыз, одан әрі «Алтын Дала» резерватының «Ұлы Жыланшық» учаскесіне өткеніміз туралы да айтып едім. Бұл жолы сәл шегініс жасап, Амангелді ауданы орталығындағы (Амангелді кентіндегі) А.Иманов атындағы мемориалдық музейінің экспонаттары суреттерін осында сала отырып, бізге музей жәдігерлерімен тағы да танысуға мүмкіндік туған болатын. Осы ретте, Батпаққара жеріндегі Амангелді Иманов атындағы музей қызметкері Кәмшат Әбжанова қарындасымызға алғысымызды білдіре отырып, әкем – Қорған Әмірхамзаұлының «Есті ел ерлерін даттамайды» деген мақаласын қоса беруді жөн көрдім! Есті ел ерлерін даттамайды! Ардагер Амангелді ердің ері, Кең байтақ жалпақ дала туған жері. Халқымен елдігінің қамын ойлап, Қан майдан арпалыста аққан тері. Жамбыл Жабаев Еліміз егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейінгі аз уақытта орасан игілікті істер атқарылды. Тіліміз, дініміз, мәдени салт дәстүріміз өзімізге қайтарылды. 1937-38 жылдардағы сталиндік зұлматтың кезінде атылып-асылған жазықсыз арыстарымыз ақталды. Олардың еңбектері жарық көрді. Бұл қуанарлық жағдай. Бұл Кеңес үкіметі тек Алаш қайраткерлерін атумен шектелген жоқ. Сол Үкіметті орнатуға бар күш жігерін, білімін, ақыл-ойын аямаған қызылдарды да құртты. Сол жолда қызмет істеген аяулыларымыз Сәкен, Ілияс, Бейімбетттер соның құрбаны болды. Бір айта кететін шындық, алаштықтар да, қызылдар да өз халқына ешқандай опасыздық жасаған жоқ. Алаштың Әлиханы мен Ахметі де, қызылдардың Әлиби мен Амангелдісі де тек өз елінің халқының бостандығын жеке ел болуын армандады. Бәрі де өздері мақсат еткен жолда мерт болды. Қазір Кеңес Үкіметі құлап еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш қайраткерлерін жаппай ақтап, енді ауызды бірыңғай қызылдарға сала бастадық. Алаштардың да қызылдардың да тарих алдындағы кінәсі мен жақсылығын байыппен бағаламадық. Бар күш жігерімізді, қарым-қабілетімен білімімізді Кеңес Үкіметін құруға атсалысқан қызыл комунистерді бірыңғай қаралауға бағыштадық. Мен бұл жерде келмеске кеткен Кеңес Үкіметін аңсап, емешегім езіліп отырған жоқпын. Сол Үкіметтің қолдан жасаған зобалаңы – 1931-32 жылдардың аштығынан тек қана біздің бір әулеттің 35-40 шақты адамынан еркек кіндікті үш жан ғана тірі қалды. Бұл қасірет пе? Әрине, қасірет... Енді осыған бола 70 жыл өмір сүрген Кеңес Үкіметінің саясатын түгелдей жамандап, сол Үкіметті орнатуға аянбай еңбек еткен, халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін сол жолда опат болған Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры Амангелді Имановты, сол күреске саяси бағыт-бағдар берген Әліби Жангелдинді тарих сахнасынан шығарып тастап жатырмыз. Ендігі әңгіме халық батыры, халықтың жүрегінде мәңгілік орын алған ақын-жазушылардың өлеңдері мен шығармаларына арқау болған Амангелді Иманов жайлы болмақ. Біздің жаңа тарихшыларымыз мәңгілік тыныштықта жатқан Амангелдінің аруағына дамыл бермей оны ұры, қарақшы, баукеспе, қандыбалақ, надан деп, тіпті айтуға ұят әдепсіз сөздермен балағаттап, Амангелді туралы кезінде жазылған тарихи романдар мен дастандарды Амангелді туралы фильмді құртуға бар күштерін салып жатыр. Енді мен Амангелдіге орынсыз тағылған осындай әділетсіздіктерге жеке-жеке тоқталып өтпекпін. Менің жасым қазір 84-те (ред. ақсақал осыдан екі жыл бұрын 90 жасында қайтыс болған еді). Мен жазушы да, ақын да, тарихшы да емеспін. Бірақ осы ұзақ өмірімде Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан сол оқиғаны көзімен көрген кісілердің әңгімесін көп естідім. Кейбірін өз ауыздарынан жазып та алдым. Мақтанғаным емес, Амангелді Иманов, Әлиби Жанкелдин туралы шығармалар мен әдебиеттерді көп оқыдым. Сөйтіп, өмірімнің отыз-қырық жылын осы жолға арнадым. Бірішіден, Амангелдінің өскен ортасына білім дәрежесіне тоқталайық. Амангелді 1873 жылы сәуір айында Торғай уезінің Қайдауыл болысында туды. Сегіз жасынан он екіге келгенше ауыл молдасынан арабша оқыды. Он екі жасынан он алты жасқа дейін Дулыға өзенінің бойындағы Әбдірахман Ишанның медресесінде оқиды. Он алты жастан кейін байларға жалданып жұмыс істейді. Амангелдінің немере ағасы Көшімбек орысша-қазақша екі жылдық мектеп ашып, сол мектепте Амангелді екі жыл оқып, орысша сауатын ашады. Шынын айтқанда, Амангелдінің нан сұрап жейтіндей орысшасы болған. Оның сыртында байлардың барымташы деп көрсетуімен бірнеше рет түрмеге де түскен, әділдік жеңіп, бәрінен де құтылып отырған. Амангелдінің сауаты жөнінде кезінде заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов те растаған. Оның «Батырдың биік тұлғасы» деген кітабында 1914 жылы Торғайда патша шенеуніктеріне қарсы шығып, түрмеге қамалған шаруалардың ісімен Амангелді Санк-Петербургке барып, қазақтың жиені атақты адвокат Плевакомен танысады. Ол Санк-Петербург сапарында күнделік жазып отырады. Егер Амангелді сауатсыз болса, күнделікті қайдан жазады. Енді, Амангелдінің сол күнделігінен бір үзінді келтірейік. «Патшаның жалақысы бір айға 20 мың сом екен. 12 айға 240 мын сом екен. Патшаның өз үйінен басқа әкесінен қалған үйі. 100 шақты үйі бар екен». Әрине, Амангелдіге бұл мәліметтерді тиісті орындар бермеген шығар, ол орысша газет-журналдарды оқып, халықтан естігендерін қағазға түсірген тәрізді. Енді, Амангелдінің орысша сауаты бар, қол қоя білетініне бір дәлел. 1918 жылы Амангелдіге қазақ өлкесінің төтенше комисары Ә.Жанкелдин Орынбор қаласында қызыл армия құруға және оған ат сатып алуға, 10 мың сом ақша береді. Қол хатқа А.Иманов деп қол қойған, қолды Амангелдінікі екенін кезінде тарихшылар растаған. Екінші, Амангелдінің ата-бабалары және тектілігі туралы. Қазақта текті және тексіз деген екі ұғым бар. Қазақ біреуді мақтағанда «ой, шіркін, тектінің тұқымы екен ғой» деп отырады. Ал тексізді көргенсізді «сол тексіз немені қойшы» деп жатады. Мұның сыртында «жақсы жаман болса да тартпай қоймас негізге» деген бір қасиетті сөз бар. Амангелді қара сирақ көң шалбары көтіне қатқан кедей емес. Ол текті тұқымның ұрпағы. Атасы Иман Дулатұлы 1780 жылы Батпаққара өңіріндегі Дулаттың Қызыл жары деген жерде туған. Шамамен 1848 жылы қайтыс болған. Иман батыр Кенесары қозғалысына бастан аяқ қатысқан. Отаршылдармен соғыста асқан ерлік көрсетіп, жауға білдірместен қамалдың ішкі жағынан өтіп, Кенесары әскерлерінің Қараөткелге кіруіне жол ашады. Иманның ерлігіне батырлығына риза болған Кенесары хан: "менің қасымда жолбарыстай жүректі, түлкідей айлалы, Айекеңнің болғанына өте ризамын" депті. Хан Кене Иман батырды «Айеке» деп атап, хан кеңесінің мүшелігіне сайлап, әр уақыт ақыл кеңесін тыңдаған екен. Міне, Амангелдінің туған атасы Иман осындай адам болған. Қазақта тектілік тұқым қуалайды деген бар, ендеше осындай текті атадан туған Амангелдіні кім осал деп айтар?! 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Амангелдінің бітім-бейнесін, батырлығын, тектілігін ақындар былай деп өлеңге қосыпты: Патшаға қарсы тұрды Амангелді, Таршылық бозбалаға заман келді. Ту ұстап тұлпар мінген атаң Иман, Қалыбы бұлжымастай саған келді. Үшінші Амангелді ұры ма? Жоқ, ұры емес. Амангелдінің түрін көріп, есінде қалған жақын туыстарының бірі 1990 жылдардың басында қайтыс болған, руы Бегімбет Ғазиз Әмірхамзин деген қарт қаламгер Амангелдінің кескін-келбетін: Жадында сақталыпты өр тұлғасы Кеуделі орта бойлы төртпақ дене, Батырдың болса керек түр нұсқасы... – деп еске алады, яғни, Амангелді өлгенінде Ғазиз қарт 16-18 жастағы балаң жігіт болыпты. Амангелді қазіргінің ұрыларындай біреудің қорасындағы қойын, өрістегі жылқысын, сүтін сауып, күнін көріп отырған жалғыз сиырын ұрламаған. Амангелді кезінде әділетсіздікке қарсы күресіп, кедей-кепшіктердің намысын қорғаған. Атақты бай шонжар, алпауыт, Шашамбайдың Рахметінің ағайындарына жасаған озбырлығына, әділетсіздігіне шыдамай бірнеше рет Рахметтің жылқыларын қудырып алады. Міне, осыдан кейін Амангелдінің жаулары би-болыстар, байлар Амангелдіні ұры-барымташы атандырады. Осы оқиғадан кейін Амангелді жалған көрсетумен бірнеше рет түрмеге қамалады. Көкшетау уезінің Саумалкөл сотына тартылып, одан өзін-өзі ақтап шығады. Төртінші, Амангелді сіңірі шыққан кедей емес, орташа байлығы болған адам. Енді бұған дәлелді тағы Ғабит Мүсіреповтің «Батырдың биік тұлғасы» кітабынан іздейік. Ғабит ағамыз Амангелді туралы сол кітабында былай дейді: «Тап сол 1914-15 жылдары тұсында Амангелді кедей емес, Торғай елінің тұрмысында орта шаруалы адам болды», – деп жазады. Енді батырдың өз қолжазбасына зер салып қарайық. «1915 жылы 13 мартта 80 ірі қой, 39 бойдақ, жамғысы төлден басқа 140-тай болды, оның 89 саулық, 1 қошқар, 7 еркек бойдақ, 32 ұрғашы қозы бастап сойылды 11 майда». Амангелді Имановтың күнделігінен. Енді Амангелдінің тақыр кедей болмағанына тағы бір мысал келтірейін. Батырдың бірінші әйелі қайтыс болып, Рамазан, Шәріп деген екі баласымен қалады. Батырдың бұл бойдақ кезі. Ел аралап жүрген бір жолы Найман елінде сол кезде 15-16 жасар Балым деген қызға көзі түседі. Енді Амангелдінің Балымға қалай үйленгені туралы тарихи шындықты Балымның немере –шөбере інілерінің бірі, белгілі қаржыгер Сәндібек Қорғанбеков деген кісі 2007 жылы шыққан «Уәйіс би, Уәйіс болыс, Уәйіс батыр» деген кітабында былай деп суреттейді. Балымды батырға қосуға Әбдіхалық Есіргепов деген жездеміз себепші болған. 1917 жылдың күзінде Амангелді Әбдіхалыққа жолығып, Балымға деген өзінің сезімін жеткізген. Ал Әбдіхалық өз атасы Бірімжанға қолқа салған. Бірімжан елге сыйлы, әрі Сәдуақаспен немере туыс болып келетін. Сонымен Бірекең Сәдуақасты көндіруге Амангелдінің атасы Иманмен өз аталары Уәйістің достығын алға тартады. Бір соғыста (Кенесары көтерілісі кезінде) Уәйіс пен Иман батырлар жаудың қоршауында қалып, бірін-бірі қорғап екеуі де аман шығады. Сонда Иман батыр «Әй, Уәйіс екеумізде өліп қала жаздадық қой, енді өмірлік дос болайық депті», екеуі де қылыштарын ауыстырып, жалаңаш денелеріне қылыштың жүзін қаратып, құшақтасып, өмірлік дос болған екен. Осы оқиғаны білетін, бұрын естіген сұңғыла Бірімжан атам Сәдуақас әкемізге атаң Уәйістің жан досы Иман келіп немересі Амангелдіге Балымды сұраса бермес пе едің?»-депті. Аталы сөзден аса алмаған Садуақас жылап отыра қалыпты. «Батыр бір оқтық, деген қызым жесір қалама деп қорқамын деген екен». Орынды сөзге тоқтаған Сәдуақас ағасы Бірімжанға келісімін береді. Сол 1917 жылдың желтоқсан айында батыр жалғыз өзі Бірімжан ақсақалдың үйіне түседі. Бірекең өз туыстары Байқожаны, Садуақасты және Баржақсыны шақырып алады. Сонда Амангелді сөзді бастап, «Ата қыздың қалың малы өздеріңізге белгілі ғой. Қашаннан қырық қара малы сексен қара болсын, осыған баталарыңызды сұраймын»-десе керек. Сонда Бірекең өз туыстарының атынан былай депті «Амангелді сен бердің, біз алдық, осылай деп есепте қырық қараңның да бізге қажеті жоқ. Сол қырық қараға татыйтын жиырма қара берсең болады»-деп осыған бәтуаласады. 15-16 жасқа қараған Балымды 1918 жылы жаздың бас кезінде «Жоса»деген жерде Амангелдіге ұзатады. Батыр төрт шұбар ат жеккен күймемен келеді. Күйеу жолдастарының қатарында Тілепберген Ержанов, Әлмағамбет, Смайыл Көпжасаров есімді жігіттер болады. Батыр қару-жарақсыз қазақи тәртіппен келіп түседі. Балымды ұзату тойы үш күнге созылып палуандар күш сынасып, ат бәйгесі өтеді. «Ұзатқан қызды шығарып салуға ергендердің ішінде менің шешем Айгүлде болған. Шешем Балыммен жасты екен. Айшагүл есімді немере сіңілісімен Балымның туған сіңілісі Зүбайра да барған. Құдалар жағы бұл үш қыздың үшеуіне де жорға мінгізіп қайтарған». («Батырдың зайыбы Балым туралы шындық» деген Нұрым Сейітұлының естелігінен, «Уәйіс би, Уәйіс болыс, Уәйіс батыр» кітабы, Алматы, 2007 жыл. 87-94 беттер, авторы Сәттібек Қорғанбеков). Ал, Балым сұлу Амангелдіге тұрмысқа шыққаннан соң аз ғана ғұмырында Амангелді мен Балымның арасында біршама жас алшақтығы бола тұра, текті жердің атақты найман Уәйіс бидің ұрпағы Балымның Амангелдіге деген махаббаты берік болды. Сүйкімді жар бола білді. Әттең, тағдырға не шара? Әкесі Садуақастың қауіпі расқа айналды. Балым тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылға толар толмастан Амангелді қапыда қаза тапты. Батырдың жары Балым 18-ге толмай аңырап жесір қалды. Балымның бұл аянышты қалін «Торғайдың топжарғаны», суырып салма, дүлдүл ақын Нұрхан Ахметбеков өзінің «Амангелді» поэмасында Балымның жоқтауын былай суреттейді. «Адасқан қаздай аңырап, Артыңда қалдау Балымың. Ашылмаған тояты, Жетілмеген қанаты, Ұяда қалды ау жаутаңдап, Рамазан мен Шәрібің». Не деген жан сезімін тербететін сөз. Міне, осындай Торғайдың «Жауыр торысы» атанған төкпе ақын, бір кездері «Амангелді» поэмасы үшін Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығын алған ақын Нұрхан Ахметбековтың осы поэмасында Амангелдімен бірге тарихтан өшіріп «жаназасын» қайта шығарып жатырмыз. Тіпті Кеңес Үкіметнің кезінде Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин туралы жазылған тарихи шығармалар мен өлеңдер кітапханалар қорынан алынып, не жойылып қалғанын келешекте шықпастай етіп, мықтап құлыптап әйгілі Лефортово түрмесінің жер төлесіне тығып жатқандай көрінеді маған. Амангелдінің атасы Иманнан атадан балаға оның үрім-бұтағына жалғасқан тектілік, батырлық Амангелдінің балаларына да дарыған. Амангелдінің Балымнан бұрынғы бірінші әйелінен Рамазан, Шәріп деген екі ұлы болғанын бұрын айтып кеттік. 1941-45 жылғы соғыс кезінде Амангелдінің үлкен ұлы Рамазан өзі сұранып, соғысқа барып ерлікпен қаза табады. Кезінде соғысқа қатысқан әскери журналист Жекен Жұмаханов деген кісі «Қаһарлы жылдардағы қазақ офицерлері» деген мақаласында Рамазан туралы былай дейді. «Қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың баласы Рамазан Амангелдин Псков облысы, Воронина деревнясының түбіндегі шайқаста бетпе-бет ұрыста 13 фашисті өлтіріп, ерлік өлімімен опат болды». («Түркістан» газеті, 23 мамыр, 2010 жыл). Ойды ой қозғайды осындайда ертеде дүниеден өткен, еліне сыйлы, халқына қадірлі, әділетті би, 1917 жылы Торғай уезінен Алаш съезіне делегат болып қатысқан, 1926 жылы 46 жасында бүкіл «Торы қыпшақты» күңірентіп, елі аза тұтқан Көтібардың Тоймағанбеті деген кісіге бір ақынның жоқтауынан бір шумақ өлеңін келтіре кетейін: Тұлпарсың тулап туған құлыныңнан, Сілкінсең от шығатын жұлыныңнан. Жеңісі дос-дұшпанның басылған жоқ, 46 жасқа келген ғұмырыңнан. Сол сияқты атақты Иманның немересі Амангелдінің бел баласы Рамазанның осы ерлігінің өзі келешек ұрпаққа тағылым емес пе?! Ал оның әкесі Амангелдіге тиісіп, «Ұры-қары, баукеспе, барымташы» деп мәңгілік тыныштықта жатқан батырдың аруағына тиісуіміздің жөні қалай болар екен, ағайын! «Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас» деген екен бұрынғылар. Сондай-ақ, ана дүниедегі аруақтар ғайбат сөзге назаланады, оны кешіре де алмайды. Ал Алланың пендесіне кешірімі мол. Сол себепті аруақты ренжітпегеніміз дұрыс шығар. Аян Нұрхановтың «Халық батыры» 1962 жылы шыққан. Тимофеев, Брайниннің «А.Иманов – вождь восстаниясы» 1939 жылы шыққан. З.Мұхамеджанов «Торғай комисарлары», Ғабит Мүсірепов «Батырдың биік тұлғасы» 1973 жылы шыққан. Жұмағұлов «Орлы гибнут в вышине» Әлиби Жангелдин «Дос туралы (Амангелді)». А.Елагин «Торғай қыраны». Шәріп Иманов «Атаның асыл мұрасы», А.Нұрқасымов «Амангелді Имановтың көтерілісшілер тобындағы әкімшілік және әскери басқару істері». Нұрхан Ахметбеков «Амангелді» поэмасы. К.Харламович «Восстания Тургайских казах-киргиз. 1916-1917 гг», Қызылорда, 1926 жылы шыққан. Байқадам Қаралдин «Торғай қазақтарының көтерілісіне 10 жыл». Міне, бұлар өзім кезінде оқыған Амангелді жайлы жазылған кітаптардың жүзден бірі болатын. Осы кітаптарды іздеп орталық кітапханаларға екі үш рет бардым. Амал не ол кітаптарды ешкімде білмейді, атын да естімепті. Біздің өткен тарихқа деген көзқарасымыздың сиқы осындай. Неге біз өткен тарихымыз туралы жазылған шығармаларды түп-тұқиянына дейін құртуға тиіспіз. Бұл мақаламда Амангелдінің Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі асқан ерлігін, батырлығын, қолбасшылығын, Торғай қаласына шабуыл жасаған кезде 50 мың сарбазды басқарғаны, одан кейін Татыр, Үрпек, Құмкөшу соғыстарына басшылық еткенін жазбадым. Амангелдінің ол ерліктерін халық кезінде бағалаған. Бұл жолғы айтарым –құр ауыз өзімдікі, демократияның түрі осындай деп ойымызға келгеннен тыйылайық-деген пікір. Қанша жамандаса да Амангелді Иманов, Әлиби Жангелдиндер - қазақ халықының тарихында өшпес орын алған ұлы тұлғалар. Олар халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Оларды тарихтан өшіріп тастау-ақымақтың ісі. Осыны бір ойлап қойғанымыз дұрыс шығар. Амангелді –ұры -қары, барымташы емес. Ол - өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шейіт болған айбынды ұлдарының бірі. Мақала әкем Қорған Әмірхамзаұлының "Елдің Қорғаны" атты кітабынан алынды! Пы.Сы.Айтқандай, «Кейкі батыр» фильмінде Амангелді батыр бейнесін көріп, оны ұр да жық деп түсінуге болады екен. Қазір адамдар кітап оқымайды, бір сағаттық фильмді қарап алып, ондағы бейне сондай екен деп қабылдауы мүмкін. Әрине, киноның аты кино ғой. Түріктердің «Сұлтан Сүлеймен» атты фильмі шыққан кезде, ол фильмге 70 000 шағым түсіпті, әрине дұрыс та шығар, бірақ кино адамды тәрбиелейтінін тағы да ұмытпайық. Ал, Кейкі болсын, Амангелді болсын Голливудтың фильмдеріндегі қолдан жасалған батырлар емес, өмірдегі шыйыны, өз ғұмырларын азаттық үшін құрбан қылған батырлар ғой! Соны ұмытпайықшы! Фотоға түсірген Әлия Ахмалишева ханым!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a7ac8c9ec9ec74fceee5eb08e2f803.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e31c9c269dba0c1796f197fcd716fb.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a76ed200a241a3f92d46b3781f0e43.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/733adf992a144b26bc5e0a48f9d5e2.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/62728cd57a26cb6211c1f53d977ab2.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3daa15b6d981050f27fcbec4b11e6a.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/95c88758668f9eb8a0b76c734e1617.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/352198a37b67a8c87b3a048ac3014f.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/0828e54ae1e0f7902f9a2586ce8abc.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3a26540e460f784fd0efd9238d5c22.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d30b011ba3a57e2b107b65bae3664c.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d6841543de95dc5b01cd6b7639cb8c.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b8d3c1f650f4b555728ad965add9b6.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ef3d13e3b8755628929353cf87f0f7.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c8bfd714ec0cf29e59dc32ee109806.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/78ab8eeeb9f03e7388278559892d57.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/1bbf477975c784df1928303a9cae15.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ae0ceec678b4e26bbeac44b4377d7c.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/5bc2002a4b1169ef3b6fd8f5bb9d94.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e29ffa170048863b80d9bc26e14b8e.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3777173204049749bea1d74b263e0c.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/40dfa88a41a6f078be937849ef004e.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7b9ecd215f87d721a92db09a783595.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c275079184c427910034f9edf0720a.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/5f3ac25dd996d65ca6f60bafb5f0f5.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/94f960ed71bcfd6d7c7bf71aae6ddb.png)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/esti-el-erlerin-dattamaydy-836955](https://yvision.kz/kk/post/esti-el-erlerin-dattamaydy-836955)