---
title: "Есірткіге елірген теңіз жануарлары"
description: "Бразилия жағалауларындағы акулалардың ағзасынан кокаин табылған. Көрнекі фото: Emin Sansar/Anadolu Agency Ғалымдар Рио-де-Жанейроға жақын маңда ұст..."
author: "jan.123"
published: "2024-07-24T07:13:10+00:00"
modified: "2024-07-24T07:13:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/esirtkige-elirgen-teniz-zhanuarlary-1006575"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/esirtkige-elirgen-teniz-zhanuarlary-1006575/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Есірткіге елірген теңіз жануарлары

> Бразилия жағалауларындағы акулалардың ағзасынан кокаин табылған. Көрнекі фото: Emin Sansar/Anadolu Agency Ғалымдар Рио-де-Жанейроға жақын маңда ұст...

*Бразилия жағалауларындағы акулалардың ағзасынан кокаин табылған.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/5847261f96196d4e91003a93257aa969.jpg?width=1120&height=630) *Көрнекі фото: Emin Sansar/Anadolu Agency*

Ғалымдар Рио-де-Жанейроға жақын маңда ұстап алынған 13 сүйіртұмсық акуланың тініне биохимиялық зерттеу жүргізді. Сөйтіп, олардың бұлшық еті мен бауырында көп мөлшерде кокаин бары анықталған.

Негізі, осы есірткі мен басқа да психиканы қуаттандырғыш заттардың қалдықтары теңіз жануарларының ағзасынан бұрындары да табылған еді. Бірақ бұл жолғысы тым өзгеше болып тұр. Яғни бүгінгі көрсеткіш бұрынғысынан жүз есе дерлік асып түскен.

Судағы алып тіршілік иелерінің елірткіш затты қалай «қабылдағанына» қатысты түрлі болжам бар. Сарапшылардың ойынша, кокаин Атлант мұхитына не оны жасайтын астыртын зертханалардың кәріз жүйесі арқылы, не соны тұтынатын адамдардың нәжісімен келеді.

Сондай-ақ ол контрабандашылардың суда жоғалтқан немесе полицияны көріп, лақтыра салған кокаин толы қапшықтарынан таралуы да мүмкін. Алайда, неге екені, мамандар бұл болжамға аса сенімді емес.

Тағы бір айта кетерлік жайт, зерттеу үшін ауланған теңіз жануарларының ұрғашыларының бәрі балалайын деп жүргендер екен. Ал іштегі ұрыққа есірткінің әсері қаншалықты екені белгісіз. Сонымен қатар енді елірткіш заттың акулалардың өздерінің іс-әрекеті мен психикасына қалай әсер ететінін де анықтау керек болып тұр. Негізі, оның жан-жануарды да адам сияқты еліртіп тастайтынын бұрынғы зерттеулер көрсеткен.

Айта кетейік, кокаин «қабылдаған» акулалар өткен жылы да шілдеде АҚШ-тағы Флорида штатының жағалауларынан табылған болатын.

Дереккөз: [BBC](https://www.bbc.com/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/esirtkige-elirgen-teniz-zhanuarlary-1006575](https://yvision.kz/kk/post/esirtkige-elirgen-teniz-zhanuarlary-1006575)