---
title: "Енді өзгертпесе болмас: Qazaqstan?!"
description: "Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ел атауын ағылшын тілінде Kazakhstan емес, \"q\" әріпіме..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2016-11-13T23:15:49+00:00"
modified: "2016-11-13T23:15:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/endi-zgertpese-bolmas-qazaqstan-725489"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/endi-zgertpese-bolmas-qazaqstan-725489/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Енді өзгертпесе болмас: Qazaqstan?!

> Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ел атауын ағылшын тілінде Kazakhstan емес, "q" әріпіме...

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ел атауын ағылшын тілінде Kazakhstan емес, "q" әріпімен Qazaqstan деп жазу туралы ұсынысы бұрын да біраз талқыға салынған бұл мәселеге тағы да қоғам назарын аудартты.

Мемлекеттің аты шет тілінде дұрыс жазылу керектігіне ешкім күмән келтірмес, алайда **бұл мәселенің дәл осы кезеңде тағы да "жаңалық" бола қалғанын мен түсінбедім**.

Ел атын басқа тілде дұрыс жазсақ, еліміздің ұлттық негізі дұрыс көрсетіледі, болашығымыз жарқын болады және т.с.с. дәйектерді де сөзсіз қабылдауға асықпадым.

**Мен үшін ең маңыздысы - еліміз атын ең алдымен қазақ тілінде дұрыс жазу**, жалпы елдің тарихы мен бүгінгісіне, мәдениетіне, саясатына және басқа да салаларына қатысты барлық мәтіндердің бізді қоршаған ақпараттық кеңістікте қатесіз жазылуы, айтылуы, кеңінен қолданылуы.

*О баста дұрыс жазылмады, тіл мамандарының ақыл-кеңесіне жүгінбедік, содан 25 жыл бойы мемлекетіміздің атын ағылшынша дұрыс жазылуы мәселесін егжей-тегжей талдап, дұрыс нұсқаны енгізуді осы 2016 жылы ұсынбасқа болмайды, Kazakhstan деп жазу нұсқасын бұдан былай қолдануға болмайды деп санаймыз, өйткені*...дегендей болмады ғой.

Керісінше, еш жағымсыз салдары жоқ, есесіне тек жақсылықтың нышаны деген сипаттағы ұсыныс болған сияқты.

Осыған байланысты төмендегідей мысалдар мен естеліктер еріксіз ойыма келді:

- бұрын Англияда оқыған бір әріптесім және Жапония университетінде сабақ берген басқа бір әріптесім сол аталған елдерде оқитын қытайлық студенттердің өздеріне жиі батыстық үлгідегі жаңа аттар таңдап алатын әдетін, ал кейбір қыздардың өз аттарын бір емес, бірнеше рет ауыстыратынын (мәселен бүгін Элис болса, ертең өзін Джейн деп атауды өтінетінін) айтып еді.

Бұл басқа елдердегі қытайлық жастар арасында да кең тараған үрдіс екен. Бір жағынан ағылшын тілділердің дәстүрлі қытайлық аттарды есте сақтап, дауыстап айтуда қиналмауы үшін, ал екінші жағынан батыстық қоғам өміріне тезірек үйреніп кірігу, сондай-ақ қарапайым еліктеу мақсатында жасалады екен;

- орыс және ағылшын тілдеріне синхронды аударма ісінің шебері, белгілі американдық аудармашы А.Фалалеевтің айтуынша, аударма жасаған іс-шараға үндіс тайпаларының немесе Украинаның өкілдері қатысқан кезде тиісті ел/жер атауларын дұрыс аудару-аудармау төңірегінде келіспеушілік пен даулы жағдайлардың туындау мүмкіндігі арта түседі. Солтүстік Американың байырғы халықтары болып табылатын үндіс тайпаларына қатысты ағылшын тілінде уақыт өте келе бірнеше рет өзгертілген түрлі атаулар қолданылады екен, алдын ала оқып-біліп алмаса, аудармашының жаңылысып қалып, үндістердің наразылығын тудыруы ғажап емес.

Украинаға келетін болсақ, кезінде бұл елдің атын ағылшын тілінде жазғанда оның алдына the артиклін қою керек пе, әлде керек емес пе деген (Ukraine/the Ukraine) сұраққа қатысты біраз пікірталас болған, ал орыс тілінде ел атауы алдына қойылатын көмекші сөздер (в Украину/на Украину) турасындағы «ескі дауды» өздеріңіз де жақсы білетін шығарсыз. **Қазақстан да аудармашылар ерекше сақтық танытатын осындай атаулардың біріне айналып кетпесе екен ғой**;

- Қазақстанның **Біріккен Ұлттар Ұйымындағы** тұңғыш елшісі болған Ақмарал Арыстанбекова өзінің "Біріккен Ұлттар және Қазақстан" атты еңбегінде шетелдіктердің одан *мемлекетіңіздің ағылшынша атауынан алдымен "һ" әріпін алып тастап, кейін неге қайта қостыңыздар* деген сұрақтарына мардымды жауап бере алмағаны туралы естелігімен бөліседі: Қазақстан 1992 жылы БҰҰ мүшелігіне қабылданғанда ел аты ағылшынша **Kazakhstan** деп жазылған, ал үш жылдан соң республикалық ономастикалық комиссия "һ" әріпін тастап кетіп, мемлекет атын енді **Kazakstan** деп жазу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді сонда елдің қазақша аталуындағы "қ" әріпін беруге деген ұмтылыспен түсіндірген екен ("қ" дыбысы ағылшын тілінде "q" әріпімен таңбаланатынын білген-білмегені, тиісті мамандармен ақылдасқан-ақылдаспағаны белгісіз).

Мемлекеттің атына "һ" әріпінің қайтадан қосылып жазылатынын біздің БҰҰ-дағы елші Сыртқы істер министрлігінен емес, 1997 жылы аталған ұйымның арнайы сессиясына қатысу үшін Н.Назарбаев бастап келген делегация мүшелерінен естіген. Сессия басталатын күні қазақстандық делегация отыратын үстелге жаңадан Kazakhstan деген жазуы бар тақтайшаны жасатып орнату үшін БҰҰ-дағы дипломаттарымыз біраз әбігер болған екен. Сөйтіп, 1990-шы жылдары мемлекетіміздің аты екі рет өзгертілген, мұндай жағдай орын алған кезде үстелге орнатылатын тақтайшаға ғана емес, сонымен қатар БҰҰ жүйесінде ресми пайдаланылатын атластар мен карталарға да тиісті өзгертулерді бірнеше рет енгізуге тура келеді.

Елдің ағылшын тіліндегі аты осымен үшінші рет өзгере ме екен...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/endi-zgertpese-bolmas-qazaqstan-725489](https://yvision.kz/kk/post/endi-zgertpese-bolmas-qazaqstan-725489)