---
title: "Ерекше білімді қажет ететін балалар"
description: "Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған білім беру жүйесі қандай? Оларға қарапайым балалар си..."
author: "Ansat Duisengali "
published: "2021-12-11T07:04:54+00:00"
modified: "2021-12-11T07:05:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/erekshe-bilimdi-azhet-etetin-balalar-955511"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/erekshe-bilimdi-azhet-etetin-balalar-955511/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ерекше білімді қажет ететін балалар

> Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған білім беру жүйесі қандай? Оларға қарапайым балалар си...

Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған білім беру жүйесі қандай? Оларға қарапайым балалар сияқты толыққанды білім алуға мүмкіндік бар ма?

Ерекше білімді қажет ететін балаларды оқыту «инклюзивті білім беру» деп аталады. «Инклюзивті білім беру» жүйесі елімізге 2006 жылы енгізілді. Инклюзивті білім балалардың жынысына, жасына, физикалық және психикалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға және өз әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін білім беру жүйесі.

Инклюзивті оқытудың негізгі принциптері:

1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.

2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.

3. Әрбір адам қарым - қатынасқа құқылы.

4. Барлық адам бір - біріне қажет.

5. Білім шынайы қарым - қатынас шеңберінде жүзеге асады.

6. Барлық адамдар құрбы - құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.

7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету - өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.

8. Жан - жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.

Инклюзивті білім беру пайдалы дегенімізбен, даун синдромымен дүниеге келген балалардың аналары көбіне бұл жүйеге қарсы. Олардың айтуынша бала сау ортада өзін соған сай ұстайды. Жанындағы балаларға қарап бой түзейді. Ал коррекциялық мектепке баратын болса қоғамнан оқшауланып, дамуы тежеле ме деп қорқады.

Иа, кейбір елдерде коррекциялық мектеп деген атымен жоқ. Ерекше білімді қажет ететін балалар ел қатарлы қарапайым мектепке барып білім алады.

Біздің елімізде қарапайым мектептің ішінде коррекциялық мектеп бірнеше жылдар бұрын ашылған. Сол уақытта коррекциялық білімді қажет ететін оқушылармен бірге оқыған Ажар есімді студент ол балалармен бір сыныпта, бір партада оқудың қиынғат соққанын айтады.

- Біздің мектепте бұрыннан коррекциялық сынып деген болған. Сол сыныпта тек қандай да бір мүгедектігі бар не ой-өрісі қалыпты түрде дамымаған, үлгерімі төмен балалар оқитын. Біз кәдімгі сыныпта оқыдық. Бірақ сыныптан сыныпқа көшкен сайын біздің сыныптағы 2-3 баланың қылықтары орынсыз екені байқала бастады. Сабақ оқымайтыны өз алдына, сұраққа жауап бере алмайтын, сөйлемнің басын құрап айта алмайтын, мінезі ауырлау, қылықтары оғаш келетін. Ол балалардың науқас екенін, психологиялық, психиатриялық көмекке зәру екенін бастауыш сынып бітірерде бір-ақ білдік. Себебі өскен сайын ушыға берді жағдайлары. Ол балаларды үлгерімі жақсарсын, оқысын деп сыныптың озат оқушыларымен бірге отырғызатын. Міне, сол оқушылардың бірі мен едім. Қасыңдағы адам айтқаныңды тыңдамақ түгілі жаныңда отырып түкіріп, неше түрлі қылық көрсетіп отырса шыдау мүмкін емес екен. Мен жылап, ол баламен отырғым келмейтінін айтатынмын. Сөйтіп, сол оқушылардың ата-анасын шақыртып, балаларының коррекциялық сыныпқа ауыстырылатынын директор хабарлады. Коррекциялық сыныпта көп болса 4-5 оқушы болады. Кейбір оқушылардың ата-анасы жағдайды түсінсе, кейбірінікі қатты шүйлігіп, қарсы болып, баласының сау екенін айтып бәйек болатын. Біз оларды шеттетпейтінбіз, дөрекі сөйлеп, итеріп, сөкпейтін едік. Бірақ кішкентай балалар сондай жайттарға тап болса және ата-аналары, мұғалімдері қасында болмаса, әрине, өзін қалай ұстайтыны белгісіз. Шыдамсыздық танытып, зекіп, ұрсып жіберетін оқушылар да бар еді бізде, - дейді Ажар.

Және 2017 жылы да қарапайым мектептің ішінен ашылған инклюзивті білім беру бөлімі бар. Мамандардың айтуы бойынша балалар дені сау балаларды көріп жүрсе, өмірге деген, қоғамға деген сүйіспеншілігі арта түседі. Қоғамдық ортада ашылуы ұлғаяды. Осы тұрғыда арнайы коррекциялық білім беруді меңгермесе де, сол балаларға сабақ беріп жүрген ұстаздан пікір алдық. Ол кісі балаларға сабақ беру қаншалықты қиын және өз балаңызды ана ретінде сол балалармен бірге оқытасыз ба деген сауалымызға жауап берді.

- Қазіргі таңдағы білім беру жүйесінде ерекше білімді қажет ететін балаларды қарапайым балаларды жалпы мектепте оқытуға рұқсат етілген. Яғни бұл жерде бұны балалардың ерекшелігі деп қабылдауға болады. Қазіргі таңда мен өзім сабақ беретін 8-сыныпта осындай ерекше білімді қажет ететін оқушы бар. Ол оқушының диагнозы «жеңіл ой қабілетінің жетіспеушілігі» болып табылады. Ол бала жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбында басқа балалармен бірге білім алуда. Енді бұл балаға мен сабақ сабақты 5-сыныптан бастап беріп келе жатырмын. Аса көп қиындық тудырмайды. Бірақ ең алғаш рет бастауыш сыныптан өтіп бесінші сыныпқа келген кезде қиындықтар кездесті. Ол қиындықтарды атап өтетін болсам, баланың ойы тұрақсыз, зейіні тұрақсыз. Тіпті бала партада 45 минут отыруға шыдамайтын болды. Орнынан тұрып жүріп кететін болды. Тіпті сыныптан шығып кететін болды. Қасындағы оқушыға тыным бермейтін. Бірақ бірте-бірте бала қалыпқа түсті. Әрине бүгінде баланың оқуы, жазуы басқа балаларға қарағанда қалыс қалып отыр. Өйткені біз ол баланы басқа бағдарламамен оқытып отырмыз. Басқа балаларға қарағанда олардың тапсырмалары жеңіл, қарапайым болып келеді. Бірақ соған қарамастан бала қазір берілген тапсырманы көшіріп жазуды, әріптерді түгел таниды, ежігтеп оқиды, буынға бөліп, сөздердің басын құрай алады. оқып берген мәтінді тыңдап, сұрақ қойған кезде сұраққа дәл, анық, нақты жауап бере алады. Енді мен ол балаларды ана ретінде өз баламмен бірге оқымасын деп айта алмаймын. Ол балалар да жаратылыстың бір құбылысы. Ол балалардың басында қиындық бар. Сондықтан оларға басқа балаларға қараған сияқты көзқараста болуымыз керек. Қоғамнан, ортадан алшақтатпай, керісінше бауырымызға тартып, оларды ортаға бейімдеуіміз керек. Олардың болашағынан үміт күтуге болады. Себебі ол балалар да әрбір отбасының бір мүшесі. Сондықтан оларға өз балаларымызға қарағандай қарауымыз керек деп ойлаймын, - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Асқарқызы.

Салтанат Асқарқызының берген жауабынан баланы бастауыш сыныпта оқыту қиынға соғатынын түсіндік. Ал орта сыныпқа ауысқаннан кейін дамуы жетіліп, ортаға бейімдеу оңайға соғады.

Бүгінде бойында ерекшелігі бар балаларды оқытатын қазақша оқулықтар жоқтың қасы. Балалармен жұмыс жасайтын арнайы мамандар ағылшын тіліндегі оқулықты оқып, оны қазақша оқытуға тырысып жүр.

Ерекше білімді қажет ететін балалардың арнайы мамандардан білім алғаны дұрыс. Өйткені бұл олардың тез жетілуіне септігін тигізеді. Ал денсаулығы жақсарғаннан кейін қарапайым мектепке ауысып, сол жерден білім алуына да болады. Бұл баланың қоғаммен қатар дамуына деген бірден-бір жолы болып есептеледі.

Сіз кішкентай сәбиді ауаға лақтырған кезде ол күледі, себебі ол сіздің ұстап алатыныңызды біледі. Бұл – сенім. Біз атап өткен балалар да қоршаған ортаға күліп қарайды. Өйткені олар айналасын қоршаған жақсы жандарға сенеді!

Еркесту: пікір білдіргендердің есімі ақпаратты жариялау саясатына байланысты өзгертіліп берілді!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/erekshe-bilimdi-azhet-etetin-balalar-955511](https://yvision.kz/kk/post/erekshe-bilimdi-azhet-etetin-balalar-955511)