---
title: "«Есірткісіз өмір ғажайып» — әр ұлтты жастардың басын біріктірді"
description: "Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен..."
author: "dvdkzokz"
published: "2015-04-21T00:57:49+00:00"
modified: "2015-04-21T00:57:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/esirtkisiz-mir-azhayyp-r-ltty-zhastardy-basyn-biriktirdi-493006"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/esirtkisiz-mir-azhayyp-r-ltty-zhastardy-basyn-biriktirdi-493006/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Есірткісіз өмір ғажайып» — әр ұлтты жастардың басын біріктірді

> Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен...

Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен есірткіден азат қоғамды қалыптастыру, жастар арасында саламатты және салауатты өмір салтын насихаттау, бүкіләлемдік зұлматқа айналып отырған дерттің кең етек алуын болдырмауды мақсат ете отырып 10-ға жуық өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...» тақырыбында эссе жазудан шығармашылық байқау, «Берік отбасы есірткіден алыс!» деген ұранымен черлидинг спорттық би түрінен сайыс, «Есірткісіз өмір ғажайып!» тақырыбында үздік бейнеклиптер сайысы, КТК (КВН) байқауы өткізілді.

1500-ден аса мектеп оқушылары мен студент жастарды тапқырлық және шығармашылық тұрғысында бақ сынастырған байқауға Қазалы ауданынан Рашид Рамиль, Сырдария ауданынан Раджапқызы Әсел, Қызылорда қаласы №217 мектеп оқушысы Магадан Азизмахмуд, Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушысы Юлдашев Ринат пен Тен Денис сынды өзге ұлт өкілдері де қатысты.

Айта кетерлік жайт, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның 21-ші отырысында «2015жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялаған болатын. Айтулы меретойлық дата қарсаңында осындай іс-шараның өткізілуі – құқықтық мемлекетімізде бірлік пен татулықтың, ұйыған ынтымақтың сақталуына ықпал ететіні сөзсіз. Барлық қатысушылар есірткі заттарының қоғамға әкелетін зияны жайлы өзіндік пікірлерін, азаматтық көзқарастарын білдіре отырып, өз жұмыстарына шығармашылықпен қарай білді.

Бүгін, яғни сәуір айының 21 жұлдызында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қасиетті қазақ өлкесіне сан түрлі тағдыр жазуымен қоныс тепкен өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіруді мақсатының бірі еткен байқаудың қорытындысы белгілі болып, үздік деп танылған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Үздік деп танылған қатысушылар Қызылорда ОІІД-нің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

**Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/esirtkisiz-mir-azhayyp-r-ltty-zhastardy-basyn-biriktirdi-493006](https://yvision.kz/kk/post/esirtkisiz-mir-azhayyp-r-ltty-zhastardy-basyn-biriktirdi-493006)