---
title: "Ерен еңбек естен кетпес"
description: "Кеңес билігінің дегені болып, айтқаны келіп тұрған тұста саясатқа қарсы шығып, дұшпанын «менмұндалап..."
author: "usergoogle106352248460091562861"
published: "2020-10-04T03:56:43+00:00"
modified: "2020-10-04T15:13:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/eren-e-bek-esten-ketpes-867884"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/eren-e-bek-esten-ketpes-867884/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ерен еңбек естен кетпес

> Кеңес билігінің дегені болып, айтқаны келіп тұрған тұста саясатқа қарсы шығып, дұшпанын «менмұндалап...

Кеңес билігінің дегені болып, айтқаны келіп тұрған тұста саясатқа қарсы шығып, дұшпанын «менмұндалап» шақырса да, шырылдап шындығын айтқан адам болмады деуге дәтіміз бармайды. Ондай елжанды азаматтардың үні тың игеру науқаны басталмай тұрғанда да, жүзеге асырылып жатқанда да, нәтижесі көрініп, залалы тигенде де шыққан еді. Үні шыққан да болар, биліктің құлағына жеткен де болар, бірақ тыңдалмаған сөз жетім емес пе...

Тек уақыт көші ілгері жылжып, тарих толқындары толағай толқулар жасап, абат даламызға азаттық қайта келгенде ғана көптеген түйткілді мәселелер талқыға түсіп, қателіктер мойындалып, олқылықтардың орнын толтыруға әрекеттер жасалына бастады. Әсіресе, тың игеру зардаптары қатты уайым туғызып, ел ағалары, ұлт жанашырлары бұл проблемаға ден қойған-ды.

Бірақ, 36 жыл бойы тек жерге ғана емес, елдегі ауыл шаруашылығы, экология, экономика және т.б. салаларға тигізген тың игерудің зор залалын жіпке тізгендей етіп жазып, дерекпен әшкере етіп халықтың көзін ашқан азамат – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, профессор, өнертанушы Камал Сейтжанұлы Смайылов болатын. Ол жердің эрозияға ұшырап, құнары кеткендігін былай қойғанда, тұқымдық дәннің бекер жұмсалғандығын, климаттық жағынан қолайсыз аймақтарда жерге егін егу дегеннің бос әурешілік екендігін, мал басының азаюына жем-шөптің жетіспеуі себеп болатындығын, Қазақстанның солтүстік аймақтарының шығынға батып жатқандығын ашып айтты. Тың игерудің нәтижесіз болуын ауа-райынан көріп жүрген аңқаулығымызды қойып, бұның барлығын шұғыл тоқтату керектігін өзінің 1992 жылы жарық көрген «Жолданбаған 27 хат» атты кітабына енген «Ғалым Мехлис Сүлейменовке хат» атты естеліктен эссеге ұласқан шығармасында жазды.

1932 жылы әрбір мың нәрестенің біреуі ғана тірі қалатыны туралы дерек жазған Шерхан Мұртазаның айтуы бойынша, сол мыңның бірі Камал Смайылов болатын. Жүрегі ақ, жақынға да, жатқа да қайырымы мол, көңілі кең адам болған деседі. Оның ақылына, зеректілігіне жұрт сүйсініп, замандастары есте сақтау қабілетіне, терең ойлау, деректерді сараптау, ойды көркемдеп қағазға түсіру сияқты қасиеттеріне қайран қалады екен. Асқан интеллектуалдығынан бөлек, Камал Смайылов үш мәрте Парламент депутаты болған саясаткер де еді. Ол – елім деп еңбек етіп, жерім деп жанын қиюға даяр зиялы азаматтардың бірі болатын.

Сол еңбектің көрінісі – елге тиген кеселдің нүктесін қоюға тырысып, тың игеру жылдарының соқтырған салдарын тереңірек зерттеуге шақырғандығы. Камал Смайылов бұл мәселеге баса назар аударып, шешілмей табандап тұрған істерді өз қолына алудан тайсалмаған ұлттың біртуар азаматы болғандығын ұмытпағанымыз жөн.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/eren-e-bek-esten-ketpes-867884](https://yvision.kz/kk/post/eren-e-bek-esten-ketpes-867884)