---
title: "Error: «Қазақы келбет not found»..."
description: "Алдымен, сонша қағілездікті талап етпейтін ойша тәжірибе. Еуропеид келбетті, айталық орыс баланың - ..."
author: "korerman"
published: "2013-08-05T05:49:34+00:00"
modified: "2013-08-17T12:07:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/error-aza-y-kelbet-not-found-366719"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/error-aza-y-kelbet-not-found-366719/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Error: «Қазақы келбет not found»...

> Алдымен, сонша қағілездікті талап етпейтін ойша тәжірибе. Еуропеид келбетті, айталық орыс баланың - ...

Алдымен, сонша қағілездікті талап етпейтін ойша тәжірибе. Еуропеид келбетті, айталық орыс баланың - ауылдың ішінде келе жатқан салт аттыға:
- Ассалаумағалейкүм, ата!

- деп,алдынан жүгіріп шыққанын елестетіңізші.

Елестетудің өзі оғаштау көрінді ме? Әрине. Шартты қабылдау аппаратымыз сөзге сәйкесінше келбет талап етеді. Сондықтан ба, Кеннедиді ешқашан қаранәсілді сомдамайды, диюлардың ақырғанын - фальцет дауыс иесіне салғызбайды.

Бірақ қазақтілді мультимедиалық материалдар жұтаң болғандықтан, соңғы онжылдықта "икемдегіш" дизайнерлер Интернетте не кездессе - соны ала беретін болғаны рас. Мысалы, мектеп баласының әкесі ретінде, көптеген мектептердің сынып бөлмесіндегі стендтердің көбісінде мына сурет тұрғанына кепілдік беремін:

![Қазақ мұғалім not found...](http://storage.yvision.kz/images/user/korerman/HYqi2a6mX1NeuGdHh859a1SJ7thRnN.png)

Иә - еліміздің екі түкіпірінде орналасқан, бірі бірімен байланысы жоқ екі мектепте тап осы "апай" мұғалиманы "сомдайды". Себебі, Интернеттен көшіре салатын "дизайнерлердің" таба алатыны жалғыз осы. Бұған қоса, балғындарға арналған кітаптарда қазақтың "рөлін" - неміс, ағылшын, француз балалардың сомдап жүргелі қашан! Қызық: егер мәтінді көрмесең, орысша кітап деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін.

Осы орайда қызық ой келеді. Сондай "икемдегіш" дизайнерлер неліктен ғана "Балапан" арнасының кейіпкерлерін алмайды екен? Бүлдіршіндер жүзтаныс боп, бауыр басып қалған кейіпкерлерін көріп ырза болатынына сенімдімін. Аяжан мен Елдосты, Санжар мен Қайсарды, одан қалды - Алдар көсе мен ондағы құжынаған кейіпкерлер, стенд жасауға әбден жарағаны былай тұрсын, бүлдіршіндердің назарын кәдімгідей аударады. Егер бұл есімдер сізге ештеңе айтпаса, қап-қап-қап, неткен қиянат - балаларыңызға "Балапан" арнасын көрсетпейтін болғаныңыз :) .

Мұны әсіре ұлтжандылыққа, оңшылдыққа балап қалмаңыздар. Шынымен, жүрдім-бардым жасалған көрнекі құралдар ашуыңды келтіреді-ақ. Мұны даңғаза десеңіз, мен сізге Наполеонның монологын оқып берейін. Еш гримсіз. Келбет пен мінездің сәйкессіздігінен шошып кетуіңіз әбден мүмкін :) .

Жалпы, балдырғандарға жаңа не бар деп, елегізіп жүретіндерге - сол арнаның [твит-парағы](https://twitter.com/BalapanTV) әбден пайдалы екеніне бір нұсқап өтейін әңгіме аяғында.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/error-aza-y-kelbet-not-found-366719](https://yvision.kz/kk/post/error-aza-y-kelbet-not-found-366719)